5.03.2019, 9:42
Қараулар: 618
Дәстүрлі ән думаны

Дәстүрлі ән думаны

«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, бүгінде тыңдаушы талғамына сай келетін әндер некенсаяқ. Сахнаны жаулап алған мәнмағынасыз туындылардан шаршаған халық әншілерден жүрекке жылы, ойлы, құлаққа жағымды ән күтеді. Өйткені сөзі келіссе, сазы сүйкімсіз, сазы жақсы бола тұрып, түпкі мәні бұлдыр туындылар ел-жұртты әбден ығыр қылып бітті. Осындайда қай уақытта болмасын маңызын, әсерін жоймайтын дәстүрлі ән-жырдың орны ерекше. Сезім қылын шертетін өміршең шығармаларды тыңдаған жас ұрпақ үшін тәлім-тәрбиенің көзі осы ғой.

Чапаевта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық
мақалаларын кеңінен насихаттау мақсатында және ҚР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің 110 жылдығына арналып облысымызға өнер сапарымен келген «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың бас жүлдегері, Атырау облыстық Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайрат Кәкімовтің концерті дәстүрлі мәдениетіміздің жұлдызын жарқыратты.

Бүкіл қазақ даласын әнге бөлеп, дәру дауысымен тамылжытқан Ғарекең сияқты тума таланттың есімі жұрт жүрегінің төрінде. Оның құлақ құрышын қандырған ерекше үні талайдың санасында жаңғырып тұр. Ұлы Мұхит Мерәліұлының шәкірттері Шынтас пен Шайқыдан дәріс алған дара дарын төрткүл дүниенің талай елдерінде болып, ұлттық музыкамыздың байлығын паш еткен ерен тұлға екені мәлім. Міне, «Әсем әні асқақтап» деп аталған кеште бабадан мирас болып қалған ән-термеге сусаған халық тапжылмай отырып концерт көрді. Дәстүрлі әнші ретінде даңқы алысқа кеткен Қ.Кәкімов бүгінде Батыс ән мектебінің белді өкілі, Ғарифолла Құрманғалиев сынды біртуарларды насихаттаушылардың бірегейі ретінде өнер сапарында желкен керіп келеді. Дауыс ерекшелігімен, репертуарындағы ән қорының молдығымен аты  шыққан дарабоздың бұл өнер сапары жұртқа асқақ рух сыйлады.

1976 жылы облысымыздың Сырым ауданы, Өлеңті ауылында дүниеге келген ол жастайынан ән өнеріне машықтанады. Дәстүрлі әннің қыр-сырына үңіле түсіп, осы жолда биік белестерді бағындыруға әу бастан бел байлаған. 1993 жылы Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка колледжінің Мұхит класына оқуға түсіп, осында «Қазақтың Қатимолласынан» – Қатимолла Бердіғалиевтен дәріс алды. 1997 жылы Атырау облысындағы Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптары оркестріне әнші-термеші болып қызметке орналасады.

Міне, содан бері өнердегі сапары сәтімен жалғасып келеді. Жеткен жетістіктері де көңіл қуантарлық. 1990 жылы ҚР халық әртісі Ғ.Құрманғалиевке арналған республикалық ән байқауында бас жүлде алды, 1998 жылы республикалық І «Шабыт» фестивалінде
лауреат атанды. 2001 жылы ІV халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде, 2006  жылы Мұхит Мерәліұлы атындағы республикалық ән байқауында, 2009 жылы Ғ.Құрманғалиевке арналған «Жез таңдай, күміс көмей ән еркесі» атты ІІІ республикалық байқауда – осының бәрінде бас жүлде иеленді. Өнер әлемінде шабытын шыңдап, үдеген үстіне үдей түскен Қайрат
Сайлауұлы – 2010 жылғы республикалық ән фестивалінің «Алтын домбыра» сыйлығы иегері, 2012 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Батыс ән мектебін насихаттап, зерделеп жүрген ол 2016 жылы «Қазақтың дәстүрлі әндері» атты 132 туындыдан құралған жинақ шығарып, алты үн таспаға бастырды.

Талант иесіне ақжайықтықтардың құрмет-ықыласы ерекше болды. Қазақтың қасиетті домбырасымен сахнаға көтерілген ол керемет
кештің беташарын Нұрпейіс Байғаниннің сөзіне жазылған Ғарифолла Құрманғалиевтің «Еңбек туралы» термесімен бастады. Елді жаман әдеттерден  ада болуға шақырып, еңбекке үндеген бұл терменің тәрбиелік мәні зор. Қайраттың дауысымен әуелеген туындының Ақжайықтың аспанында қалықтап, баршаны еңбекке, бірлікке үндеген әсеріне бөлендік.

Киелі сахна төрінен өзінің жанды дауысымен ешқандай боямасыз, техникалық сүйемелдеусіз таза орындайтын талант иесі қай әнді шырқаса да, жетер жеріне жеткізіп әуелетті. Сондай-ақ кеш иесінің шашбауын көтере келген атыраулық жастардан құралған, Бауыржан Ақтаев жетекшілік ететін «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуі де сәтті шықты. Түрлі аспаптардан төгілген күйлерге тамсандық. Олар «Қайран елім», «Әгугай» сынды халық әндерін де тамылжыта орындады.

Қ.Кәкімов кеш барасында көп айтыла бермейтін шығармаларды да шырқады. Бұл оның қазақтың бай музыкасына терең бойлаған
ізденімпаздығынан сөзсіз хабар береді. Қанапияның әні «Қанапия», сондай-ақ «Шымыр», «Елу үш қыз», «Қыз Жаңғақ» сынды халық әндерін, Досат атаның «Босмойын», Ғарекеңнің «Жас өмір» атты туындыларын әуелетіп, бабалар қалдырған ғибраттың қуатын әйгіледі.

Қайраттың отбасы да өнерден жырақ емес. Мысалы, қызы Бақтоты Кәкімова әке жолын қуып, дәстүрлі ән,терме айтып жүрген үздік өнерпаздардың қатарында. Бүгінде Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның әншісі болып табылатын
ол ән өнерінде жан-жақты ізденіп келеді. Кеште Бақтоты Қайратқызы «Қарайкөзім», «Хәләулім-ай», басқа да халық әндерін шырқады.

Ізбасар тәрбиелеу қандай ғанибет дейсің. Қ.Кәкімовтің де шәкірттері баршылық. Дейтұрғанмен, жанына ертіп, халыққа танытып жүрген республикалық байқауларының жеңімпазы Берік Амантаевтың орны тіптен бөлек. Сырнайын қолына алып, сызылтып ән
салғанда, бойыңды ерекше бір сезім билейді. Ол сахна төрінен Бораштың әні «Дауылпазды», Ғарифолланың әні «Есімдені» орындады.

Ауданымыздың атын алысқа танытып жүрген, көптеген ірі байқаудың жеңімпазы, дәстүрлі әнші Данияр Елеуов Артықпайдың «Жем бойлап» әнін қалықтата шырқап, Қайрат ағасына үн қосты.

Иә, ақжайықтықтарды ерекше толқытқан айтулы ән кеші көтеріңкі көңіл күй, рух, айбын сыйлады. Осынау бейбіт күнде қазақы тамырымыздан ажырамай, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, дәстүрлі ән мен термемізді насихаттау ел руханиятының байи түсуіне зор септігін тигізетіні анық. Осындай ел игілігі жолында аянбай өз үлесін қосып жүрген Қайраттай ұлдар қашанда зор құрметке ие бола бермек. Оның концерті әлгі бір жұлдызсымақтардың шыңғырған, сыңсыған «әндерінен», толып кеткен құдайға керегі жоқ стильдерден өз дәстүріміз мың есе артық екенін тайға таңба басқандай көрсетіп берді. Танымтабиғатымыздың тұма қайнары көне әндерде, ескірмейтін есті дәстүрімізде ғой, шіркін!

Кеш аяғында ақын Сағынтай Бисенғалиев әншіге арнаған жырын оқып, оған аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтің естелік сыйлығын табыстады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ 

Суреттерді түсірген Нұрхат АСҚАРҰЛЫ

Қанат ЕСҚАЙЫРОВ, Ақжайық балалар музыка мектебі директорының орынбасары:

– Көптеген елде, бізде де тобырлық мәдениеттің, яғни айқай-шулы әнсымақтардың, эстетикалық талғамға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын туындылардың арты жақсылыққа апармайтыны туралы айтылып, дабыл қағылуда. Демек жұрт болып сондай жай-күйден аулақтауымыз керек. Мысалы дейін, өзіміздің кәдімгі қазақ сөзін бұрмалап немесе мұңлы әнге көңілді ырғақ қосып айту деген не сұмдық?! Өзгеге еліктеудің соңы өзек өртейтіні сөзсіз. Міне, Қайрат Кәкімовтің өнер кеші соны біздің қаперімізге шегеледі деп айтар едім. Көрермен қауым бір сілкінді, серпілді. Осындай ахуалдан ажырамайық.

Жастарымызға дәстүрлі ән-күйіміз, барлық құндылығымыз жат болмауын ойлайық, маңдайалды өнер иелерін қошеметтейік, солардан өнеге алайық.