5.03.2019, 12:00
Қараулар: 217
Ел сенімін ақтаған

Ел сенімін ақтаған

Ғасырдан астам тарихы бар Ғ.Махамбетов атындағы орта мектептің көп жылдан директоры Қанапия Таспай ақыл-парасатымен, жан тазалығымен әлеумет алғысына бөленген азамат болып табылады. Оның педагогикалық ұжымның ұйымшылдығын шыңдап, жас кадрлармен тіл табысып, мұғалімдердің қызметке барынша жағдай жасау жөніндегі еңбегі алысқа мәлім.

Егер өз атына ризашылық айтылып жатса, Қанапия Құсайынұлы мұны ұжым ұмтылысына, тәжірибелі әріптестерінің еңбегіне берілген баға деп есептейді, өзі жайлы айтуға сараң. Ол іскерлігі мен ізденісінің арқасында 1998-2000 жылдары ауыл әкімі қызметін атқарды. Сеніммен тапсырылған іске селкеу түсірмеуге бар күшін салды. Халықпен қоян-қолтық араласты. Осындай тәжірибесі бүгінде аудандық мәслихат депутаттығы қызметінде де сөзсіз пайдаға асуда. Депутат ретінде аудандағы әлденеше ауыл тұрғындарымен тұрақты кездесіп, қабылдаулар ұйымдастырып жүреді. Құзырлы мекемелермен жүйелі түрде байланысқа шығып отырады. Мысалы, соңғы кездің өзінде үш отбасына материалдық көмек көрсетілуіне, жас мамандардың жұмысқа орналасуына да ықпал етті. Айталық, Сарман бастауыш мектебі (Сарытоғай ауылдық округі) жанындағы шағын орталыққа жас маман Ақбаян Ұзақбаева тәрбиеші болып орналасса, жас жанұялар мүшелері Н.Хасанова, А.Дүйсешова сынды ауылдастарымыз Ғ.Махамбетов атындағы орта мектепке жұмысқа тұрды.

Мектебімізде ата-аналармен, тұрғындармен «Ашық есік» күнін дүркін-дүркін ұйымдастырады.

Әр істің қыбын таба білетін білгір басшы басқарған ұжым өздерінің қалыптасқан дәстүрімен қай істе болмасын көш бастауымен ерекшеленеді.

Отбасы туралы айтсақ, ұлдары бір-бір шаңырақтың иесі, жоғары оқу орнын бітірген, белгілі бір кәсіпті игерген мамандар. Қызы Арайлым бүгінде Ақтөбе медициналық университетінің стоматология бөлімінің студенті.

Қанапия Құсайынұлы бос уақытында әдеби кітаптар оқып, спортпен шұғылданады. Мәдени шараларға қатысып, ән айтқанды жақсы көреді. Міне, алдыңғы буынның артқы толқынға бір зор өнегесі осы емес пе. Сондықтан Алғыс айту күніне орай азаматтың атына шексіз ризашылық арнаудың жөні бар. Мектебіміздің аудан, облыс көлемінде танылуына сіңірген еңбегі бағаланып, жоғарыдан марапаттарға бөленіп келеді.

Ақкенже БУРАБАЙ, 

Базаршолан ауылы