5.03.2019, 12:05
Қараулар: 434
Тәрбие де, білім де – кітапта

Тәрбие де, білім де – кітапта

Өңіріміздегі жастар тәрбиесіне «Жайық Пресс» медиахолдингі айтулы үлес қосып келеді. Бұған өткен күзде осы үлкен ұжым «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосу мақсатында облысымызда тұңғыш ұйымдастырған «Өрімтал» жас тілшілер фестивалі жақсы дәлел. Мен осы фестиваль қорытындысымен «Парасат» журналының Сәкен Иманасов атындағы жүлдесімен
марапатталып, зор қуанышқа кенелдім.

Бұл қуаныш менің сөз өнеріне, әдебиетке деген ықыласымды еселеп, ізденісімді ұштады.

Қарап отырсам, Сәкен атамның шығармашылығы туралы пікірлер көп. Қайсыбірінің сөзін алсам да, жасушы адамдық пен адалдықтың ақ туын желбіретіп өткен азаматтардың бірі екен. Ол қандай жағдайда да шындыққа тура қарай білген. Сөйтіп, турасын айтамын деп туғанына жақпай қалған кездері де баршылық.

Сәкен Иманасов 1938 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданындағы Талапкер ауылында дүниеге келген. Бастапқы кезде теміржол құрылысында қатардағы жұмысшы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы болған. Кейін газеттерде, облыстық партия комитетіне, Қазақстан Жазушылар  одағында жауапты қызметтер атқарған. Бертінде Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығында жұмыс істеген. «Жазушы» баспасында редактор, редакция меңгерушісі, бас редактор болды.

Оның көп қалам тартқан тақырыптары – табиғат пен махаббат туралы өлеңдері де ақынның есімін асқақтата түседі. Сәкен атамыздың шығармашылығы тұңғиық терең, ойлы. Өйткені ол жырларын барша қазақтың мұң-мұқтажына арнады. Кейіпкерлер тағдырынан және өз өмірінен тәлім ала отырып, соны жырға қосып, оқырмандардың жүрегінен орын таба білген тамаша дарын иесі екеніне барған сайын көзім жетіп келеді. Жалпы, әр адамның өз алдына қойған ұстанымдары болады. Ал ақынның өмірлік ұстанымы мына шумақтардан байқалады:

Айттым бүгін – айтсам деген сөзім ең,

Дүниеге қарап шындық көзімен.

Ар алдында мен өзімді әрдайым,

Дар алдында тұрғандай сезінем!..

С.Иманасовтың көптеген өлеңі ашынудан, ширығудан туындады. Өлеңдерін оқығаныңда ақынмен бірге беймаза күй кешемін. Қай-қайсысын оқысаң да ойлантады, тебірентеді,  толғантады. Өйткені олар жасандылықтан ада. Табиғи.

Мен өз тұстастарымды Сәкен Иманасовтың адалдық пен шындықтан жаратылған бекзат бейнесі мен шұрайлы қызыл тілден шыққан шығармашылығымен танысып, тәлім-тәрбие алуға шақырамын. Өйткені оны оқи отырып, жанымыз байып, рухани түлей түсеміз. Бұл сөзсіз. «Әріптестер әлемі», «Әдебиет жайды ойлардан», «Қаламдастарым мен замандастарым», сондайақ «Айтып-айтпай не керек», «Елдің мұңы, жұрт қамы», «Өлеңдер жинағының» І, ІІ томдары, «Қалам мен заман», «Махаббат пен ғадауат», «Ағайын, дос, әлеует» атты кітаптары, міне, алдымда жатыр. Иә, тәрбие де, білім де, адамдық та – кітапта.

Лаура ҒҰБАШЕВА,

Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің 11-сынып оқушысы, 

Қабыршақты ауылы