11.03.2019, 9:21
Қараулар: 439
Жарқын жүзді дидарласулар

Жарқын жүзді дидарласулар

1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Чапаевта аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов түрлі ұлт өкілдерінің, еңбек ардагерлерінің шақырылуымен мерекелік қабылдау өткізді.

Бұл күн – заманның қиын уақыттарындағы ауыртпалықты иық тіресе бірлікпен еңсеріп, кейін қысқа мерзім ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен тәуелсіз мемлекетімізді құруда аянбай тер төккен барша ел азаматтарының бірбіріне құрмет білдіретін күні. Мейірім шуағын шашқан наурыз айындағы адамгершілік пен бейбітшілікті сүюдің, жылылық пен ынтымақтың мерекесі құтты болсын! Елімізде әрдайым бірлік болып, ырысымыз құтая берсін деп тілеймін, – деді құттықтау сөзінде ол.

Сонымен қатар аудан басшысы биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған бас партия – «Нұр Отанның» Елбасының төрағалығымен өткен XVIII съезінде айтылған тағдыршешті тапсырмалар жайында әңгіме өрбітті. Халықтың әл-ауқатын жақсарту барысында жүзеге асып жатқан баянды бастамалар мен бетбұрыстарды бір кісідей қолдап, бас партияның қоғамдағы көшбасшылық ұстанымына үн қосу хақында баса айтты.

Президентіміздің бейбітшілік пен келісімді көздеген саясатының  салтанатты күнін ақжайықтықтар көтеріңкі көңіл күйде қарсы алды. Ауданымыздағы 18 ауылдық округте 21 ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Татулық пен тыныштықтың осынау мерекесі ұлттар мен ұлыстардың даладай дархан қазақ жұртына алғыс айтуымен әйгіленіп тұр. Басқосу барасында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин осы жайында айтып, аталмыш мерекенің мән-маңызын баяндады.

Көңілге қуаныш сыйлаған отырыста еңбек ардагерлері Бірлес Айтқұлов, Аманғали Қайсағалиев, Виктор Суров, «Радуга» славян ұлттық орталығының жетекшісі Валентина Боречевская, шіркеу қызметкері Алексей Потапов шараны ұйымдастырушыларға
алғыстарын арнап, ортақ Отанымыздың түлеуіне өз үлестерін қосатындарын жеткізді.

Осы күн құрметіне орай аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов бірқатар белсенді азаматтарды марапаттады. Айталық, Тайпақ ауылында үйден шыққан өрттен екі адамды шығарған 11-сынып оқушысы Мирас Медетұлы, «Қазпошта» АҚ басшысы Наталья
Кузнецова, «Жігер» спорт клубының әдіскері Галина Липатова, аудандық экология және туризм орталығының қосымша білім беру педагогі Юлия Абилова, «Радуга» славян ұлттық орталығының мүшесі Владимир Волосников естелік сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар білім бөлімінің әдіскері Кенжебек Айтқалиев пен «Жігер» спорт клубының басшысы Марат Ығылманов Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына 30 жыл толуына байланысты ауданымызда өткен шаралардың жоғары деңгейде
ұйымдастырылуына атсалысып, белсенділік танытқандары үшін «Ақжайық тәуекел сарбаздары» қоғамдық бірлестігінің төсбелгісімен марапатталды.

Осы күні Қ.Айтмұхамбетов аудан орталығындағы бірқатар еңбек ардагерлерінің шаңырақтарына барып, оларды Алғыс айту күнімен құттықтады, естелік сыйлықтар табыстады.

Рахмет ҚАЛИ 

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН