11.03.2019, 9:40
Қараулар: 30
Съезд шешімі өркендеуге серпін береді

Съезд шешімі өркендеуге серпін береді

«Нұр Отан» партиясы Ақжайық аудандық филиалында Чапаев ауылындағы аналармен жүздесу өтті.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы мен был тыр қазан айындағы — Жолдауының халықтың әлауқатын өсіруге арналғаны және жуырда өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде қабылданған алдағы 10 жылға арналған партия тұғырнамасының да әлеуметтік қоғам құруға бағытталғаны мәлім. Елімізде 20 жылдық белесіне шыққан бас партия табысы төмен, халықтың аз қамтылған бөлігінің қамын дәйекті ойластырып отыр. Аталған жүздесуде осы жайында кеңінен әңгімеленді.

– Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейтуге баса назар аударды. Барлық партия филиалдары мен бастауыш ұйымдар «Халыққа көмек» жобасы аясында халықтың күнделікті мәселелерін шешуге белсенді араласып, қоғамдағы көкейкесті   мәселелерге жедел үн қатып, оларға мемлекеттік органдардың назарын аудартып отыруы қажет.

Ал съезд қорытындылары көпшілікке мәлім. Аз қамтылған көпбалалы отбасындағы әр балаға төленетін төлемақы 20 789 теңгені құрайтын болды. Атаулы әлеуметтік көмек әуелі табысы төмен отбасыларға арналады. Сондай-ақ партия съезі жаңа әлеуметтік доктрина ұсынды. Қазір жан басына шаққандағы табысы бекітілген кедейшілік шегі – 14,8 мың теңгеден немесе күнкөріс минимумының 50 пайызынан төмен азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі, – деді өз сөзінде филиал төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева.

Мемлекет 2019-2021 жылдары негізгі әлеуметтік міндеттерді шешу үшін бюджеттен 2,3 триллион теңгеден астам қаржыны қосымша бөлетін болды. Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар қарқын ала түседі. Елбасы 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтер салуға және осы мақсатта жыл сайын 50 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма берді.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытгүл Ержанованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, кедейшілік шегі күнкөріс минимумының 70 пайызына дейін көтерілді және 21 мың теңгеге жуық. Егер көпбалалы отбасында 4 бала болса, онда жәрдемақының жалпы сомасы 83 мың теңге болады. Ал егер анасы үйде отырса, онда оған атаулы әлеуметтік көмек қосылады.

Көпбалалы, толық емес және табысы аз отбасылар үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемдарын берудің жеңілдетілген тетігі әзірленеді. Бұл аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету проблемасын шешуде маңызды қадам.

Ескеретін жайт, шілде айынан бастап отбасының жиынтық табысын есептеген кезде көпбалалы отбасыларға, «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақылар мен шәкіртақы есепке алынбайды.

Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің ішінде мүгедек баланы қарап отырған атааналар мен қамқоршыларға арналған жәрдемақының 30 пайызға артатыны да бар.

– Атаулы көмек алуға өтініш беріп отырмын, – деді кездесуде тұрғын Нұрғила Сисенғалиева, – жұбайым уақытша жұмыста, табысы аз. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Өзім жұмыссызбын. Жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. 1-2 айдан артық жұмысқа алмайды. Балам 5-сыныпта оқиды, мектептен көмек берілмейді. Ең болмаса балама киім-кешек, құралдар жағынан көмек болса
деймін.

Кездесуде Чапаев әкімі Нұртаза Нәбиденов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламар бөлімінің басшысы Жанна
Нұржанова сөз сөйледі.

Нұрхат МАҒЗОМОВ 

Суретті түсірген автор