11.03.2019, 10:26
Қараулар: 467
«Тасқа басылған сөздің жөні бөлек»

«Тасқа басылған сөздің жөні бөлек»

Еліміздегі журналистика саңлақтарымен шеберлік сыныбын өткізу «Жайық Пресс» медиахолдингі үшін жүйелі сипат алды. Тілшілер қауымы, аудандық газеттер редакторлары апта басында Оралға іссапармен келген Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық ПЕН клубының вице-президенті, республикалық «Aiqyn» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіппен жүздесті. 

Медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитов кіріспесөзбен ашқан шеберлік сыныбын белгілі публицист «Жайық Пресс» секілді осындай үлкен ұйымдардың ортақ оңтайлы шешімдер, ұтымды идеялар қабылдаудағы орны туралы толғамымен бастады. Сонымен қатар ол бірыңғай пішін, бір сарындас болудан абай болу жайында пікірін де ортаға салды.

– Журналистика нарыққа әлі толық көше қойған жоқ. Нарықтық механизм біздің салаға да енгені абзал. Тиісті өлшемдер енгізілуі
керек. Журналистердің әлеуметтік қорғалуы мәселесінде күрмеулер бар. Қаражат жағынан анау 90-шы жылдардағы қатқабат қиындықтар шағымен салыстырғанда қазір, әрине, жақсымыз. Алайда ойландыратын жайт жеткілікті. Жарнама жағы қайткенде алға басады? Оның тілі – көп жағдайда ресми тіл болғандықтан, мемлекеттік тілдегі басылымдарға берілмей жатады, – деді ол.

Бұдан әрі Нұртөре Байтілесұлы Украинадағы өзі жақсы көріп-білген жарнама тілі туралы баяндап өтті. Бұл елде жарнама атаулының тілі – украин тілінде. Ал басқа тілде бергің келсе, мархабат, ақысын үш есе төлейсің. Қымбат бағаға кім бара қойсын, амал жоқ, жер иесінің тілінде береді. Міне, гәп қайда деңіз. Бізде де сондай жағдай орнаса, игі. Түбі солай болары да шүбәсіз.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы кезеңінде тіліміздің жай-күйі, ертеңгі тағдыры хақында намыс, өршілдік қандай  болғаны көпшілікке мәлім. Н.Жүсіп осы жайында тоқталып, мемлекетшілдік көзқарас үшін бұқаралық ақпарат құралдары ешқашан аянып қалмауы өте маңызды екенін қаперледі. Өз халқының сөзін сөйлеп, жоғын жоқтау деген сол. Тіл төңірегінде түйткіл көп болса, басқа тірлігіміз жүрмейді. Өкінішке қарай, бұл ретте тұтастық, мүдделілік бүгінде байқала бермейді. Анау жылы Орал оқиғалары (Жайық казактары патша адамға қызмет көрсете бастағанының 400 жылдың «мерейтойын» атап өтуге әрекеттенгені – Б.Қ.) кезінде елжандылар елдің түкпір-түкпірінен жиналып, намысқойлық көрсеткені мәлім. Сондай өршілдік бізге әманда керек-ақ.

Қайраткер қаламгер   латын графикасына көшуге байланысты пайымдарын да кеңінен айтты, сұрақтарға жауап қайтарды.

– Ден қойған адамға жаңа әліпбиді игеру қиын емес. Қайсыбір жаңалықтың әп-сәтте айы оңынан тумасы анық. Қаріпке, емле ережелеріне қатысты, мысалы, Өзбекстанда өзгерістер, түзетулер енгізіліп келеді. Бізде де, бәлкім, солай болар. Қайткенде де,
мемлекеттік тіліміздің мерейі үстем болуына атсалысқанымыз абзал. Қазіргі көркем әдебиеттерді келешекте латын графикасына көшіру де ойдағыдай жүргізілетіні сөзсіз деп білемін, – деді ол.

Бұл шеберлік сыныбы барысында, әдеттегідей, БАҚ өкілдерінің тіл байлығы, осыған байланысты ізденістері де сөз болды. Қазақ қаламгерлері үшін ең үлкен қарашаңырақ – «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде аға әріптестерінен, орны бөлек Шерхан Мұртаза сынды сөз зергерлерінен тәлімін баяндай келіп, Н.Жүсіп ежелгі сөздік қорымыздағы біраз атау, тіркестер ұмытылғанына
қынжылысын білдірді. Сайын даламызға, төрт түлікке қатысты асыл атауларды тілдік айналымға қайта қосу қиын ба?

Ол бұдан әрі әңгімесін баспасөздің бұқара өміріндегі шексіз орны туралы жалғастырды. Бүгінде, әрине, интернеттің, әлеуметтік
желілердің пайдасы ұшантеңіз, зиянды жағы да бар. Қалай дегенде де газеттің маңызын жоққа шығарып отырған ел жоқ, тіпті көп елде газеттер таралымы көбеймесе, кеміген емес. Өйткені газеттің  сөзі тексерілген, сауатты, іріктелген, түйінделген. Біздің жұртымыз да, шалғайдағы малшыларға дейін баяғыдан газет-журнал арқылы дөңгеленген дүниенің тынысынан хабардар болып
отырған. Солай бола береді де. Өйткені тасқа басылғанның жөні бөлек. Өмір өз орнында тұрмайды, жаңа ресурастар өркен
жайып, бәсекелестік артуда. Қазіргі заманда бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа түрлері танымал болуда. Жекелеген блогерлер мен әлеуметтік желілілердегі топтар ақпараттық кеңістіктен   өз орнын алуда. Алайда атап өтуіміз керек, дәстүрлі
БАҚ өкілдерінің олардан елеулі артықшылықтары бар. Журналистер шынайы кәсібилігімен, іске жауапкершілікпен қарауымен
ерекшеленеді.

Қазақстанымыздың даму жолындағы барлық жаңалықтар, жаңарулар мен өзгерістер БАҚ арқылы бүкіл елге, бүкіл әлемге тарайды.
Сонымен қатар бір жағынан қоғамдық пікірді, екінші жағынан ресми хабарларды жеткізіп, билік пен халықтың арасында «алтын көпір» қызметін атқаратын да осы ақпарат құралдары.

Еліміздің кез келген жетістігі мен бағындырған биіктерін халыққа алғаш болып тарататын журналистер екені белгілі. Тіпті олқы тұстарды дер кезінде анықтап, оны тиімді шешудің түрлі жолдарын байыпты ұсынатын – тілшілер. Мұның барлығы журналистиканың «төртінші билік» деп аталуының тегін еместігін дәлелдей түседі. Кез келген оқиғаның қайнаған ортасында,
от пен судың өзегінде жүретін журналистер елдің ілгері жылжуында да маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың қандай болса да марапатқа лайық екені даусыз.

Әңгімесін тәмамдай келіп, Нұртөре Байтілесұлы 8 наурыз мерекесіне орай әріптес нәзік жандыларға қаратып: «Ең әдемі қоғам – қыздар күліп жүрген қоғам. Лайым, әманда осылай болғай», – деп игі тілегін арнады.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ 

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ