11.03.2019, 10:55
Қараулар: 674
Босағаның беріктігі – бар бақыттың бастауы

Босағаның беріктігі – бар бақыттың бастауы

8 наурыз мерекесіне орай «Жайық таңы» газеті Мерген ауылында осындай тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды. Отанның ұясы – отбасындағы ұғыныстық, құт-береке, бірлік бүкіл әңгіменің өзегіне айналды. Көктем мейрамы сәтіндегі дидарласу болғандықтан, аталмыш басқосудағы сөз үйдің сәні мен тірегі ретінде
нәзік жандылардың болмысы, қазақтың ежелден отбасы бақыты мен баянын осы нәзік жаратылыс иелерімен сабақтастыруына қарай ойыса бергені де заңды. Ауылдық округ әкімі Мәмбетқали Сағаденовтің қатысуымен өткен мәжілісте қоғамдағы әйел-ананың рөлі, қыз бала тәрбиесі жайында да мергендіктердің айтары аз болған жоқ.

«Жайық таңы»: Арамызда «Алтын алқалы» Бақыт ана отыр екен. Осы сексен жасына дейін өмірдің небір сынағынан өткені кәміл. Сіз алдымен еңбек жолыңызға тоқталып өтсеңіз. Сіздердей жандардың еңбек жолы – қайталанбайтын ерек жол, үлкен мектеп қой. 

????????????????????????????????????

Бақыт ДОСМОЛДИНА, 82 жаста, «Алтын алқа» иегері: – Жастық шағымыз заманның қиын тұсымен қатар келді. Баршаны зар илеткен Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін әбден әлсіреп қалған тірлікті қайта түлету әрбір Кеңес азаматының міндеті болды. Еңбектің қайнаған уақыты. Жоқшылықта өмір кешіп жатқан ауылдастардың барлығы үмітті алдан күтіп, қолдан келген жұмысын жасап жатты. Ештеңеден түңілген жоқ, бір қиыншылықтың бір қуанышы болатынына, ертеңге сенді. Біз жолдасым Рысқали екеуміз сол кездегі Горячкин (қазір Мойылды) елді мекенінде әртүрлі жұмыста жүрдік. Ол орта шаруашылығының қат-қабат істеріне араласты, шөп тасыды. Мен ауылдың қыз-келіншектерімен бірге мал қыстататын қоражайларды жөндеуге атсалыстым.

Жүздеген мал сиятын үлкен қораларды майлап-сылаудың өзі оңай болған жоқ. Шыжыған күннің астында қара терге түсіп, ала таңнан қара кешке дейін шаршап-шалдығып жүргенің. Алақан-қолдарымыздың сау жері жоқ, сонда да бала-шағамыздың нәпақасы үшін аянбадық. Соның қарымын, міне, көріп жүрміз.

1963 жылы отбасымызбен Мергенге көшіп келдік. Осында да ауыл тірлігіне араласып, жұмыс жасадық. Мерген ауылы тұсындағы «Елмен» деген жерде кеңшардың малы бордақыланды. Малды баптап-күтуге ерлізайыпты адамдар керек деген соң отағасы екеуміз ақылдаса келіп, сонда бардық. 600-700 бас аталық малдың жем-шөбін беру, астын тазалау, суару бізге оңай тиген жоқ. Қиындықсыз не бар. Семіртілген түліктің әрқайсысы тапсырарда 450-500 келіден тартты. Аянбай еңбек еткен біздер үшін бұл зор қуаныш еді. Қазір ел басқару ісіндегі Сәлімгерей Сиражев, Мәмбетқали Сағаденов ол кезде бала. Осы жандар сол кезде қолдарынан келгенше ағаларына қолғабыс беріп жүретін.

????????????????????????????????????

Орынғали АЙМҰҚАШЕВ,  еңбек ардагері: – Осы жерде мен еңбек тақырыбына байланысты аз-кем айта кетсем. Кеңес дәуірі тұсында дүрілдеп тұрған біздің кеңшар жұрты бірліктің арқасында көп іс атқарды. Атымыз еңбекпен шықты. Елдің ортақ ісі үшін жұмылдық. Соның ішінде ауыл шаруашылығы өркендеп, озат малшылар, шопандар шықты. Берекеміз құтайып, молая түскен сол уақыттар есімізде жаңғырады, әрине.

Бүгінде де еңбек майданында тер төгіп келе жатқан ауылдастарымыз аз емес. Қазір округімізде 81 шаруа қожалығы бар. Жеке тұрғындардағы мал санының өсуі де көңіл қуантады. Маңдайалды қожалық иелері болып отырған Талғат Ғұбашев, Руслан Талапов, Асқар Қалиев, Талғат Уәлиев, Серік Ізтілеуов, Асқар Досмолдиндер әке жолын жалғап, атакәсіпті үйіріп әкеткендер. Олардың әкелері кезінде ауыл шаруашылығы бойынша аянбай тер төккен жандар. Міне, атадан мұраға қалған іс тізгінін ұстап қалған жігіттер ел дамуына қалқадірлерінше үлестерін қосып келеді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына азаматтарымыз үн қосуда. Мысалы, кәсіпкер Талғат Ғұбашев өз қаржысына
Мергенде балалар ойын алаңын салып берді. Осы жылы сол алаңды тағы үлкейтуді жоспарлап отырмыз. «Бар мейірім –
балаларға» деп, ел болашағы – балғындарға бүгіннен бастап қолдау көрсетсек, ертең олардан елжанды, өз елінің патриоты
шығарына сенім мол. Өз туған жерлерінде алаңсыз асыр салып, бақытты балалық шақтарын өткізсе болғаны. Талғаттың игі
ісін одан әрі жалғастырушылар да табылып жатыр.

«Жайық таңы»: Отбасы жайында әңгімеленсе, бүгінде ұшырасып отырған түйткілдер, яғни асқынып тұрған ажырасуды сөз етпеу мүмкін емес-ау. Бұл кесір қазақ қоғамы үшін жаңалық болмай кеткені тіпті шындық.
Енді осыған байланысты ойларыңызды ортаға салсаңыздар.

????????????????????????????????????

Мәмбетқали САҒАДЕНОВ, ауылдық округ әкімі: – «Отбасы – шағын мемлекет» десек, демек ол алып мемлекетіміздің тұғыры, діңі, іргетасы. Оның ұйтқысы отағасы немесе отанасы болып, қандай жағдай болса да, өзіндік бейнеті мен жеткілікті проблемаларына төзіп, сабыр ете білуі керек қой. Адам тағдыры мен қоғам тағдыры тығыз байланыста. Яғни үйелмен берік болса, қоғам да, мына ауыл да, бүкіл атырап та, сіз бен біз де солай. Тұғыры мықты болса, мемлекетіміз де мықты. Ажырасудың мәселесінің жоғары деңгейге жетуі, некенің институт ретіндегі ыдырауы жұрт болып алаңдауды қажет етеді.

Өз ауылымызда былтыр 6 жұп заңды некеге тұрса, 4 ерлі-зайыпты ажырасты. Ер мен әйел некеге тұрғаннан кейін, аз уақыттан кейін немесе бірнеше жылдан кейін екі жаққа кетуін бір-бірінің қадіріне жете алмауы, сыйластықтың солғындауы, эгоистік көзқарастан арыла білмеуінен ғой. Ауылдық округте 11 «Алтын алқа», 19 «Күміс алқа» таққан аналар тұрады, төрт баладан көп сәби сүйген 54 ана бар. Осындай жандарды мақтан тұтамыз. Өмірге көп бала әкеліп, ұрпақ тәрбиесіне аса мән берген аналарымыз барда, ұлттық тәрбиеміздің тізгіні неге қатаймасын, халқымыздың саны неге көбеймесін деген жақсы ойымыз басым. Өнегелі әке-шешелерді, олардың үлгілі перзенттерін насихаттай білуге тиіспіз. Жоспарымызда тың істер бар. Әңгіме нақты нәтижеге жетуде ғой.

Бақыт ДОСМОЛДИНА: – Расымен, осы күні қит етсе, ажырасамын деп шығатын келіндер мен намыссыз жігіттер пайда болды. Мәселенің байыбына бармай жатып шаңырақты ортасынан түсіріп, опық жеп жатқандар аз емес. Қазақы тәлім-тәрбиеден алыс кетіп жатқандар мұндай қасіретке ойланбай барады. Қасірет емей немене? Екі жас өз бастарын ойлап, ажырасып кеткенімен, ортадағы сәбилердің жағдай не болмақ? Күні ертең сол балалар да ата-анасы жасаған қателікті қайталамасына кім кепіл? Жастар шаңырақ көтерердің алдында әбден ойланып алмай ма? Ойланбаған іс орға жығады. Бастысы, өз араларында бір жеңіл-желпі қателіктер болса да, кешірімшіл болу керек. Құдірет Ие кешірімшілдікті қуаттайды, сондайларға нығметін еселейді.

Шүкір, үш ұл, жеті қыз сүйген анамын, әжемін. Ұрпағымның қызығы мен қылығына тоймай, бейбіт күнде бақытты  өмір сүрап жатқан жағдайым бар. Қолымдағы ортаншы ұлым Серік пен келінім Жадыра қас-қабағымды бағып, үлде мен бүлдеге орап отыр. Балам ауылдық әкімдікте жүргізуші. Елдік істен қалған емес, жұмысына тиянақты.

Немерелерімнің ортасында ақыл-кеңесімді айтып, ескіден әңгіме қозғап отырудың өзі бір бақыт қой.

Біз кезінде ажырасу жайында сөз қозғамақ туралы оны ойға да алмайтынбыз. Себебі аналарымыздың бізге берген өнегесі дұрыс еді. Темірдей тәртіп болды. Әкеміз бала тәрбиесіне қырағы, қатал қарады.

1986 жылы жұбайым өмірден озып, көп баламен, енеммен қала бердім. Несін айтасың, небір қиындықтар бастан өтті ғой.
Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырып, отағасы жетпеген арманға жеттім. Балаларымның адамгершілігі мол, үлкенді сыйлайды.
Еңбектің, берекенің арқасында отбасымыздың ынтымағы берік болды. Бүгінгі жастарға да осыны айтқым келеді. Еңбек еткен,
отбасын ойлаған адамның ғана жанұясында жылылық болады, құндылық құтаяды.

«Жайық таңы»: Мерген ауылындағы өнегелі, көпбалалы аналар туралы айтып өтсеңіздер. Сонымен қатар ауыл
жастары, олардың тәлімтәрбиесі хақында да ойтолғамдарыңызды ортаға сала отырыңыздар. 

????????????????????????????????????

Ағила САДЫРҚЫЗЫ, ардагер ұстаз: – Ауданымыз тынысының тамыршысы «Жайық таңы» газеті жайында реті келгенде  айта кетейін. Отбасымызбен осы басылымның оқырманымыз. Ауыл-елдің тірлігін, жетістігін осы газет арқылы біліп отырамыз. Түрлі сараптамалық мақалалар, ауыл шаруашылығына қатысты беттер оқырмандардың көңілінен шығып келеді. «Жайық Пресс» медиахолдингі бойынша өткен жыл қорытындысымен «Жайық таңы» «Үздік сыни мақала – 2018» аталымын жеңіп алған екен, құтты болсын. Басылым отбасы құндылығы тақырыбын әлсін-әлі көтеріп келеді. Өте жөн, керек бағыт.

Бұл ауылда жарты ғасырдан бері тұрамын. Сондықтан үлкен-кішісін жақсы білемін  десем, артық айтқандық емес. Ауылдастар ұйымшыл, ел жүгін бірге көтеріседі. Ауылымыз таза, жаз болса тіпті құлпырып кетеді. Техникалық суымыз да, ауыз суымыз да бар. Соның арқасында 2017 жылы көріктендіру жөнінде ауданда ұйымдастырылған «Үздік ауылдық округ орталығы» аталымын жеңіп алып, 2 млн. теңге сыйлыққа ие болдық. Ол қаржыны ауылымыздың керек-жарағына, көркеюіне жұмсадық. Ауылбасы Мәмбетқали Сағаденов бүкіл істе халықпен тығыз қарым-қатынаста болып келеді. Соның бәрі ұйыса түсуге, жанұялар тәрбиесіне ықпал ғой.

Ауылымызда 80 жастан асқан онға жуық көпбалалы ана бар. Мәрия Байғұт,Бәтима Іздаева, Нәзира Қыстаубаева секілді апа, әжелер өнегесімен елге сүйеніш болып жүр. Осындай үлкендеріміз барда ауыл жастары жаман болмауы тиіс. Жастардың бәрі тәрбиелі, еңбекқор, қиындықсыз тіршілік болмайтынын білсе, үлкендерді сыйлап тұрса, адами ажарлы ахуал деген сол.

Биыл Елбасының Жарлығымен Жастар жылы деп жарияланды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жастарға жағдай жасап қалуымыз керек. Қанша айтқанмен, жас жұбайлардың көп проблемасы материалдық жағдайларға байланысты ғой. Қамқорлықтың қарымтасы ретінде олар аянбай еңбек ету керек деп есептеймін. Жас шағында еңбегімен еленіп, ел дамуында қолтаңбасы
қалғандар ғана ертең бейнетінің зейнетін көреді. Өзім білім саласында 42 жыл қызмет еттім. Күн-түн демей бар назарымызды балаларға арнап, бүгінде сол еңбегіміздің жемісін жеп отырмыз. Жұбайым жауапты жұмыстарда болды. Апталап, айлап үй көрмей
кеткенде де үйдегі барлық шаруаны өзім жасап жүрдім. Отағасыммен отасқанымызға, міне, биыл 50 жыл толып отыр.

????????????????????????????????????

Ғалия ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Мерген ауылдық округі әкімінің бас маманы, әйелдер кеңесінің төрайымы: – Мен де көпбалалы аналардың қатарындамын. Осындай отаналарын үнемі назарда ұстаймыз. Олардың қажеттері жетіспей жатқан жағдайда көптеген қайырымдылық акцияларында ауылдастар болып көмек қолын созып келеміз. Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бастап көпбалалы аналарға жіті көңіл аударуда. Мемлекет тарапынан жасалып отырған осындай игіліктерді әрбір отбасыға жеткізу әр мемлекеттік қызметкердің міндеті. Ол жанұяларда өсіп жатқан әр бала – болашағымыз, еліміздің ертеңгі тағдырының тізгінін ұстаушылар ғой.

Әйелдер кеңесінің жұмысына тоқталар болсам, бүгінде ісіміз жүйелі жүруде. Аудандық «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігімен тығыз қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмасып отырамыз. Өсіп-жетіліп, қалыптасып қалған жандарда көп мәселе жоқ, біз, кеңестегі тоғыз ана әсіресе мектеп жасындағы қыз балалармен көп жұмыс жасаймыз. Мектеп, мектеп жанындағы интернат медбикелерімен әрдайым байланыста болып, қыздар жиналысын өткізіп тұрамыз. Дидарласу барысында ашық әңгіме өрбіп, бәрі ойын бүкпей айтады. Мәселелер болса, бірігіп шешуге тырысамыз. Себебі олар жаңа өсіп келе жатқан тал секілді. Қалай исең, солай… Өмірдің небір соқтықпалысоқпақсыз жолдарында жаза басып, адасуы мүмкін. Осының алдын алу мақсатында қамқаракет жасаймыз.

????????????????????????????????????

Маржан ҒАЗИЕВА, жас ана: – Жолдасым Ерланмен 2011 жылы отау құрдық. Өзім Ақтөбе қаласынанмын. Келін болып түскен жылдары ата-енемнен көп қамқорлық көрдім. Атам балабақшада оператор, енем  мәдениет үйінде кіші қызметкер болып жұмыс жасайды. Ауылелдің тірлігімен қатар тұрмыс ауыртпалығын көтере біліп, бәріне үлгеріп жүрген оларға дән ризамын.

Жолдасым үш ағайынды. Биыл қайным үйленетін болғасын біз үй салып алып, бөлек шықтық. 8 жыл бірге тұрғанда енемнен көп тәлім алдым. Үйренгенім мол. Мен де бүгінде үй ішіндегілердің денсаулығын ойлап, дүкен тамақтарын көп ала бермеймін. Нан, тағы басқа тамақты үйден пісіремін. Ана болғасын үй тірлігіне жауаптымыз. Отағасым «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша өткізілген су құбырларын  қарайды. Алдияр есімді 6-сынып оқитын баламыз бар. Сабаққа тыңғылықты. Өзі бадминтон, волейбол үйірмелеріне қатысады. Мен де мектепте, студент кезде де қал-қадірімше спортпен айналыстым. Баскетбол, волейбол үйірмелерінде көптеген жетістіктерге жеттім. Ұлымның да дене шынықтыруды сүйетініне қуанамын.

Барлық нәзік иықтының міндеті, борышы алдымен үйдің жылуын, бауыр-ет балаларының адамдық ауылына ат шалдыруын қаперден шығармауы керек қой. Үйдегі бар жауапкершілікті сезініп, тірлікті түлетер болсақ, ешқандай түсініспеушіліктер орын алмайды.

«Жайық таңы»: әйеланалардың саулығы қалай? Мұның да тірліктынысымыздағы орны орасан екені мәлім. Өмірде барлық нәрсе бір-бірімен тығыз байланысты. Айталық, дені сау анадан ғана саулығы мықты ұрпақ өрбиді. Отбасы құндылығында мұның маңызы шексіз. 

????????????????????????????????????

Майра ДОСҚАЛИЕВА, ауылдық амбулатория меңгерушісі: – Бүгінде ауылымызда 600-ден астам ана тұрады. Дейтұрғанмен, денсаулығы көңіл көншітпейтіні аз емес. Қаназдықпен ауратындар бар. Оларды тегін дәрідәрмекпен қамтамасыз ету – зор міндеттің бірі. Жүктілік жасындағы қыз-келіншектер – 216. Олардың 40-ы қан қысымы, бүйрек, қаназдықпен диспансерлік есепте тұр. Жүктілікті жоспарлап жүрген келіндерге, жүкті аналарға дәрістер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын өткізіп тұрамыз. Жас аналар  саулығын өте жауапкершілікпен қадағалаймыз.

Жүкті әйелдерге келгенде айтар әңгіме көп. Көбінде тамақтану мәдениеті төмен. Құнарлы тамақтардың тұтынудың орнына дүкеннің татымсыз өнімдерін көп тұтынады. Оларға дұрыс тамақтануы жайында жиі еске саламыз. Жүктілікке жауапкершілікпен қарай алмайтындар да бар. Жүкті ана жүктіліктің 12 аптасына дейін дәрігерлерге тіркелуі керек. Бірақ көбіне біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін келеді. Сақтықты, күтінуді ұғындыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Мектептердегі қыздармен де сондай жұмыстар атқарамыз.

«Әлемдегі ең сұлу әйел – жүкті әйел» деген сөз бар. Расында, біз осы аналарға көп қамқорлық жасауымыз керек. 25 жылдық
жұмыс тәжірибемде көптеген жағдайлар кездесті. Бала тәрбиесіне шалағай отанасылар да ұшырасады. Ішімдік ішетін ерлердің зайыптарын ұрыпсоғуы да нағыз бір келеңсіздік қой. Мүмкін әйел-аналардан да қателік кетіп жатқан шығар. Бірақ адамның бір-біріне деген түсіністігі қайда, жан түршігер шекке жететіндей соншама не болды? Қазіргі дәуірде төңірегімізге неге қарамаймыз? Бұл шашырап жүретін, бейқам отыратын, қалғып жүретін заман ба?

Мәмбетқали САҒАДЕНОВ: – Бізде мемлекеттік саясат әрқашан әлеуметтік жағынан бағдарланған. Экономиканың түрлі саласында іске асырылып жатқан барлық реформа халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға, азаматтардың әлауқатын арттыруға бағытталған. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде осы саясатты берік ұстанатынын және оны одан әрі жүзеге асыруға бағытталған жаңа бастамаларды атап өтті. 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты»  жаңа партиялық бағдарламаның басымдықтарын талқылау, азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларын нығайту жөніндегі мәселелер съездің негізгі өзегі болды.

Тұрғындардың тұрмыс жағдайына қатысты тиісті зерттеулер біздің ауылдық округте де жүргізіліп келеді. Мысалы, жарамсыз, апатты тұрғын үйлер бүгінге дейін анықталған жоқ. Аз қамтамасыз етілген 12 жанұя бар. Барлық үйелменнің жәй-күйіне қолдан келгенше назар аударып отыру ынтымаққа, үй иелерінің татулығына зор сеп екені анық. Демек, мұны естен шығармаймыз.

????????????????????????????????????

Ананың мейірімі, аялы алақаны әлемді әлдилеп, жүректерге жылу сыйлайды. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі ананың қолында емес пе? Қаракөз қыздарымыз – ертеңгі аяулы ана. Сондықтан, келешекте бесігіңді тербетер қарындастарымыздың қамын жасау да мұқым қазақтың мойнындағы бірден бір борыш. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қанатты сөз бар. Мұнда терең мәнмағына жатыр. Отбасын құрып, өмірге салиқалы да саналы ұрпақ әкеліп, оларды бағыпқағып, тәлім-тәрбие бере алған адамдар ғана ғұмырдағы парызын өтей алатыны кәміл. Сөйтсе ғана өз елінің жан-жақты дамуына үлес қоса алады. Әйтсе де, бүгінде бір отбасына ие бол алмай отырып, жас мемлекетіміздің бетбұрыстарын, сарабдал саясатын, тосыннан кездескен қиындықтарға байланысты жағдайды сынайтындар бар. Алдымен өз отбасына ие болғанына не жетсін. Дөңгелек үстел барасында мәдениет үйі меңгерушісі Құрмет Қуанышқалиев, тәжірибелі педагог, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Салтанат Оразова, балабақша тәрбиешісі Айнагүл Мұратова, көпбалалы ана Самал Қалиева тақырыпқа қатысты толғамдарын ортаға салды.

Мәжіліс соңында Мәмбетқали Әсетұлы көктем мерекесіне орай осы мейраммен тұспатұс келген туған күндеріне байланысты көпбалалы ана Бақыт Досмолдина мен ардагер ұстаз Ағила Садырқызына естелік сыйлықтар тапсыруы бұл бас қосуға ерекше бір рәуішті көңіл-хош әкелді.

«Жайық таңының» тілшілері

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН