11.03.2019, 11:06
Қараулар: 8760
Отбасы ырысы, ұрпақ тағдыры толғандырған форум

Отбасы ырысы, ұрпақ тағдыры толғандырған форум

Аудан орталығында білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: Әйел. Қоғам. Болашақ» атты аудандық аналар форумы өтті. Қоғамдағы әйеланалардың рөлі, қыз бала тәрбиесінің түйіткілді мәселелері қаузалған шара секциялық отырыстармен басталды 

Ақжайық агротехкол леджінде өткен «Ұлы даланың абыз аналары» — атты отырысқа мектептердегі тәрбие саласының мамандары, ана-әжелер, жастар, студенттер қатысты. «Алаң иелері» мен Бударин ауылдық округінің тұрғындары, түрлі сала мамандары, мектеп оқушылары бірге ұйымдастырған басқосуда аудандық «Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Мәмбешова тарихта өшпестей із қалдырған Тұмар, Зарина патшайымдар, кісілік қасиетімен дала аңызына айналған Ұмай, Домалақ, Нұрила, Бопай, Айғаным, Зере секілді тұлғалардың ұлы істерін сөз етті. Еңбектерімен рулы елдің атын шығарған, ақылы асқан аналар, жорықта қол бастаған, ерлігі ерен арулар, бәрі-бәрі бүгінгі қыздарға үлгі емес пе? Ендеше, осындай тәрбие қайнарын пайдалана білген абзал.

– Ол замандардағы еліне сыйлы, төңірекке ақылымен сүйеніш, данагөй атанған бикелерді кәрі тарихымыз оқтын-оқтын еске
салып тұрады. Өкініштісі, бүгінгі жас қыздар, келіншектер сол аналардан жалғасқан тектілік тінін үзіп алып жүр. Сән қуған
кейбір қыздар көшеде ашықшашық киініп, өресіздіктерін көрсетуде. Келіндеріміз үйдегі бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, азаматын сыйлаудан қалып барады. Мұндайдың арты ажырасуға әкеліп соғуда. Қызды кішкентайынан адамгершілікке, ибалылыққа тәрбиелеп, ғасырлар жүзіндегі өнегелі ханымдарымыз туралы аңыз-әңгімелерді саналарына сіңіруіміз керек, – деді
М.Мәмбешова.

Бүгінгінің беделді аналары жастарды еңбекке, имандылыққа баулуға қатысты пайымдарын ортаға салды. Будариндік зейнеткер ана Қарашаш Ғабдуллина ауылдастарына ісмер әже ретінде танымал. Өзінің әжесі мен анасынан үйренуінің арқасында оның қолынан жұртты тамсандырған көп дүниелер шыққан. Мысалы, ол әжесінің киім үлгісімен өзіне киім тігеді. Кең етекті көйлек, камзол, кимешек, шәлі орамалдардың қалай тігілетінін, оған асқан шыдамдылық пен қол икемі керегін сөз етті. Осы ауылдың тағы бір тұрғыны, 80 жастағы көпбалалы ана Рысты Шаяхметова да өзі тоқыған киімкешекті ала келіпті. Он бір немере, жеті шөбере сүйіп отырған кейуана осы ұрпағының бәріне өз қолынан киім тоқып берген. «Бізді анамыз өсірді. Әкеміз 1940 жылы соғысқа кеткеннен оралмады. Қиыншылықтың неше атасын көрдік. Дейтұрғанмен, анамыздың тәрбиесі арқасында, еңбектің арқасында осы күнге жетіп отырмыз. Үйренген жұтамайды, маңдай тер берекеңді құтайтады. Бүгінгі қыз-келіншектерге айтарым, еңбекті сүйіңдер, сонда ғана шаңырақтарыңа құт қонады», – деді Р.Шаяхметова.

Бударин ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Ғайни Машаева өз баяндамасында алдымен ауылдық округтегі экономикалық әлеуметтік ауқымды істерге тоқталды. Қара сөздің майын тамызып сөйлейтін оны көпшілік ұйып тыңдады. Ол қыз бала тәрбиесі, ата-ана қадірі хақында пікір-толғамдарымен бөлісті.

– Ескіден «Қыз бақыты өз босағасында емес, кісі босағасында» деген нақыл сөз қалған. Осындай асыл сөздердің жаңадан тұрмыс құрғалы жүрген қыздарға берер тәлімі мол. Осыны ұғынбаған кейбір салыңқы еңсе әйелдер өз перзентінің келешегін ойлау түгілі, үй ішінің берекесін қашырып жатады, отағасына артық-ауыс сөздер айтып, өз беделін түсіреді. Ақылды әйел, керісінше, азаматының қасқабағын бағып, ойын емеурінінен ұғынып, ақыл қосып отырады ғой. Жанұяның құты осында емес пе? Сонымен қатар қыз-келіншектер қазақтың қонақжайлық дәстүрін де игеруі керек. Дастарқан мәдениеті қай жағынан да олардың шаруаға икемділігін байқатып тұрады, – деді ол.

Будариндіктердің мерейін тасытып жүрген өнерлі топ – «Жайдарман» әжелер ансамблі алысқа танымал. Ансамбльдің әр мүшесі ұрпаққа ұлағатты сөздерін айтып, ойларымен бөлісті. Олар «Құсни-Қорлан», «Дедімай-ау» әндерін шырқады. Осы ансамбльдің көркемдік жетекшісі Анар Есенәлиева өнердің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жан. Сондай-ақ терме, ән айтудан шәкірт тәрбиелеп,  ел ықыласына бөленуде. Шара барысында қызы, Бударин орта мектебінің 6-сынып оқушысы Назкерім Сәкенқызы екеуі халық әні «Халаулімді» әуелете шырқады. Назкерімнің ән орындаушылығы ерекше. Осы бағыттан таймаса, одан болашақта үлкен өнер иесі шығары кәміл. Бұған анасының да үлесі мол болары аян. Будариндік мектеп оқушылары хорының да ән әуелетуі жүздесудің мәнін салмақтандыра түсті.

Абай атындағы мектеп-гимназияда өткен «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің…» атты отырыста көпбалалы ана Раушан
Сілемғалиева мен ардагер ұстаз Тойғаным Тәшенова отбасылық құндылықтар, асыл дініміз, салтдәстүр, қазақ қызына тән болмыс,
қоғам қалыптасуындағы ана-әже рөлі төңірегінде әңгіме өрбітті.

Отбасы құндылықтарын насихаттау, жанұя ырысы мен бірлігінің сақталуы, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, оның ішінде әйел-ананың ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша рөлі жайында зейнеткер ұстаз Жансұлу Ғабдулина мен «Алтын алқа» иегері Жанат Биғазиева өз ойларын ортаға салды. Ақын Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» кітабындағы кейіпкерлердің ұрпақ тағдыры үшін небір қиындықтан қаймықпағаны туралы мектеп мұғалімі Жанар Өтебаева айтты.

Осында «Ең әдемі жасау — ұлттық нақыштағы құрақ көрпе» тақырыбында қолөнер бұйымдарымен Зухра Құсайынова таныстырса,
Айпаш Құлниязова басқұр жасау тәжірибесімен бөлісті. «Ұлттық өнер – ұлттық қазына» дегендей, қазақтың домбырасын сөз етпеу
мүмкін емес. Әсел Ерментаева өзінің қызымен «Гүлдерайым» әнін домбырада орындады. Сондай-ақ Сарқұловтар отбасы әннен шашу шашты.

Аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев пен облыстық білім басқармасы тәрбие бөлімінің басшысы Луара Батырғалиеваның
қатысуымен форумның пленарлық  отырысы аудандық мәденидемалыс орталығында өтті. Жиналғандар алдымен тақырыпқа
байланысты көрмемен танысты. Мұнда аудандық балалар шығармашылығы орталығы шеберлерінің қолынан шыққан
қыз жасауы, қолөнер бұйымдары қойылған. Аудан орталығындағы мектептердегі химия пәні үйірмелерінің мүшелері түрлі сынамалар көрсетіп, Абай атындағы мектеп-гимназия мұғалімдері қыз-келіншектердің ұлттық киім үлгілерін, Харькин орта мектебінің мұғалімдері қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды. Қымыз пісетін күбі де таныстырылып, жиналғандар бал қымыздан дәм татты.

Осында ардагер ұстаз Жансұлу Ғабдуллина, «Жайдарман» халықтық әжелер ансамблінің мүшесі Ғайни Машаева, облыстық
«Асыл ана – 2018» байқауының жүлдегері, Тайпақ мәдениет үйінің жетекшісі Жұлдыз Тасқынбаева сахна төріне көтеріліп, дәуірдің рухани түлеуге қатысты алдымызға көлденең тарқан міндеттері жайында әңгімеледі. Жас ұрпақ бойына имандылықты, ізгілікті, адамгершілікті сіңіруде апа-әжелеріміздің ақыл-кеңесі ауадай қажет екенін, қыз тәрбиесіне бүкіл қоғамның жауаптылығын сөз еткен Жансұлу Хайрошқызы кешегі текті аналардың жолын жалғау үшін әр мектепте ана, әжелер парызы, ене мен келін жауапкершілігі тақырыбындағы кездесулерді жүйелі өткізу керегін айтты.

– Ақжайық ауданына келіп отырған сапарымызда бұл аумақта кешегі текті аналардың ізбасарлары баршылық екеніне әбден көз жеткіздік. Міне, өнегелі келін, ибалы қыз тәрбиелей білсек, біздің ұтқанымыз, – деді Луара Қайрекенқызы.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде еліміздің әлеуметтікэкономикалық дамуына қатысты тағдыршешті мәселелер айтылып, межелер айқындалды. Соның ішінде аналардың көкейкесті мәселелеріне жіті назар аударылып отыр. Бұл баршамызды қуантады. Бүгінгі жиынымыз қыз-келіншектер мен аналардың рөлін көтеруге арналды. Қыз тәрбиесінде олқылықтар орын алып отырғаны жасырын емес. Ұлттық құндылығымыздан
алыстап бара жатқан кейбір қарындастарымыз жеңіл жүріске салынып немесе діни адасушылыққа ұрынуда. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін осалдыққа жол бермеуіміз керек, – деді аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев өз сөзінде.

Сонымен қатар ол ауданымыздың атын шығарып, түрлі салада жетістікке жеткен ұл-қыздардың аналарын, өнегелі жандарды марапаттады. Туризмде биік белестерді бағындырып жүрген ақсуаттық Аманер Темірбаевтың анасы Нұржамал Темірбаева, қол
күресінен әлем чемпионаттарында топ жарған базаршоландық Кенжеқыз Қаупенованың анасы Гүлнар Жалмұханова, жамбылдық
«Алтын алқа» иегері Күнсұлу Айтжанова, чапаевтық ардагер ұстаз Қанзира Рахишева, еркін күрестен үлкен додадалардың жеңімпазы, чапаевтық Зинеп Баянованың анасы Жанар Айтаханова сынды аналарға естелік сыйлықтар табысталды.

Будариндік Анар Есенәлиева мен қызы Назкерім Серікқызы, Қарауылтөбе ауылынан келген Рысты Сыражанова мен қызы
Ақтілек Шалабаева, мәдениет қызметкері Асылан Бақтығалиев өнер көрсетті.

Сәнім НҰРКЕН 

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

Түсініктеме