11.03.2019, 11:13
Қараулар: 15
Делебені қоздырған «Ұлы дала ойындары»

Делебені қоздырған «Ұлы дала ойындары»

Аудан орталығында «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналып ұлттық ат спорты түрлерінен «Ұлы дала ойындары» атты аудандық ашық турнир өтті. 

Аттың жалында, түйенің қомында жүріп-ақ жер жүзін шарлап шыққан бабаларымыз жылқы сынды қасиетті жануардың қадіріне жете білген ғой. Ішсе сусын, жесе ет, мінсе көлік болған осынау Қамбар ата түлігін алғаш қолға үйреткен де біздің бабалар болып табылғаны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазып айтылғаны мәлім. «…Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды» делінген онда. Осындай тағылымды да
бай тарихымызды жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін ауданымызда ат спортын одан әрі дамыта түссек, еш ұтылмайтынмыз анық.

Атқа мінген турнирге қатысушылар алдымен аудан орталығы көшелерімен жүріп өтті. Сән-салтанаты жарасқан оларға сүйсінгендер аз болған жоқ. Шекарамызды ат тұяғымен мөрлеп, найзамен сызып берген бабаларымыздың бүгінгі ұрпағының керемет көш түзуі бойыңды ерекше сезімге бөлейді. «Жастар» спорт алаңында сап түзген қатысушыларды, жиналған жұртты аудан
әкімі Қалияр Айтмұхамбетов  құттықтады.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларынан туындайтын мақсат-мұратты жүзеге асыру үшін ауданымызда айтулы шаралар жүзеге асырылуда. Қазақ үшін қасиетті саналған жылқыны дәріптеп, ат спортын одан әрі дамыту да жас ұрпақ үшін өте маңызды-ақ. Осы орайда аудандық балаларжасөспірімдер спорт мектебінен, Шабдаржап ауылынан ат спорты үйірмелерін ашқалы отырмыз. Бұл басқа ауылдарда да жалғасын таба береді. Тамырында қазақы қан тулап, жылқыны қадір тұтқан әрбір жан ата-бабаларымыздан қалған осы бір өнерді үйреніп, жалғастыруы тиіс, – деді ол өз сөзінде.

Алдымен көкпар ойыны өтті. Ақжол, Көнеккеткен ауылдық округтері, Жамбыл ауылдық округінің Үштөбе елді мекені, Чапаевтағы «Жайықтехсервис» кәсіпорны және аудан құрамасы – «Құлагер» командалары бақ сынасты. Бұл сайыста «Құлагер» командасының ойыншылары сөзсіз тәжірибесімен, мықтылығымен көзге түсті. Көнеккеткен мен Үштөбе жаста  ры да тартысты ойын көрсете алды. «Жайықтехсервис» жігіттері ептілігімен ерекшеленді. Ал көкпар ойынына алғаш рет қатысқан ақжолдықтарға бұл тәжірибе жинақтау үшін таптырмас ойын болды. Команда жетекшісі Сұңғат Рысалиев пен асау үйретуден облыс чемпионы Артур Көшкінбаевтардың аяқалысы жаман емес.

Тай жарысқа жиырмадан астам қылқұйрық қатысты. Күн райының қолайсыздығына қарамастан бәйгеге қатысқан балғын
шабандоздар да аталған спорт түріне адалдықтарын танытты. Жылқы жалына жармасқан өрендердің қиқу салып, жарысқа
түскендері делебені қоздырды. Шіркін, ұлы даламыздың қанатты жануарлары…

Желіп келе жатқан аттың желісін баяулатпастан төменге тез иіліп, сол және оң жағынан орамалмен оралған теңгені көтеріп, артына тастап отырудың да сәні, айшықтары қандай! Әрбір сәтсіз талпыныстың артына айыптық уақыт белгіленеді. Ойын тартысты өтті. Дейтұрғанмен, теңге ілуге қатысушылардың қатары аз болғаны қынжылтадыақ. Бұл ойынға, әрине, ептілік,
дәлдік, икем керек. Аталған спорт түрінен республика чемпионы Жанәділ Ғазезов сынды азаматтар елдің атын алысқа
танытып жүр. Осы жігіттердің ізбасарлары шығатынына көпшілік сенімі зор.

Аударыспаққа қатысқан білекті жігіттер көп болды. Олар жеңіл және 70 келіден жоғары салмақта күш сынасты. Ат үстінде
күресудің қандай мықтылықты талап ететіні мәлім ғой, дегенмен қатысушылар осалдық танытқан жоқ. Айлаға салғандардың жолы
болды. Білек күші мен әдісті ұштастыра білген спортшы ғана қарсыластарын оңай жеңе алады. Бұған астындағы атының ақылдылығы да ауадай қажет. Өйткені «Ер қанаты – ат».

Сайыстар нәтижесінде көкпардан І орын «Құлагерге», ІІ орын көнеккеткендіктерге, ІІІ орын үштөбеліктер мен «Жайықтехсервис» командасына бұйырды. Тай жарыстан шабдаржаптық Ерген Таңатжанов тізгіндеген Батыр Темірболаттың Ақбақайы І орын,
ақжолдық Асқар Қартаңбаев тізгіндеген Талғат Табылдиевтың Қараторғайы ІІ орын, ақжолдық Алияр Қарағойшы тізгіндеген
Сұңғат Рысалиевтің Қарагері ІІІ орынды иеленді. Осы орайда ақжолдық Ержан Қабыл мінген Серік Ерғалиевтің тайының да
аяқалысын айта кеткен жөн. Үшінші жүлдеге іліккен таймен құйрық тістесе келген Серіктің жылқысы ұзақ қашықтыққа
шабатын кең тынысты екені көрініп-ақ тұр.

Теңге ілуден көнеккеткендік Еділ Оразбай жеңімпаз атанды. ІІ орынды «Құлагер» командасының мүшесі Айдос Алданов, ІІІ орынды көнеккеткендік Заманбек Біржанов иеленді. Аударыспақтан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде І орын көнеккеткендік Өркен Ақтановқа, ІІ орын осы ауылдың баласы Заманбек Біржановқа, ІІІ орын «Құлагер» командасының мүшесі Мейірбек Қожахметовқа бұйырды. 70 келіден жоғары салмақтағылар арасында І орынды құрайлысайлық белгілі спортшысы Жанәділ Ғазезов жеңіп алды. Бұл жеңімпазға ат спортын қолдаушы, өзі де бәйгеге ат қосып жүрген ақсуаттық Нұралы Аткеев ат мінгізді. ІІ
орынды Қайнар Ысмағұлов, ІІІ орынды Амангелді Қалиақпаров еншіледі, екеуі де «Құлагер» командасының мүшелері.
Жүлдегерлердің барлығы аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен кубок, медальдар, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Турнир барысында байқағанымыз, ат спортына ынта-ықылас танытып жүрген Көнеккеткен, Ақжол, Жамбыл ауылдық округтері жігіттерінің белсенділігі анық байқалды. Әрине, кенжелеп қалған осы спорт түрін дамытуды қолға алып жатқан бізге бұл жақсылықтың басы ғана. Енді осыны бүкіл ауылда насихаттап, әлсін-әлі дала ойындарын өткізіп тұрсақ, ертең балғын-бүлдіршіндерімізден тақымы мықты тарландар шығатыны кәміл.

Бекболат ҚАЛЕНОВ 

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН