11.03.2019, 11:25
Қараулар: 444
Жетілдірілген заңнаманың тиімділігі зор

Жетілдірілген заңнаманың тиімділігі зор

Қоғамдық қатынастарды жаңа сипатта реттеуді заман мықты талап етуде. Соған байланысты сот саласында да түрлі реформа жасалуда. Осыған дейін де бірталай заңнамалар өзгерді, әлі де өзгере бермек. Өйткені заман ағымына сай бейімделу кез келген салада болуы тиіс.

Елбасы 2019 жылғы 21 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Енді осы қабылданған өзгерістерге сай, 42 заңнамалық акті мен 11 кодекске түзетулер енгізілді. Сондай өзгертулердің бірі – «Азаматтық процестік кодекс» пен «Нотариат туралы» Заңға тиісті түзетулер енгізілуі. Осы өзгеріс, түзетулердің басты бағыты – соттардағы жүктемені азайта отырып, судьялардың күрделі дауларды шешуді мейлінше сапалы атқаруына мүмкіндік туғызу.

Қабылданған заң нормаларына сай банк шоттарына тыйым салуды санкциялау, банк құпиясын құрайтын ақпаратты талап ету прокуратураның өкілеттілігіне, соттардағы бұйрық арқылы іс жүргізудің тең жартысы нотариатқа, ал соттардағы оңайтылған іс
жүргізумен аяқталатын істер 12 категорияға бөлінсе, соның 10-ы енді бұйрықтық іс жүргізуге өтіп отыр. Нотариустар өз кезегінде «Нотариат туралы» Заңның 92-1 бабы 2-тармағының 1-9 тармақшаларында көрсетілген талаптарға сай атқарушылық жазба жасайды. Яғни олар енді еңбекақы, коммуналдық қызметтер, несие қарыздар, лизингті талап ету, алимент және тағы басқа берешектерді өндіріп алумен, сондайақ меншік құқығын қорғау туралы арыз-шағымдармен айналысады. Бұлар еліміз  бойынша бұрынғы соттар қараған істердің 20%-дан астамы болып отыр. Мұндай жағдайда азаматтар мемлекеттік баж салығын төлемейді
және адвокат жалдамайды, сөйтіп, өздерінің уақытын үнемдейді. Мысалы, егер адам өзінің қарыз алғанын мойындаса, нотариустың атқарушылық жазбасы арқылы бекітіліп, қарыз қайтарылады. Ал осындай істер бұған дейін қолданыста болған заңнамаға сай соттарда екі ай мерзім ішінде қаралып жүрсе, енді мұндай құзірет берілгеннен кейін нотариустар екі күн
ішінде қарап, орындауға жібереді. Дегенмен азаматтар нотариустың атқарушылық жазбасына келіспесе, он күн ішінде келіспеу себептерін көрсете отырып қарсылық білдіре алады. Заң талабы бойынша атқарушылық жазбаның күшін жоюға үш жұмыс күні
беріледі.

Нотариаттық қызметке ақы төлеу жеке тұлғалар үшін 0,2%, заңды тұлғалар үшін 1% болып белгіленіп отыр.

Бұл жерде мынандай жағдайды еске ұстаған дұрыс. Нотариустар атқарушылық жазба негізінде тұрақсыздық айыптарын (өсімпұлдарды) сондай-ақ пайыздарды өндіріп алу туралы шағымдарды қарамайды, оларға ондай шағымдарды қарау құзіреттілігі
берілмеген. Дәлірек айтқанда, нотариустар екі тараптың ортасында қойылып отырған мәселеге ешқандай дау тумаған жағдайларда, яғни даусыз талапқа ғана нүкте қоя алады.

Бұрын сот орындаушыларының қаулысын санкциялауды соттар жүзеге асырып келген болса, енді оларға прокурорлар санкция
береді. Бұл құзіреттің ішіне сот орындаушыларының банк шоттарының нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты талап ету туралы, борышкердің мүлкіне, жосықсыз жеке немесе заңды тұлғаның банктердегі ақшасына тыйым салу туралы қаулыларын санкциялау кіреді. Ал борышкер болып келетін жеке тұлғаның, сондай-ақ заңды тұлға басшысының
еліміздің аумағынан шығуына шектеулер және борышкерді мәжбүрлеп алып келу істерін санкциялау бұрынғыша соттарда қала бермек.

Қылмыстық кодекстің 188, 189 және 190-баптарына енгізілген өзгерістер бойынша бөтеннің мүлкін бірнеше рет ұрлау ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Осы кезге дейін бөтеннің мүлкін бірнеше рет ұрлағандар татуласу рәсімдері арқылы
кешірім алып, жазадан босап, құтылып келген болса, енді осы санаттағы істер ауыр қылмыстар қатарына өткізілгесін, келешекте бірнеше рет ұрлық жасағандардың кінәсі дәлелденген жағдайда міндетті түрде жаза тағайындалады және оларға татуласу арқылы жазадан босатылуға жол берілмейді.

Сонымен қатар қылмыстық істерді қысқартылған тәртіппен қарау тәжірибесі де қолға алынып отыр. Егер сотталушы тағылған айыбын мойнына алып тұрса, өзіне қатысты жинақталған дәлелдемелерді дауламаса, істер қысқартылған тәртіппен қаралады.

Тамара ҒҰМАРОВА, 

Ақжайық ауданы №2 сотының төрағасы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар