27.03.2019, 9:07
Қараулар: 671
Еңбек, ынтымақ, ырыс думаны

Еңбек, ынтымақ, ырыс думаны

Күллі тіршілікке қан жүгірткен табиғаттың әп-сәтте құлпырып шыға келетіні жаңару мен жаңғырудың жаршысындай емес пе. Бұлақтың көзін ашып, жасыл желек отырғызатын осынау Ұлыстың ұлы күнін ұйымшылдықпен күткен ақжайықтықтардың көңіл қошы шуағын төккен күнмен тіпті марқайды. Рухани үндесу мен ақжарма тілектердің мейрамы саналған салтанатты күн мен аспаннан алтын нұр төгілетін ғажайып шақ ғаламатының жарасуы қандай! Татулық мен ынтымақ, еңбек пен ырыс, сенім мен көңілдің мерекесін қарсы алушылар аудан орталығының басты алаңына жиналды.

Ақшаңқан киіз үйлер, алтыбақанда тербелген ұлқыздар, ошақта буы бұрқырап қайнаған қазандар – бәрі-бәрі көргеннің көңілін өсірді. Осы сәтте сахнаға той бастаушы кернейшілер көтеріліп, ұлық мерекені бастап кетті. «Наурыз келді, Наурыз келді, ағайын, Әнге толды, күйге толды маңайым…», – деп хабарлаған қыз-жігіттер жұрт назарын өздеріне аудартып, жарқынжарқын сөйлейді.

– Жыл басы болып ерекшеленген әз-Наурыз баршамызға құтты болсын! Түркі тектес халықтар асыға күтіп тойлайтын достықтың мейрамы біздің нағыз рухани қайнарымыздың көзі болып табылады. Ұлттық рухымызды үстей түсетін осынау мерекеден, Жаңа жылдан күтер үміт көп. Еліміздегі саяси айтулы бетбұрыстар жұртымызға жақсылық әкелгей. Күні кеше еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтататынын мәлімдеп, тарихи үндеу жариялаған болатын. Ел тізгінін ұстап, көшімізді алға жетелеуді қолға алған жаңа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Елбасымыздың ерен істерін жалғастырушы деп білеміз. Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылғы еңбегінің арқасында мығым болып отырған тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту сіз бен біздің қолымызда. Жаңа жыл жақсылығымен келсін! – деген аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтің құттықтау
сөзі, ақжарма тілегі мейрамның маңызын салмақтандыра түсті

Айтулы күнге орай еңбек ардагері Аманғали Қайсағалиев, М.Әуезов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Берік Баймурзин, ат спортын дамытуға үлес қосып жүрген жастар Нұралы Кенжеболат, Шапағат Наурызов, республикалық  айқаулардың жүлдегері атанып жүрген жас күйші Елнұр Ермеков, Жайық ауылының әжелерінен құрылған «Асыл әжелер»
ансамблі, аудандық балалар шығармашылығы орталығындағы «Балауса» би ансамблінің жетекшісі Ақмарал Бекетаевалар қошеметтеліп, аудан әкімінің алғысхатына ие болды. Әрине, ауыл-еліміздің жан-жақты дамуына сүбелі үлес қосып жүрген мақтаулылар қашан да құрметке лайық. «Бағалай білгенге бақ қонады» деп бекер айтылмаған ғой.

Той арнаусыз болған емес. Алаңға атқа мініп енген мәдениет қызметкерлері Гүлжамал Қайбалиева мен Асылан Бақтығалиев домбырамен жүрекжарды тілектерін жеткізді. Мереке театрландырылған көрініспен Ана кейпіндегі ақ жаулықты кейіпкер бар жан-тәнімен, шын ниетпен Жаратқаннан жақсылық тілеп тұрды. «Алас! Алас! Түнеріп атқан таңнан сақта, Жаңбырсыз өтер жазыңнан сақта, Зілзала мен оттан сақта, Далақтаған даудан сақта, жалақтаған жаудан сақта!» – деген тілек жиналғандардың ниетпейілдерімен ұштасты.

Қазақы салт-дәстүрді, әдетғұрыпты, отансүйгіштікті, сондай-ақ адамға тән ізгілікті насихаттайтын Наурыз мерекесін Қыдыр бабасыз елестету әсте мүмкін емес. Қыдырды ерекше қонақжайлықпен күтетін халқымыз үшін қасиетті баба – ертеңге деген зор үміт пен бек сенімнің символы. Сахна төріне көтерілген баба баршаға бата берді. «Молайсын жаңа жылда ырысымыз, Алыстан жақындасын туысымыз, Баршаға берекелі бақыт келіп, Кеңісін самал аңқып тынысымыз!» – деп түйіндеген бататілекке қол жайған әлеуметтің келбетінен үміт сәулесін, кемел келешекке сенімін байқадық.

Жүз күйші қасиетті қара домбыра ларымен алаңға — шыға келгенде, делебесі қозбаған адам кемде-кем шығар. Құрманғазының «Балбырауыны» шанақтан төгілгенде, Ақжайықтың аспанын күй кернеді. Мәдениет қызметкерлері әннен шашу шашып, мың бұралып би биледі. Әр мекеме мол дастарқанын ұсынды. Соның ішінде «Рухани шаңырақ» деп аталған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен агротехколледждің киіз үйі алыстан көз тартып, менмұндалап тұр. Наурыз мерекесіне қатысты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапханашылар айтыс өнерінен көрініс көрсетті. Келуші қонақтарға шағын кәдесыйлардың таратылуы айшықты мерекенің мәнін айқындай түсті.

Шара мәрелене келе, Чапаев ауылдық округінің әкімі Нұртаза Нәбиденов осы күнге орай орталық алаңды безендіруге атсалысқандар мен ерекше дайындықпен келген бірқатар мекемелерді марапаттады.

Ұлттық спорт түрлерінен бәсекелер ұйымдастырылып, жиналғандар арасында жарысқа ниет білдірушілер бақ сынасты. Айталық, жуырда ғана ашылған «Алшын» ұлттық жекпе-жек клубының мүшелері жолдастық кездесулер өткізіп, өнерлерін көрсетті. Қыздар арасында асық түрлерінен ойындар өтті. М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Дильназ Бақтығалиева бес асықтан жеңімпаз атанды.

Қазақ күресінен өткен белдесулерге ықылас білдірушілердің көп болғаны қуантты. Осы спорттың ауданымызда дамуына үлес қосып жүрген небір балуандар күш сынасты. Боз кілемде белдескендер арасында 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен «Алшын» спорт клубының мүшесі Жанарыс Тұрарбайдың жауырыны жер иіскеген жоқ. 70 келіден жоғарылар арасында
Чапаевтағы өртке қарсы бөлімнің қызметкері Нұрбек Сағадатовқа тең келер ешкім болмай, «Түйе  балуан» атанды. Қой көтеруден
мамандандырылған күзет қызметінің қызметкері Ғалымжан Қайырғалиев қойды 44 рет көтеріп, жеңімпаз болды.

Көрісу айтпен басталған мейрам шеруі әр ауылға жер бетіндегі жақсылықты үйіптөккендей ғой. Мерген ауылдық округінде де бағзыдан келе жатқан ұлық мерекені ауылдастар аса көтеріңкі көңіл күймен, құрметпен қарсы алды.

Барша жұрттың бауырлас екенін табиғат ананың өзі алақанға салғандай әйгілеп келеді емес пе. Тұрғындар арасындағы сыйластық,
ауызбіршілік қасиеттерінің арқасында мереке өте жоғары деңгейде өтті. Ауыл келбеті тіпті ажарланып, мамыражай күйге енді. Алаңда мекемелер ұжымдары киіз үй тігіп, мерекелік  дастарқан жайды. Жұрт ұлттық тағамдардан дәм татты. Үлкендер ақ батасын беріп жатты.

– Халқымыз үшін ғасырлар түкпірінен тін тартқан әзНаурыздың орны бөлек. Еңсесі биік еңбектің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі – Наурыз жалпыхалықтық тойға, ұлтына, діни сеніміне қарамастан, Қазақстанды мекендейтін барлық
ұлт-ұлыстың думанына айналды, – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин мергендіктерге құттықтау
сөзінде. Ол еліміздің алға басқан әр қадамы сәтті болып, әр шаңырақта ырыздық пен береке нұры шалқуына тілегін арнады.

Ауыл әкімі Мәмбетқали Сағаденов мергендіктерді халқымыздың төл мерекесімен құттықтап, осы думанға демеушілік көрсеткен шаруа қожалықтары жетекшілері Нұрсұлу Ортаеваға («Сағидолла» шаруа қожалығы), Нұрхан Айыпбергенге («Айталы» шаруа қожалығы), Мерген Сұлтанғалиевке («Мерген» шаруа қожалығы) және кәсіпкер Қанипа Дәулетияроваға шексіз алғысын айтты.

Ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырып, атсалысқандары үшін мектеп директоры Күміс Сұлтанғалиева, дәрігерлік амбулатория меңгерушісі Майра Досқалиева, модельді кітапхана меңгерушісі Ләззат Ермұханова, мәдениет үйі меңгерушісі Құрмет Қуанышқалиев, Мойылды ауылдық клубының меңгерушісі Амантай Қонысов марапатталды.

Ауылдың сыйлы ақсақалы, сазгер Аманғали Қайсағалиев жиналғандарға игі лебізін арнап, күй шертіп, ақ батасын берді.

Мәдениет үйі алаңында ауылдың көркемөнерпаздары дайындаған мерекелік концерт өтті. Әсем әндер шырқалып, күмбірлеген күй төгілді. Осында әжелер ән әуелетіп, мектеп оқушылары «Қара жорға» биін орындап, өнерлерін паш етті.

Осындай алуан бағдарлама ұлттық спорттық ойындарға ұласты. Қызықты әрі тартысты өткен сайыстардың қорытындысы
бойынша гір тасын көтеруден І орынды Юрий Болдыров, ІІ орынды Жасұлан Ғарифолла, ІІІ орынды Ержан Ниетқалиев иеленді. Қол күресінен І орынды  Данияр Жұмақұлов, ІІ орынды Серік Тұрар, ІІІ орынды Ержан Ниетқалиев бөлісті. Арқан тартыстан І орынды М.Әуезов, ІІ орынды Тәуелсіздік, ІІІ орынды Жерұйық көшелерінің командалары алды.

Зейнеткер ұстаз, шахматтан үйірме жетекшісі Болат Жұмағалиевтің ұйымдастыруымен, жеке кәсіпкерлер Айбар Иманғалиев
пен Ғарифолла Таниевтің демеушілік көрсетуімен өткен шахмат турнирінде Нұрлан Рысқалиев жеңімпаз атанды. ІІ орынды Бекдәулет Нұрым, ІІІ орынды Серікқали Мұқанов иеленді. Жеңімпаздар дипломдар және естелік сыйлықтармен қошеметтелді.

Тайпақ ауылдық округінің Шабдаржап ауылында да Ұлыстың ұлы күні жұрт қызық пен тамашаға  қарық болды. Алдымен Харькин
орта мектебінің ұжымы «Наурызым – береке бастауы» атты мерекелік концертпен халыққа ерекше көңіл күй тарту етті.

Биылғы бір ерекшелік – көршілес Атырау облысындағы Индер ауданының Аққала ауылынан мектеп директоры Нұртас Құспанов бір топ көркемөнерпазды бастап келіп, ән-жырдан шашу шашты. Шабдаржап ауылынан Санат Кәрімов пен аққалалық Қамал Ізімов арасындағы наурыз-айтыс салтанаттың көркін қыздырды.

Бұдан әрі лоторея ойнатылды. Ұтысқа тұрмыстық дүниелер қойылған бұл шараға Мерген Нашанов, Мәден Өтежанов, Марат Дүйсеғалиев, Асылбек  Мұхамбетов, Серікбай Ғабдуллин, Нұрбек Ғабдуллин, т.б. демеуші болды.

Мерекелік дастарқан жайылды.

Тойдың екінші бөлімі дала қызықтарымен жалғасын тапты. Атшабар алаңында ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қазақ күресінен шабдаржаптық Ақан Оқасов жеңімпаз атанды. Он жасқа дейінгі жас балуандардың арасында Шапағат Әсетұлының
талантына жиналған көпшілік ықыласпен қол соқты. Ол өз қатарластары арасынан жеңімпаз атанды. Берік Сембаевтың демеушілігімен өткен қой көтеруден Айдын Испанов алдына жан салмады. Елу рет көтеріп, жеңімпаз атанып, қойды қанжығасына «байлады».

Еламан Жәрдемовтің демеушілігімен оқушылар ешкі көтеруден сайысқа түсті. Тайпақ ауылынан келген 11-сынып оқушысы Әлішер Аққалиев 105 рет көтеріп, ешкіні иеленді. Қол күресінен Шабдаржап ауылының тұрғыны Әміров Нұрқанат жеңімпаз атанды.

Тай, құнан жарысы халықтың делебесін қоздырды. Атбегі Еламан Жәрдемов демеуші болған шараға Тінәлиев, Тайпақ, Сарытоғай, Ақсуат, Ілбішін, Ескі Есім, Бударин, Янайкин, Базаршолан ауылдарынан және Индер ауданынан қылқұйрықтар қатыстырылды. 3 шақырымдық тай жарыс бәйгесінде ескіесімдік Санат Сырымның Ақбақайы бірінші болып келді. ІІ орынды шабдаржаптық Бектас
Азаматовтың Тектек қасқасы, ІІІ орынды тайпақтық Виталий Иманжановтың Балапаны иеленді.

6 шақырымдық құнан жарыс бәйгесінде де ескіесімдік Санат Сырымның Жирен серісі бірінші болып келді. Екінші болып шабдаржаптық Фатима Оразованың Шахизаты, үшінші болып сарытоғайлық Ерболат Дүйсенбайдың Жирен серісі келді.

Арқан тартыста «Шабдаржап жігіттері» командасы жеңімпаз атанды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ, 

Нұрхат МАҒЗОМОВ, 

Санат КӘРІМОВ, 

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН