27.03.2019, 9:20
Қараулар: 17
Күрмеудің шешімін тапқан Көшбасшы

Күрмеудің шешімін тапқан Көшбасшы

Өмірғали ИМАНҒАЛИЕВ, аудандық мәслихат депутаты: – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы тарихи шешімі оған деген қимастық бір сезімімізді туғызды. Бұлай болуы да заңды. Отыз жылға жуық уақыт кең байтақ еліміздің тізгінін мығым ұстаған жанға деген қазақстандықтардың сүйіспеншілігі шексіз. Әр уақытта жұртымыз бірге болып, биік белестерді бағындыра білген тарихи тұлғаның ерен еңбегі халқының жадында мәңгі сақталады. Еліміздің құтты байрағын кейінгі буыннан өсіп шыққан ҚасымЖомарт Тоқаевқа тапсыру салтанатында Н.Ә.Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағының берілуі соның зор бір айғағы болып табылса, Астана қаласының бұдан былай Нұр-Сұлтан қаласы болып аталуы да Тұңғыш Елбасының ерек еңбегін бағалаудың жарқын көрінісі екені сөзсіз. Ол қысқа мерзім ішінде жаңа елорданы көтеріп, бұрын-соңды әлемде ешкімнің қолынан келмеген нағыз ерлік жасады.

Иә, Кеңес Одағы күйреп, «балапан басына, тұрымтай тұсына» болған заманда туған халқын барша қиындықтан аман алып шыға білген ерен тұлға соңына өшпестей із қалдырды. Егемендік алған сонау 1991 жылы бұрынғы Кеңес Одағы кезінде белгіленген шекараларымыз түгелдей ашық-шашық жатқан болатын. Бұл ел іргесіне қауіп еді. Сондықтан да тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында Н.Назарбаев белгілеген сыртқы саясаттағы басымдықтардың ішінде, әсіресе, шекараларды межелеу, оларды халықаралық тұрғыдан заңдастырып алу ең кезек күттірмейтін мәселе болатын. Ең алдымен 1992 жылдан бастап Қазақстан өз делегациясын жасақтап, Қытаймен шекара мәселелері жөніндегі келіссөздерді егемен ел ретінде қолға алды. Екі елдің арасындағы шекараларды делимитациялау туралы келіссөздер 1992-1998 жылдары өтіп, демаркация 2002 жылы толығымен аяқталды. Сондай-ақ Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын делимитациялау туралы келіссөздер 1999 жылдың қыркүйегінен 2005 жылдың қаңтарына дейін жалғасып, бірлескен комиссия өз жұмысына 2007 жылғы шілде айында кірісті, ал 2009 жылдың мамыр айында
тараптар ортақ шекараға белгілерін орнатуды бастады. Сөйтіп, Қазақстан өзінің құрлықтағы күллі шекараларын құқықтық тұрғыдан рәсімдеуді толық аяқтады.

Тарихқа көз жіберсек, еліміз егемендікке қол жеткізген 1991 жылы Елбасының алдында тез арада оңтайлы шешімін таппаса, ел болашағын тежейтін, күрмеуі қиын әрі кезек күттірмейтін қаншама мәселе тұрды десеңізші. Мың да бір шүкір, соның бәрінен бізді аман алып шыққан, небір күрмеудің шешімін келтірген осындай басшымыз болғаны қандай ғанибет!

Қарауылтөбе ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар