27.03.2019, 9:29
Қараулар: 10
Әлем бағалаған тарихи миссия

Әлем бағалаған тарихи миссия

Самал  ДОШАНОВА, Алмалы орта мектебінің директоры: – «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген ұстанымды берік ұстанған Ұлт Көшбасшысының аңсаған армандары, соған сай ісі, халқын жақсылыққа бастаудағы көрегендігі көпшіліктің көңіл түкпірінен орын алды. Ол нарықтық экономиканы қалыптастыру, тұрақты әлеуметтік өсу мәселелерін шешіп, елімізді дамудың жаңа кеңістігіне шығарды. Оның ұстамды саясатының арқасында Қазақстан аласапыран кезеңнің қиын-қыстау сәттерінен ұрыс-керіссіз, әлеуметтік күйзеліссіз өте білді.

Өз басым Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайын халыққа Жолдауларын асыға күтетінмін. Өйткені бұл басты құжаттарда еліміздің жанжақты дамуы үшін бағыт-бағдар, бетбұрыстар қазақстандықтардың әрдайым көңілінен шықты. Бүтін елдің рухын жаңғыртуға бастама берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары бай мәдениетімізді терең тани түсуімізге зор серпін берді. Мұның бәрі Тұңғыш Елбасымыздың тереңнен ойлай білетін тектілігін әйгілеп тұр.

Біздің батыр бабаларымыз қазақ жерінде азаттықтың таңы атып, тәуелсіздіктің күні туатынына сенді. Біз бүгін Н.Ә.Назарбаевтың арқасында сол үміттердің ақталғанын көзімізбен көріп отырмыз. Оның еліне қызметін, яғни тарихи миссиясын бүкіл әлемнің бағалауы да жайдан жай емес. Әлем таныған әйгілі тұлға өзінің ақылкеңесімен, бай тәжірибесімен ел игілігі жолында еңбектене беретіні сөзсіз.

Алмалы ауылы