27.03.2019, 9:55
Қараулар: 493
Жұртының жүрегіндегі Жұбан

Жұртының жүрегіндегі Жұбан

КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, А.Фадеев атындағы медаль иегері, КСРО Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына әлденеше рет сайланған, Қазақстан Жазушылар одағын екі дүркін басқарған даңқты жерлесіміз Жұбан Молдағалиевтің ғасырлық тойына облысымызда әзірлік басталып кетті. Қаһарман ақынның өмір жолы мен шығармашылығы келер ұрпаққа баға жетпес мұра, тәлімді тәрбиенің қайнар көзі болып табылады. Шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгер, араб, моңғол, словак тілдеріне аударылып, дүние жүзіне тарады. Оның тек «Мен қазақпын» поэмасының өзі-ақ кеудесіндегі жүрегі «қазақпын» деп соққан әркімнің нағыз мақтанышына айналды. Жырмен салынған ескерткіш келешек ұрпақтың да гимні болып қала бермек. Ал 1986 жылғы елдігімізге сын болған Желтоқсан оқиғасы кезінде алдаспандай жарқыраған ақын ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс.

Бұрын тіпті ұлтымыздың кім екенін айтуға жасқанып жүрген, яғни кеңестік дәуірдің жанып тұрған кезеңінің өзінде «Мен қазақпын!», – деп жарты әлемге жар салған дарынды ақынды ерекше ардақтауымыз орынды-ақ. Бұған бізді Жұбан жұлдызының тек жырда ғана емес, ешкімге жалтақтамайтын өр мінезі мен ақжарма турашылдығы да мәжбүрлейді.

Кейбір ағайын «Колбиннің Қазақстанға келуін ширек ғасыр бойы күткенін» жағымпазданып жеткізіп жатқан кезде, қаламгерлер қауымының арасынан суырылып шығып: «Мен қазақпын, өз халқымды мақтан етемін. Маған оның қатпарлы тарихы қымбат. Ал оның бүгінгі күні одан да қымбат… 17-18 жастағы қыздарды шашынан сүйреп, сабаған жағдайды естіп, білгенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім», – дегені нағыз батырлық емес пе? Қазағының арманы мен намысы – ақын
Жұбан тақырыбының, яғни жырының алтын арқауы, азамат Жұбан сырының желісі екендігін оның туындыларынан танып-білу
ешкімге қиын емес.

Жұбан ағамен бірнеше рет кездесіп, танысып, пікірлескеніме қуаныштымын. Алғаш рет 1962 жылы күзде «Тайпақ» кеңшарының Дүйінбай жайлауында «Алтыат» деген жерде малшылар тойы өтіп, елді аралап жүрген Жұбағаң сол тойға қатысты. Аудан, шаруашылық басшыларымен бірге кеңшар директоры Жақия Исатаев, партком хатшысы Мұрат Тасбаев, сол елдегі атбегі,
шежіре қарттар: Жәңгір, Сәрсен, Өтеп, Нұрсұлтандармен ұзақ таңға әңгімелесіп, ертеңіне ат жарыс, т.б. салтанатта болды.

Сонда оның «Туған жер» жыры өмірге келді.

60 жылдығында елге келгенде кездескенім де күні кешегідей есімде. Ол кезде КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Орал кеңшарында партком хатшысы болатынмын. Базартөбе шекарасынан қарсыладық. Қасында Қадыр Мырза Әлі, Әсет Бейсеуов, Жайсаң Ақбай, София жеңгеміз, т.б. бар. Жыландыға жеткенше әңгімелестік. Жыланды – Оралдың №3 бөлімшесі, шағын ауыл еді.

«Жыланды – менің атабабамның қонысы, өзімнің кіндік қаным тамған жер. Осы жерде дүниеге келгенмен, балалық шағым Сайқұдық елді мекенінде өтті. Ата-бабамыз су тапшы болғандықтан, мына жыландай иретіліп жатқан сайды қолдарымен қазып тереңдетіп, 6 шақырым жерге арна жасап, Өлеңті өзені тасығанда су құйып алып, су қайтқанда сағаны бөгеп, жаз бойы келесі
жылға дейін сол нәрді пайдаланады екен. Небір қиыншылық заманды бастан өткеріп, осы жерді мекендепті. Ашаршылық жылдары тастап кетіп отырған. Бұл жерде 1921-1947 жылдар аралығында ешбір жан болмаған. 1947 жылдан бастап Азынабай – Тайпақ атырабына ел қоныстанып, бүгінде туған өңірім төрт түлік малға толып, гүлденуде…

Неге екенін білмеймін, осы кіндік қаным тамған Жыланды қайда жүрсем де ойымнан кетпейді. Ел байлығын еселеп арттырып, жерлестерім, амансау жүріңіздер», – деп сөзін аяқтаған-ды.

Үшінші кездесуіміз – киноға түсу мақсатында Базартөбеге келіп, демалған кезі еді. Өткен жылдарды тағы бір жаңғыртып, ата жұрт, ел туралы терең толғанып еді.

Әкесі Молдағали 1921 жылғы аштық уақытында, жолаушылап кеткен кезінде қайтыс болады. Сөйтіп, нәресте шағында әкесіз қалған ол аңыз-әңгімелер мен әлқисса батырлар жырын жатқа айтатын, тура сөйлеп, кесімді жауап беретін, ілкіде ұжымшар төрайымы, кейіннен соғыс кезінде қой бөлімшесін басқарған, ауылдық кеңес төрайымы болған Зеріп анасының тәрбиесімен ер жетеді. Міне, өр мінезінің қайнары қайда деңіз. Базаршолан ауылындағы іргетасы 1881 жылы қаланған орысша-қазақша 2 сыныптық мектепте оқып, кейін Карл Маркс атындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, сосын Орал қаласындағы ауылшаруашылық техникумынан малдәрігерлік мамандығын алады.

Иә, Жұбан ана тәрбиесімен жетіліп, табанды ізденісімен білімге ерек құштарлық танытып, қоғам, мемлекет қайраткері болып танылған ақиық ақындардың бірегейі. Өз еркімен сұранып барып Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан ерліктерімен қатар майдандық қазақша газет шығарғаны да азаматтың келбетін асқақтата түседі.

Жұбағаңның туған жерін, елін аса қадірлейтінін оның шығармаларынан да жақсы білеміз. Елге келген сайын қарапайым халықпен, бірге оқыған құрдастарымен сағына қауышып, ақсақалдардың батасын алғанын көрдік. Жерлес інілері Қуат Базарғалиев, Бақтығұл Ойшыбаев, Аманбай Серғазыұлы, Уәли Құбашев, т.б. Жұбағаңның ақыл-кеңесіне қанығып, қамқорлығын көріп, өсіп-жетілдік деп әңгімелейтін.

Жоғарыда айтқанымдай, 60 жас мерейтойына орай келгенде Қадыр ақын сөйлеп, «Апырмай, Алматыда не көп, 300-ге тарта ақын-жазушы бар, ішінде өзім де бармын. «Мен қазақпын» деген сөзді бірде-біреуіміз айта алмай, Алла тағала тек Жұбағаңның ғана
аузына салып тұр ғой. Ақиық ақын сонысымен де дана ғой. Өлеңдері иненің көзінен өткендей сымбатты, мазмұны терең ғой», –
дегенде, Жұбан: «Қадыр, сен айтқан бұл сөзді басқалар айтпайды ғой», – деп күрсінгені есімде. Бұл сол шақта «Мен қазақпын» поэмасын біреулердің түсінбей, коммунистік партия саясатына қайшы деп білгеніне меңзегені шығар.

– Туған қасиетті топырақтың ыстықтығы сонша, Жыландыға келген сайын қуатым артып, күш жинап, шабыттанып қайтамын.
Осы бөлімшені басқарып отырған майдангер інім Молдан Смағұлұлына көп-көп рахмет!, – деген Жұбағаңның жанарынан
тамшы жас домалап түсті.

Жыл өткен сайын Орал шаһарымыз өсіп, көркейіп келеді. 60 мыңға жуық тұрғыны бар Жазира кентіне Жұбан Молдағалиев атын беріп, үлкен бақ ашып, төріне ақынның ескерткішін орнатса, шіркін! Н.Назарбаев даңғылындағы Жұбан бағын толық жөндеуден
өткізіп, жаңартып, ағаштар егуді, Жұбанға арналған энциклопедия шығаруды да тілейміз.

Ақжайық ауданының жұрты әйгілі шайырдың барлық мерейтойын ұйыса өткізіп, абыройға бөленді. Алдағы ғасырлық датада да осылай болары кәміл.

Әленғали КЕРЕЙТЕГІ, 

Ақжайық ауданының құрметті азаматы 

Суретте: ақын зайыбы Софиямен бірге.