27.03.2019, 10:00
Қараулар: 168
Жұтамайтын қазына

Жұтамайтын қазына

Адамның рухани қазынасының қайнар бұлағы – кітап. Ал кітапханашы – кітапты жинап, қастерлеп күтуші, өзгелердің білімге деген құштарлығын қанаттандырушы адам. Рухани мұраның қазыналы қоймасы кітапхана болса, оның жинақтаушы жаршысы, жанашыр сақшысы – кітапханашыларға қандай құрмет көрсетсе де лайықты жандар.

Ауыл – халқымыздың алтын бесігі, ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі. Осы ауылды түлету, елдің мәдениетін көтеру, жас ұрпақты тәрбиелеуде кітапхананың, оның иелерінің еңбегі ұшан-теңіз.

Мен 1977-1994 жылдар аралығында кітапханашы болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықтым. Сол кезде 10000 кітап қоры болды. Ал қазіргі жағдай жер мен көктей. Рухани орда өте бай әдебиеттерге толы екенін көріп қуанамын. Оқуға құштар немерелерімді алып, кітапханаға жиі барып тұрамын. Кітапханашы Светлана Аязбаева келген оқырмандарды жаңа кітаптармен таныстырып, түрлі заманауи дәрістер, іс-шаралар өткізіп жатады. Мысалы, өткен қыста аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жанынан құрылған «Муза» шығармашыл оқырмандар орталығының 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Мұраты биік «Муза» атты шығармашылық кеш барлық ауылдағыдай кітапқұмарлар қатарын қалыңдатуға септесті. Жастарымыз рухани байлық арқылы көркеюіне тілекшімін. Оларға орайы келгенде ақылымды айтып жүремін.

Иә, кітап – жұтамайтын қазына. Тәрбие де, білім де осында.

Ажар ҚАМЕНОВА, 

«Алтын алқалы» ана, 

Қарауылтөбе ауылы