27.03.2019, 10:12
Қараулар: 170
Аруларға әсемдік жарасады

Аруларға әсемдік жарасады

«Қыз – өмірдің қызғалдағы», «Қыз өссе, елдің көркі» деген дана халқымыз қыз баланың қадіріне жете білген ғой. Оларға төрден орын беріп, киімнің сәндісін, әшекейдің зерлісін тарту еткен. «Қыз – қонақ» деп, әр ата-ана қыздарын хан қызынан кем көрмей, үлде мен бүлдеге орап өсірген. Жат жұрттыққа жаратылған нәзік жандылардың иманды, инабатты болып, ертең ұзатқанда әке-шешесін, ауыл-аймағын жерге қаратпайтындай тәрбиелеген.

Бүгінде қыз балалардың бойынан осындай ізгі қасиеттерді кездестіре бермейміз-ау. Сөніп бара жатқан осы бір тектілік ұшқынын қайта лаулатуды көздеген істер, қадамдар, шүкір, аз емес. Аудан орталығында өткен «Ұлы дала аруы» атты байқаудың мақсаты да сол болды.

Байқауда бақ сынаған жеті бойжеткен қал-қадірлерінше дайындалып келген. Алдымен олардың қолөнер бұйымдары байқасталды. Мысалы, мергендік Ариана Серік сәукеле, кеудешелер, босаға тұмарларын тігіп әкелген. Ақсуаттық Гүлнұр Темірова түрлі-түсті жіптерден жұмсақ ойыншықтар тоқыған, моншақтардан  гобилен жасаған. Ал Тайпақ ауылынан келген Аружан Ержанова мата-моншақтан түрлі гүлдестелер, ұлттық киімдегі қуыршақтар жасаудың шебері екен. Атамекендік Нұрсәуле Әбілпейісова матадан
зергерлік бұйымдар сақтайтын қобдиша, ою-өрнектің түр-түрін кестелеген. Бала жастан қолына ине-жіп, оймақ ұстап өскен бойжеткендердің бұл қыры бағалауға тұрады. Әрине, бірінші кезекте ісмерлікке баули білген олардың аналарына қошемет білдірген абзал.

Екінші бөлім «Ұлы дала мәдениеті» деп аталды. Мұнда қатысушылар тарихи шығармалардағы әйел-ана, қыз бейнесін сахналық қойылымдар  арқылы сомдап, жұртшылыққа ұсынды. Чапаевтық Сайран Дүйсенбайқызы Шыңғыс Айтмановтың «Ғасырдан да
ұзақ күн» романынан үзінді, ақсуаттық Гүлнұр Темірова «Соқырдың монологы», атамекендік Нұрсәуле Әбілпейісова Желтоқсан
оқиғасына қатысты монолог, тайпақтық Аружан Ержанова Шыңғыс Айтматовтың «Найман анасынан», жаңабұлақтық Қазына Файзуллина, мергендік Ариана Серік «Мен Мәншүкпін» жырын, тайпақтық Алтын Қайырғалиева Оралхан Бөкейдің «Жетім ботасынан» үзінділер оқыды. Осы орайда айта кететін бір жайт, байқауларда жыл сайын қайталанатын шығармалар бар. Мысалы,
«Соқыр қыздың монологы», «Жетім қыздың монологы» іспеттес әбден жауыр болған қойылымдар бар. Яғни осындай шараларға қатысушыларға ізденіс керек-ақ. Сахналық қойылымның реті осы екен деп жыл сайын бір тақырыпты қайталай беруге болмайды.
Аружан Ержанованың «Найман анадан» үзінді сомдауынан ізденімпаздығы көрінді.

Қатысушыларға дәстүрсалтымыздан түрлі сауалдар қойылды. Соның ішінде «Ерулік беру», «Иткөйлек кигізу», «Бәсіре», «Ашамайға мінгізу» сынды жоралғылардың мән-мағынасы сұралды. Бір қуантарлығы, ешқайсысы да бұл  сыннан сүрінген жоқ.

Арулар ұлттық тағамдар  дайындаудан да сынға түсті. Күні ертең бір-бір үйге келін болатын қыздардың ас дайындай білуі керек қой. Олар осында ұлттық дәмдердің түртүрін ұсынды. Бойжеткендер сән үлгісін көрсетіп, байқауды қорытындылады. Өз талғамдары бойынша тіктірген, қазақы нақышта пішілген көйлектер көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе Қазына Файзуллина мен Нұрсәуле Әбілпейісованың сонау сақ заманын жаңғыртқан ерекше киімдері назар аудартты.

Қорытындыда Жаңабұлақ ауылының қатысушысы, Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ-дың филология факультетінің студенті Қазына Файзуллина «Ұлы дала аруы» атағын, яғни бас жүлдені жеңіп алды. Қазынаның  ауданның мәдени-көпшілік шараларына атсалысып жүрген белсенділігін көпшілік жақсы біледі. Көркемсөз оқудан алдына жан салмайтын оның ақындығы бір төбе. І орынды тайпақтық Қ.Байсықов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Аружан Ержанова, ІІ орынды Чапаевтағы М.Әуезов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Сайран Дүйсенбайқызы, ІІІ орынды Тайпақтағы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Алтын Қайырғалиева еншіледі. Басқа арулар да түрлі аталымдарға ие болды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ 

Суреттерде: бас жүлдегер Қазына ФАЙЗУЛЛИНА; байқаудан көрініс

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН