27.03.2019, 15:25
Қараулар: 638
Ғажап ойынның бірі – бадминтон

Ғажап ойынның бірі – бадминтон

Мәслихаттардың 25 жылдығы мен «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай Чапаевта аудандық мәслихат, «Нұр Отан» партиясының Ақжайық филиалы және балаларжасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен ұл-қыздар мен ересектер арасында бадминтоннан аудандық турнир өтті. Оған Бәйтерек ауданынан Үлкен Шаған ауылының өкілдері, Чапаев №1, М.Әуезов атындағы орта мектептер, Абай атындағы мектеп-гимназия мен балаларжасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары қатысты.

Шараның ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев пен Ақжайық ауданының құрметті азаматы Дәулетжан Жақсыбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Бастапқыда бадминтонның қолға алынуына облыстық мәслихат депутаттары Қатауолла Ашығалиев пен Жасұлан Жақыпов үлкен қолдау көрсеткенін ақжайықтықтар әманда ризашылықпен айтып жүреді. Сөйтіп, бұл ойын 2014  жылдан аудан орталығындағы үш мектепте бастау алды. Кейін Есенсай, Базартөбе, Мерген, Харькин, Жаңабұлақ, Талап орта мектептерінде және балаларжасөспірімдер спорт мектебінде өрістеп, жылдан жылға дамып келеді. Аудан оқушыларынан облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүргендері аз емес. Мәселен, Абай атындағы мектепгимназияның оқушысы Батыр Рауан, М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Әлихан Мағжан, Аружан Ахмет секілді спортшылар қадамдары қуантады. Олар БҚО құрама командасының мүшелері болып табылады.

Тартысты бәсекеде 2001-2002 жылғы қыздар арасынан Аружан Ахмет (М.Әуезов атындағы орта мектеп), ұлдардан Рауан Батыр (Абай атындағы мектепгимназия) І орынды иеленді. 2003-2004 жылдарғы ұлдардан Нұрлыбек Қуат, 2005-2006 жылдары туған қыздар арасында Назира Серік, ұлдардан Сағи Қуанышев (үшеуі де Абай атындағы мектеп-гимназиядан) ешкімге дес берген жоқ.
2007-2008 жылғылардан Нұрбибі Махат (балаларжасөспірімдер спорт мектебі), Әлихан Мағжан (М.Әуезов атындағы орта мектеп) жеңіс тұғырына көтерілді. 2009 жылдары туғандардан Гүлназ Есмағзомқызы (балаларжасөспірімдер спорт мектебі) мен Нұрхат Эдуард (Абай атындағы мектеп-гимназия) жеңімпаз атанды.

Ересектер арасында І орынды Қуаныш Телағысов (М.Әуезов атындағы орта мектеп), ІІ орынды Ақылбек Аққайнар (Абай атындағы мектеп-гимназия), ІІІ орынды Азат Нәсіп (балаларжасөспірімдер спорт мектебі) еншіленді. Жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Әли АСҚАР 

Суретті түсірген Нұрәлі ӘЛІМ