27.03.2019, 15:46
Қараулар: 437
Мемлекетке 3 333 000 теңге залал келтірген

Мемлекетке 3 333 000 теңге залал келтірген

Биылғы 2 ақпанда, түске таяу Ақбұлақ ауылының тұрғындары, әкелі-балалы С. мен О. алдын ала сөз байласып, заңсыз балық ұстау мақсатында сол ауылдан шығыс бағытқа қарай шамамен 5 шақырым қашықтықта, Жайық өзенінде өздері бұрын құрып кеткен үш дана құрма ауды тексеріп, түскен бекіре тұқымдас балықтарға жататын, жалпы салмағы 4,4 келі болатын 10 дана сүйрікті қапшықққа салып алып, қолшанамен Ақбұлақ ауылына қарай алып келе жатқанда табиғат сақшыларына ұсталған.

Сөйтіп, екеуі өздерінің әрекеттерімен мемлекетке 3 333 000 теңге мөлшерінде, яғни ірі залал келтірген. Сот отырысында сотталушы О. тағылған айыпты және азаматтық талапты толық мойындап, әкесі С. екеуі сүйрік балықтарды ауылға қарай алып келе жатқан кезде инспекторлар ұстағанын, болған іске өкінетінін көрсетті. Сондай-ақ сотталушы С. да тағылған айыпты толық мойындап, болған іске өкінетінін, аталған құқық бұзушылықты бұдан былай жасамайтындарын айтты.

Сот отырысында «Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ-нің бас маманы Н.Сұпығалиев сотталушылардың әрекеттерінен мемлекетке 3 333 000 теңге мөлшерінде залал келгенін, сол себепті аталған соманы өндіру туралы талап арызды қолдайтынын, сотталушыларға басқа талабы жоқ екенін баяндап берді.

С. мен О. ҚК-тің 335-бабы, 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға 3 жыл мерзімге балық ауламен айналысу құқығынан айырыла отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-тің 63-бабы қолданылып, тағайындалған жаза шартты деп саналды. Екеуінен бірлескен тәртіппен мемлекет пайдасына 3 333 000 теңге шығын өндірілетін болды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айгүл ТҰРАЛИЕВА,

№2 сот кеңсесінің бас маманы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар