27.03.2019, 15:59
Қараулар: 663
Атамның аманаты

Атамның аманаты

Тарих жылнамасынан өзінің қаралы жылдарымен орын алған, Кеңес Одағы тұсындағы ең қайғылы беттердің бірі – Ауған соғысы. Міне, биыл Ауғанстаннан Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің шығарылғанына 30 жыл толды. Бұл дата біздің елімізде бейбітшілікке жететін ештеңе жоқтығын, тыныштық аясында еңбек етуден асқан бақытқа ешнәрсе жетпейтін әйгілеумен аталып өтті.

Осы Ауған соғысының ардагері, менің атам Амангелді Дүйсенбаев 1960 жылы Алғабас ауылында дүниеге келген. 1978 жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, Венгрияның Гешконманше, Ауғанстанның Газный қаласында әскери қызметін жалғастырған. Ол майданда атқыш міндетін  атқарған. 1980 жылдың қаңтар айында туған жеріне оралды. Жауынгерлік міндетін абыроймен атқарғаны үшін бірнеше орден, медальмен марапатталған.

1983 жылы отбасын құрған, үш ұл өсірген бақытты жанұялардың бірі болды. Өкінішке қарай, атам ауыр науқастан дүниеден өтті. Сабырлы, қарапайым, қайырымдылығымен маңайына үнемі көмектесіп жүретін жан болғанын барлық ауыл тұрғындары ризашылықпен, қимастықпен еске алып отырады.

Мен атамның тұңғыш немересімін. Ауыл-елге сыйлы болған оны мақтан тұтамын. Ол еліміздегі барлық баланың, жас ұрпақтың жақсы білім алып, Отанға пайда әкелуін жиі әңгімелеп, армандаған. Мен  оның осы аманатын, арманын орындауға ұмтыламын.

Аяулым АМАНГЕЛДІ, 

Алғабас орта мектебінің 6-сынып оқушысы, 

Алғабас ауылы