27.03.2019, 16:07
Қараулар: 640
«Отбасының шуағысың, ақ әжем!»

«Отбасының шуағысың, ақ әжем!»

Ұлыстың ұлы күніне орай Ілбішін ауылындағы «Еркемай» бөбекжайында түрлі тақырыптық дәрістер өткізілді. Халқымыздың ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрлерін дәріптеу мақсатында көпшілік шаралар ұйымдастыру жөнінде бұл мекемеде бай тәжірибе қалыптасқан. Мысалы, әжелер өнегесін насихаттау жүйелі түрде қолға алынған. Бұл балалардың үлкендерді сыйлап, олардың еңбек жолынан жақсы хабардар болуына жетелеп келеді. Бөбекжай  мен ата-аналар арасында тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында, мысалы, Наурыз күндері тәрбиешілер Ақбаян Сариева мен Алтынай Исақова ұйымдастырған «Отбасының
шуағысың, ақ әжем!» атты тәрбиелік дәріске жиналғандар аз болған жоқ.

Мұнда зейнеткер әжелер немерелерімен қатысып, алуан бағдарламада өздерінің бірлігін, ұмтылысын көрсетті. Әжелердің «Сыр сандық» (дәстүрден көрініс), «Өнер тамған он саусақ» (құрақ көрпе, тұс киіз, тоқыма бұйымдар, т.б. жасалу  жолдары), «Немеремізбен, бәріміз өнерліміз» (өнер сайысы), «Ұлттық дастарқан» (ұлттық тағамдардың дайындау тәсілін түсіндіру) бөлімдері бойынша әңгімелерін кішкентайлар да, жиналғандар да ұйып тыңдады. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, ата-баба мұрасын ұрпаққа жеткізудің бірден-бір кепілі де, көзі де ата-әжелеріміз екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті.

Данара ЖАНҒАЛИЕВА,

Ілбішін ауылы