4.04.2019, 16:52
Қараулар: 652
Ақылы негіздегі тұңғыш ҰБТ

Ақылы негіздегі тұңғыш ҰБТ

Чапаевта тұңғыш рет ақылы негізде ҰБТ ұйымдастырылды. Аудан бойынша орта мектептердің 418 оқушысының 269-ы тестілеуге қатысу үшін өтініш берген-ді, соның 266-ы қатысты. Үшеуі бір себептермен сынаққа қатысудан бас тартқан. 253-і қазақ тілінде, 16-сы орыс тілінде ҰБТ тапсырды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу – мектеп түлектерінің жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны екені көпшілікке белгілі. Осы жылдан орта мектеп түлектері ЖОО-ға түсу үшін ҰБТ-ны төрт рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында тапсыратыны көзі қарақты жандарға мәлім. Қаңтар айында Оралда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде өткен ҰБТ-ға ауданның 6 мектебінен 49 ұл-қыз қатысқан болатын.

Аудандағы ақылы ҰБТ-ның қорытындысында ең жоғары 125 балды бір оқушы, төменгі 23 балды бір оқушы алды. Шекті деңгейден (50 балдан төмен) өтпеген түлектер саны – 47. Талапкерлердің дәстүрлі түрде үш негізгі пәннен білімдері тексерілді. Атап айтсақ, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы. Қалған екі пән таңдаған мамандықтары негізінде тапсырылды.

Айта кетейік, қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ үміткерге жоғары оқу орындарының тек ақылы бөлімдеріне түсу құқығын береді. Осы үш тестілеудің нәтижесі бойынша сертификат беріледі. Бұл сертификаттар грант алуға жарамсыз. Егер үміткер мемлекеттік грантқа қатысуға ниет білдірсе, онда ол ҰБТ-ны маусым айында тапсыруы тиіс. Тек сол тестілеудің қорытындысымен ол гранттық байқауға қатыса алады.

Әли АСҚАР 

Суретті түсірген автор