4.04.2019, 17:20
Қараулар: 9
Айтулы даталарға арналды

Айтулы даталарға арналды

Апта сейсенбісінде аудан орталығында Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 25 жылдығына және «Nur Otan» партиясының 20 жылдығына арналған жиналыс өтті.

Бөлімдер, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, округ әкімдері, жұртшылық өкілдері қатысқан бұл шараны аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов құттықтау сөзбен ашты.

Осыдан 30 жыл дерлік уақыт бұрын, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоғамдық өмірде үлкен өзгерістер, реформалар басталып жатты. Біздің ауданда да жаңа атқарушы билік өз ісіне кіріскенмен, қоғамдық өмірдің басқа басқару тетіктері кейінірек келген еді. Егемендік алғаннан төрт жылдан кейін – 1994 жылғы 7 наурызда алғашқы сайлау өткізіліп, аудандық мәслихаттың депутаттары сайланды. Осылай биліктің жаңа өкілді органы – мәслихат – депутаттар жиналысы құрылды. Міне, бүгін еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаға ширек ғасыр толып отыр. Осы мерзім ішінде мәслихаттар толық қалыптасып, өз өміршеңдігін дәлелдеді.

Жиналыста өз баяндамасында аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев осы туралы айта келіп, өкілді органның
жылнамасынан мысалдар келтірді. Заңнамаға өзгерістер енгізілуі мен қызмет ауқымының кеңеюіне байланысты 2002 жылы
аудандық мәслихаттың аппараты құрылып, тиісті тіркеуден өтті. Аудандық мәслихат 25 жыл ішінде халық пен атқарушы билік арасында тығыз байланыс орнатып, ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуындағы  кейбір мәселелерді тиісті құзырлы органдарға жеткізіп, шешу бағытында біркелкі жұмыстар атқаруда.

Мәслихаттың сессиялары мен тұрақты комиссияларында жоспарлы мәселелер, бюджетті бекіту және нақтылаумен қатар мекеме, кәсіпорын, бөлім басшыларының есебі тыңдалады. Соңғы жылдары көптеген өзекті мәселе – мемлекеттік тіл мәртебесі, экологиялық ахуал, коммуналдық шаруашылық, Жайық өзенінің жағдайлары, әлеуметтік нысандар құрылысы, т.б.-лары ҚР Парламенті мен республикалық деңгейдегі құзырлы органдарға, министрліктерге жолданды.

2013 жылдан бастап ауылдық округ әкімдерін мәслихат депутаттары сайлап келеді. Өткен мерзімде осындай 16 сайлау өтті. Биылдан бастап ірі ауылдық округтер әкімдігінің бюджетін мәслихат бекітіп, нақтылауды жүзеге асыруда.

– Бүгінде мәслихаттың құрылған мерейлі датасымен қатар еліміздегі үлкен саяси күш – «Nur Otan» партиясының 20 жылдығын атап өтудеміз. Депутаттарымыздың барлығы жетекші партияның мүшесі болып табылады, – деді С.Сиражев сөзінің соңында.

Осыдан соң «Nur Otan» партиясы Ақжайық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева баяндама
жасады.

– Міне, біз 20 жылдық мерейлі межеге қадам бастық, – деді ол. – Алғашқы сәттен-ақ партия құрамына елімізде 164 мың адам
мүше болды. Бұл көрсеткіштен бастап жаңадан құрылған ұйым Қазақстандағы ең ірі саяси партияға айналып, қазіргі уақытта өз қатарында 1 млн.-нан астам мүшесі бар. Аудандық филиалдың 2676 партия мүшесі 23 бастауыш ұйымға біріккен.

Бұдан әрі баяндамашы жылдар жүзінде партия бағындырған биіктерді атады, бүгіндегі беталыстарды тілге тиек етті. «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жаңа 20 партиялық жоба іске асырылуда. Партияның «Заманауи білім орталықтары» жобасы аясында кітапханаларды қазіргі заманғы коворкинг және білім орталықтарына айналдыру қолға алынды, бұлардан мысал ауданымызда да бар. «Nur Otan» партиясының жуырдағы кезекті XVIII съезінде 2030 жылға дейінгі бағдарлама қабылданды. Бағдарламада партиямыздың алдағы он жылға
арналған күн тәртібі жарияланды. Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев съезде сөйлеген сөзінде халықтың әл-ауқатын өсіріп, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік доктринасын баяндады.

Бұл таңда төрт нақты жоба орындалуда. Олардың біріншісі – «Бақытты отбасы» жобасы. Бұл бастама алдымен аз қамтылған
және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында қолға алынып отыр. Жоба аясында партияның қоғамдық қабылдау
бөлмелері мен филиалдары арқылы мұқтаж жандарға нақты көмек көрсетілуде. «Құтты мекен» жобасы алдымен ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталса, «Ауыл – ел бесігі» жобасы да жұмыс орындарын ашып, жайлы өмір сүруге қолайлы жағдай жасауды көздейді. «Халыққа көмек» жобасы тұрғындарға жедел әрі нақты әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді.

Бұдан әрі жиналыс мәслихаттардың 25 жылдығына орай марапаттаулармен жалғасты. ҚР Парламенті Мәжілісінің алғысхатымен Қамбар Досмұханов – «Базартөбе» шаруа қожалығының мүшесі (Базартөбе), БҚО Құрмет грамотасымен Айжан Нысанбаева – «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының алғысхатымен Татьяна Горбунова – аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы, Светлана Оразова – Абай атындағы мектеп-гимназия директоры, мәслихат депутаты, Қанапия Таспай – Ғ.Махамбетов атындағы орта мектеп директоры, мәслихат депутаты
(Базаршолан), Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатымен Самал Дошанова – Алмалы орта мектебінің директоры,
мәслихат депутаты, БҚО мәслихатының алғысхатымен Біржан Кухаев – «Ақжайық» ТРК дикторы, мәслихат депутаты, Ақжайық ауданы әкімінің алғысхатымен Өмірғали Иманғалиев –кәсіпкер, мәслихат депутаты (Қарауылтөбе), Раиса Смирнова – Қ.Байсықов
атындағы орта мектеп мұғалімі, мәслихат депутаты (Тайпақ), Құрманғазы Қуаншалиев – Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі ММ директоры, мәслихат депутаты марапатталды.

Сондай-ақ бір топ депутат, мәслихат аппаратының қызметкерлері аудандық мәслихаттың алғысхатымен қошеметтелді.

Жанболат НҰРКЕН