4.04.2019, 17:28
Қараулар: 693
Дене шынықтыру мен спорт – елдің ерек тірегі

Дене шынықтыру мен спорт – елдің ерек тірегі

Өркениет көшіне ілескен Қазақстанда дене шынықтыру, спорт пен саламатты өмір салтына күнбе-күн тұрақты назар аударылуда. Өйткені азаматтардың өмір сүру сапасында бұлардың маңызы шексіз және онсыз экономикалық дамуға қол жеткізу мүмкін емес.

Апта сәрсенбісінде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтің ауылдардан шақырылған спорт ардагерлерімен, Ақжайықтың түлегі болып табылатын белгілі спортшылармен және ауылдардағы олардың жолын қуған қыз-жігіттермен, түрлі жарыстарда дараланып жүрген өнегелі жастардың, мектеп оқушыларының үлкен тобымен кездесуінде осы жайында кеңінен әңгімеленді.

Дене шынықтыру мен спорт, әлбетте, кеңбайтақ еліміз шаңырағының үлкен уығы, ерек бір тірегі болып табылады. Сондықтан біздің ауданымызда да оның бұқаралылығын қанаттандыру мақсатында қолдан келгеннің бәрі жасалуда,  жасала да береді. Жүздесу барысында осыдан нақты мысалдар айтылды. Аудан басшысымен емен-жарқын әңгімеде қатысушылар ойтолғамдарын, ұсыныстарынортаға салды.

Мысалы, ардагер Аманғали Қайсағалиев тоғызқұмалақты өрістетуге байланысты пікірін айтса, тағы бір ардагер Марат Досмұхамедов дойбы мен шахмат клубы ашылса деген тілегін жеткізді. Әскер қатарына шақырылатын жастардың дене жағынан дайындығы да өзекті мәселе екені мәлім. Бұған жер-жерде ерекше көңіл бөлу керек-ақ. Бұл жайында ардагер Станислав Ложкин айтты. ҚР мәслихаттарының Құрметті депутаты Дәулетжан Жақсыбаев әсіресе жеңіл атлетиканы дамыту, Бударин тұрғыны Ерлан Сарбаев өздерінде еркін күреспен шұғылданатын ғимарат қажеттілігін тілге тиек етті.

Кездесу марапаттауға ұласты.

Қол күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Кенжеқыз Каупенова, ҚР кубогінің иегері, ҚР чемпионатының күміс жүлдегері Жанна Қазтуғанова, жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатының жүлдегері Ринат Қамен, жекпе-жектен ҚР чемпионатының қола
жүлдегері Жанель Ғариполла, қазақ күресінен БҚО чемпионатының жеңімпазы,республикалық турнирдің күміс жүлдегері Алмагүл
Серікбайқызы, волейболдан халық ойындарының жеңімпаздары Данияр Бакишев пен Баян Қайырғали, сондай-ақ футзалдан 2018-2019 жылдар қорытындысымен І орын иегері «Жігер» спорт клубы, ІІ орын иегері аудандық аурухана, ІІІ орын иегерлері аудан әкімдігі мен Қабыршақты командалары, түрлі аталымдармен жекелеген аяқдопшылар, паралимпиадалық спорт түрлерінен жетістіктерге жеткен Амангелді Сатыбалдиев (үстел теннисі, бадминтоннаноблыс құрама командасының мүшесі), Зағипа Мыңбаева (қол күресінен және жеңіл атлетикадан облыс құрама командасының мүшесі), аудандық арнаулы әлеуметтік
қызмет көрсету орталығының ұжымы, Қазбек Медеуов (отырып ойнайтын волейболдан облыс жүлдегері, шахматтан аудандық жарыстардың жеңімпазы), Дина Аймурзиева («Жігер» спорт клубының нұсқаушысы), сонымен қатар волейболдан ауданның
маңдайалды командалары мен ойыншылары, денсаулық фестивалін жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастыруға сүбелі
үлес қосып жүрген мекемелер ұжымдарды, ұлттық спорт түрлерін дамытудағы еңбектері ерек ұжымдар, дене шынықтыру
мен спорт саласының өкілдері, жастар жетекшілері қошеметтелді.

Мыңбай АЙТ 

Суретті түсірген Н.АСЫЛБЕКҰЛЫ