4.04.2019, 17:32
Қараулар: 476
«Ақжайық – әнім»

«Ақжайық – әнім»

Чапаевта осындай атаумен күллі алашты әнімен әлдилеп жүрген Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық 
филармонияның әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегеновтің шығармашылық кеші өтті.

Көркемдік жетекшісі және бас дирижері «Құрмет» орденінің иегері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов болып табылатын Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен А.Маемировтің сөзіне жазылған «Оралым, асыл қалам» әнімен кеш шымылдығы ашылды. Оркестр Құрманғазының әйгілі «Серпер», «Сарыарқа» күйлерін орындаған соң Е.Өтегенов әуелеткен «Жүрші, сәулем, ауылға», «Әке», «Анаға хат», «Ләйлім шырақ», «Сағындым, сәулем», «Аққуым», «Жұмбақсың», «Қазақстаным», «Ақжайық – әнім», репертуарындағы жаңа «Айлы түнде», «Қариялар»  сынды әндер көрермен жүрегіне жол тартты. Жылдар жүзінде бағындырған биігі көп оның шашбауын көтерген ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова мен қазақ эстрадасы жұлдызының бірі Индира Расылхан орындаған әндер кеш шырайын аша түсті. Республикалық айтыстардың жүлдегері Айнабек Бисенғалиев арнауын арнаса, «Назерке» халық би ансамблі де осы өнер мерекесі құрметіне би орындады.

Кештің бір ерекшелігі Еркін Өтегенов зайыбы Зоя Қуанғалиеваны сахна төріне  алып шығып, көрерменге сәлем салғызуы болды. Отау құрғандарына жеті жыл болған жұбайлар белгілі қаламгер Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Жан самалы» әнін қосыла шырқады.

Шара соңында сахнаға көтерілген аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов ақжайықтықтарға жан сергіткен рухани дәулет сыйлаған Еркін Бекмұратұлына игі тілегін арнап, ауыл-ел атынан сыйлық табыстады.

Нұрхат МАҒЗОМОВ 

Суретті түсірген Нұрбек ИХСАН