4.04.2019, 17:43
Қараулар: 463
Игі мақсатқа қарай, алға

Игі мақсатқа қарай, алға

Гүлжанат ЖАРЫЛҒАС, Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің педагог-психологі, Қабыршақты ауылы: 

– Жоғары оқу орындарынан мамандық алып шыққан қыз-жігіттің ізденісін жетілдіріп, жұмысқа тұрып, елімізге қызмет ету мәселесі қоғамның даму тенденциясын анықтайтын фактор екені мәлім. Мемлекетіміздің алға қарай ілгерілеуінің түп негізі – бәсекеге қабілетті жас буын, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты екені анық.

2018 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен педагог-психолог мамандығын тәмамдап, бүгінде өзім оқыған алтын ұя мектебімде қызмет етудемін. Осындағы ұстаздарыма айтар алғысым шексіз. Мектепке келісімен қуанышпен қарсы алып, өздерінің бай тәжірибелерімен бөлісіп, жас ұрпақты тәрбиелеуде маған зор сенім жүктеді. Сондықтан аз ғана уақыт ішінде тәлімдік-тәрбиелік маңызы зор шараларға, жобаларға қатысып, жетістіктерге жеттім. Атап айтсам, жеке тұлғаны адамгершілік-рухани жағынан дамытып, құқық бұзушылық пен қылмыстық іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында өткізілген «Үздік мектеп акциясы» жобасы бойынша мектебіміз ауданнан І орын, облыстан алғысхатқа ие болуына өз үлесімді қосқанымды мақтан етемін. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылар арасында және оларға қарсы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында «Қауіпсіз мектеп акциясы», «Қауіпсіз мектеп автобусы», «Зорлықзомбылықсыз балалық шақ» және жеткіншектер мен жасөспірімдердің бойында позитивтік өмірлік ұстанымын қалыптастыру мақсатындағы «Жақсы көңіл күй – психологиялық денсаулық кепілі» науқанын сәтті өткіздім.

«Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру кeрeк» деп Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бойындағы дарынды ашу мұғалімнің міндеті деп ойлаймын. Қазір жас маманмын, болашақта өзім білім алған ұстаздарым секілді білікті маман болу – менің алға қойған мақсаттарымның бірі.