4.04.2019, 17:47
Қараулар: 443
Жалаң сөздің заманы емес

Жалаң сөздің заманы емес

Еркебұлан БЕЛЯКОВ, аудандық емхананың эпидемиолог дәрігері: 

– Жастар жылы ел өміріне серпін әкеліп, қоғамның ауызбіршілігін нығайтуда. Бүгінгі жас буын – ертеңгі кәсіби білікті маман, бір-бір отбасының тірегі. Олар қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген ортақ мәселеге бейжай қарамауы тиіс. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайды.

2014 жылы Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы медициналық университетте оқуымды аяқтап, өзімнің туған жеріме қызмет қылсам деген мақсатпен Ақжайық аудандық емханасына дәрігер эпидемиолог болып жұмысқа орналастым. 2015 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша үйлі болдым. Соңғы кезде эпидемиолог дәрігер жұмысымен қоса маған саламатты өмір салты бөлімінің дәрігері қызметі қосымша жүктелді. Қолымнан келгенше, сенімді ақтауға ұмтылып келемін.

«Ауылымды дамытуға септігім тисе екен» деген мақсатпен қызметті құнтты орындап, саламатты өмір салтын тұрғындар арасында кең көлемде насихаттап, халықты спортпен шұғылдануға шақыру мақсатындағы жұмыстарымыз аз емес. Ауылдық және аудандық көлемде түрлі спорттық жарыстар және мәдени шараларға араласамыз. Сонымен қатар қазіргі таңда өзекті мәселелерге айналған түрлі аурулардың алдын алу мақсатында мектеп, колледж, басқа да мекемелерге, ауылдарға барып, түсіндіру жұмыстарын жиі-жиі жүргізіп тұрамыз.

2019 жыл жалаң сөз, жаттанды дүниеге құрылмай, жас лектің нақты түйткілдерін шешетін жыл болғай.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар