5.04.2019, 9:02
Қараулар: 202
Діни діңгегіміз туралы дәрістер

Діни діңгегіміз туралы дәрістер

Дін халықтың көне заманнан бергі рухани-мәдени мұрасы ретінде біте қайнасып келе жатқан құндылықтарының бірі болып саналады. Ол күнделікті қоғам өмірінің, салтымыздың, әдет-ғұрпымыздың басты факторының бірі екені аян. Халық діни руханиятқа бет бұрып, мешіттердің саны көбейе түсуде. Еліміздегі діни қайта өрлеу, халқымыздың діни-рухани мәдениетті танып-білуге ұмтылуы заңды да. Себебі қазақ елінің рухани тұғыры – ислам құндылықтарының қайта жаңғыруы – ұлттық жаңғыруымыз негіздерінің бірі болмақ.

Алайда кейбір экстремистік ағымдар адам құқығы мен демократияны бетке ұстап, біздің рухани дүниемізге, жұртымыздың бірлігі мен ынтымағына, ұлт тұтастығына іріткі салып, жастарымызды хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.
Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа жасалатын сондай шабуылдан қорғана білуіміз керек. Әсіресе жастар өз діни сауаттылығын күшейткені абзал. Осы орайда мемлекет құқықтық базаның негізін қалап отыр.

Ауылдастарымыз осыған байланысты жан-жақты хабардар болуға барған сайын мүдделілікті арттыруда. Ақпараттық-насихат тобының мүшесі ретінде мен де бұған сөзсіз көз жеткізіп келемін.

Тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыру және діни экстремизмнің алдын алу мақсатында ақпараттық насихат тобының іс-шаралары жоспарлы түрде өткізіліп келеді. Міне, жылдың өткен кезеңінде «Жас жеткіншектерді, мектеп оқушыларын діни фанатизм мен экстремизм көріністерінен сақтандыру, суицидтің алдын алу», «Діни салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды, ұлттық
құндылықтарды насихаттау», «Жастар арасында саламатты өмір салтын өрістету, есірткімен күрес» атты кезекті дәрістер
өткізілді.

М.Абдолов атындағы және Үштөбе негізгі мектептеріндегі оқушыларды асыл дініміздің мәні, анықтамасы, әлеуметтік маңызы, шығу тегімен тереңірек таныстырып жүрміз. Сонымен қатар мәдени-имандылық, отбасы құндылықтарын, ізгілік, қайырымдылық, діни-этикалық құндылықтар туралы сабақтан  тыс кезде де ұл-қыздарға ұғындыру жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Мектептерде сондай-ақ қоғамдық тыңдау өткізіліп тұрады. Ауылдық округ әкімі, мекеме басшыларының қатысуымен ұрпақтың
азаматтығын және әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруда ата-аналардың рөлін жандандыру тақырыбындағы тыңдаулар жасөспірімдер арасындағы жат әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Ата-ана баласының бос уақытын дұрыс пайдалануына
жағдай жасау, білімге ынтасын арттыру, мамандыққа баулу, көшеде немесе өзге ортада қандай жағдайда болмасын өз позициясын ұстауға бейімдеу жайында жуырдағы әңгімелердің де ықпалы зор.

Осындай дәрістер, кездесулер сұрақ-жауаппен өріліп, шын мәнінде көп болып ойласудың ұтымдылығына әкеліп жүр.

Вибираба ОРЫНБАЕВА,

негізгі мектептің педагог-психологі, ақпараттық-насихат тобының мүшесі,

Жамбыл ауылы