5.04.2019, 9:13
Қараулар: 465
Суицид деген сұмдық бар…

Суицид деген сұмдық бар…

Өкінішті-ақ, суицид дегенді жарғақ құлағымыз жиі естейтін болды бұл күні. Бас ауыртар басты бір мәселеге айналған оның салқыны, шынтуайтында, селт еткізбей қоймайды. Қазақстанда кісі қолынан жазым болатындардан өзіне қол салатындар саны әлдеқайда көп екен. Статистикалық мәліметке жүгінсек, өзіне-өзі қол жұмсағандардың үштен бірі маскүнемдік пен нашақорлықтың кеселінен, үштен екісі депрессияның себебінен көз жұмады. Депрессия дегеніміз – бір сөзбен айтқанда торығу деген ұғымды білдіреді. Сонда суицид жағдайында жан тапсыратындардың көбі торығудың торынан құтылудың жолы – өлім деп біліп, солай шешім қабылдайды деген сөз ғой. Қара түнектей қаптап келе жатқан бұл зұлмат бізді алаңдатуы керек-ақ.

Ауданымыздың өзінде 2018 жылы 11 ересек адам өзіне қол жұмсаса, 5 адам осындайға әрекеттенген. Бұлар 21-84 жас аралығындағы тұрғындар. Осы жылдың қаңтар айынан бері ауданда суицидтік мінез-құлықтан 3 (Тайпақ ауылдық округінде) жағдай орын алды.

Жоғарыда айтылған 11-дің мүгедек біреуінен басқасы еңбекке қабілетті, тума-туысқандары көп, тіпті көпшілігінің тұрмысы адам қызығардай-ақ. Ал басқасына қатысты, бұған әлгі 5 адамды қосып айтсақ, үйлі-жандылардың тұрмыс тауқыметін көтере алмауынан, екінші бірі ішімдіктің (маскүнемдік) жолында жүріп сондайға ұшыраған. Енді бір оқиғада жастардың махаббат
мәселесіндегі түйіткіл осыған әкелген.

Міне, осының бәрі бүгінде адамзаттың ортақ дұшпаны.  Бұл жерде мына бір нәрсе айқын: басқа түскен әлдебір қиыншылықтан өзі-өзіне қол жұмсау арқылы «шығу» дегеніміз мүлдем қате екенін әркім білгені жөн. Адам алдымен өзін байқастауы, сынағаны
абзал. Осы жайында ғасырлар жүзінде талай ақылды адам айтты емес пе?! Қай жерде шалыс бастым, қай жерде қандай ағаттыққа бардым, міне, осыларды біліп алған жөн. Мұндай жағдайда жақсы достардың да көмегі аса қажет. Өзін байсалды ұстау да көп жағдайда дұрыс әрекет болып табылады.

Шектен шыққан зорлықзомбылық, адам денсаулығына қасақана қауіп төндіру, ұрыпсоғу, жыныстық қатынасқа әкелу, қорқыту, көп ақша талап ету, моральдық жағынан қинау, т.б жағдайлар адамды суицидке итермелейтінінен әлемде мысал көп. Мұндай жағдай
өмірден түңілдіреді, бәрінен күдер үздіреді. Ал айдың-күннің  аманында тосын әрекетке бару дегенің, бір жағынан қарағанда,
ақылға сыймайды ғой.

Осы күні жасөспірімдердің мінездері де құбылмалы. Кез келген нәрсеге шыдамайды. Қатты сөйлесең өзіне ауыр қабылдайды. Сондықтан оларға абай болған жөн. Әке мен ана арасындағы ұрыс-керіс те баланың психологиясын бұзып, түрлі әрекеттерге баруға дағдыландырады. Жастардың арасындағы бір-біріне деген достықтың, сыйластықтың болмауы да жақсы емес. Екі жастың арасындағы махаббат мәселесі көп жағдайда байлық бәсекелестігіне тірелуі, ерлізайыптылардың бірі-бірінің көзіне шөп шалуы да қоғам үшін қауіпті.

Бұл проблеманы бүгінде түбегейлі жою мүмкін емес. Ақиқат сол. Ал себеп-салдарын азайтуға әбден болады. Біртұтас қоғам болып күресуіміз керек. Өзіне қол жұмсап  тірі қалғандармен тілдесіп көрсек, олардың дені өмірмен шын қоштасқысы келмеген,
тек өздеріне қоғамның назарын аударуға тырысқан. Сондықтан түрлі мәселелерге тап болып, депрессияда жүрген айналамыздағыларға жанашырлықпен қарап, сырымен бөлісуге мүмкіндік жасап, өмірдің жақсы жақтарын көбірек айтып, оның мәселесін шешуге жәрдем беруге тырысуымыз өте маңызды.  Осы арқылы біреудің өмірін сақтап  қалуымыз әбден мүмкін. Қандай
да бір қиыншылықтарға тап келсеңіз, аудандық ауруханамызда 2016 жылдан бастап «сенім телефоны» жұмыс істеуде (91-3-77), хабарласыңыз. Қауіпті тәуекел тобына жататын тұрғындармен (арақшарапты көп пайдаланатындар, жұмыссыздар, туберкулезбен
ауыратындар, мүгедектер, жүкті әйелдер, бұрын суицидке барғандар, қолайсыз отбасылар), аяқталмаған суицитке барып қалғандармен айына кем дегенде екі рет үйлеріне барып, арнайы тест өткізіп тұрамыз. 2019 жылдың ақпан айынан бастап арнайы мамандардан құралған жедел топ аудан ауылдарын аралап, суицидтің және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында кездесулер ұйымдастырып жүрміз. Жедел топтың осындай жұмысын қолдаушылар қатары көбейеді деп есептейміз.

Өз өмірін қию деген кесапат адамды екі дүниеде де орны толмас өкінішке ұрындырады. Басқа түскен уақытша қиындыққа мойымай, оны жеңіп шығу, қайсарлық таныту – мығым ұстаным болса, құба-құп. Суицид – қиындықтан құтылудың жолы емес.

Толқын МУРСАЛИМОВА, 

Ақжайық аудандық ауруханасының психологі