5.04.2019, 9:47
Қараулар: 210
Сақтық болмаса, сан соғып қалу әп-сәтте

Сақтық болмаса, сан соғып қалу әп-сәтте

Ортақ байлығымыз – орманды оттан қорғау баршадан аса қырағылықты қажет етеді. Біздің мемлекеттік мекемеде БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ауқымды жоспарына сай алаптар мен қойнауларда өрттің алдын алу жөнінде тиісті қам-қарекеттер атқарылуда.

Бүгінде мекемеде 34 дана рапсалық сушашқыш, 7 моторлы ара, 2 қуатты сусорғы, 2 өрт сөндіру автомобилі, басқа да қажетті құрал-жабдықтар бар. Жылдағыдай, сәуірде өртпен күрес бекеті іске кірісетін болады, жаттығулар өткізіледі. Өрт қауіпсіздігі кезеңіне арналып өткен аптада болған кеңесімізде бұл көкейкесті  мәселе егжей-тегжейлі талқыланды. «Тілсіз жауға» жол бермеуде тұрғындардың, еңбек ұжымдарының мүдделілігін күшейту керегі де басым әңгімеленді. Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленов өзінің мына ой-пайымдарын ортаға салды. Ауылдарда да, қырда да қалдық-қоқысты жағу аз кездеспейді және мұндай отты еш қадағалаусыз тастау жиі ұшырасады. Содан кейін қауіп туындайды, дала өрті тоғайлыққа төнеді. Бізде желдің жылдамдығы секундына 20 етрге дейін, одан да асатын уақыттар аз емес, демек, жержерде сақтықты күшейтпесе, сан соғып қалу дегенің әп-сәттеақ.

№18 өрт сөндіру бөлімінің өкілі Мәлік Құспанов өртпен  күреске байланысты барлық қызмет, құрамалардың өзара әрекеттестігі байқасталып, дайындықтары тексерілетінін баяндап, жазғы кезеңдегі міндеттерді пысықтады. Кеңесте мемлекеттік орман
қоры алаптарында тиісті ұйымдармен бірлескен рейдшолуларды жалғастыру жайында, орманшылардың, қорықшылардың әлеуметпен тығыз қарым-қатысын жетілдірудің оқыс оқиғаларды болдырмаудағы маңызы сөз болды.

Бибігүл ҚАБДОЛОВА,

Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің орман қорғау инженері