5.04.2019, 9:49
Қараулар: 229
Қуана білгенге кұт қонады

Қуана білгенге кұт қонады

Қазақтың басына нелер келіп, нелер кетпеген. Ашаршылық, соғыс, мәңгүрттендіру саясаты – бәрі де қазақ үшін бел қайыстырған нәубет болды. Мың өліп, мың тірілдік емес пе?!

Бүгінде, мың шүкір, тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы қазақ өз соқпағын тауып, өз қамын өзі жасады. Ата Заңымыз үстемдік құрып, бейбіт күннің нұры атты. Дініміз оралып, дәстүріміз орнығуда. Шекара шегенделіп, төл теңгеміз қолданысқа енді. Тәубе!

Иә, асыл дәстүрлеріміз, дініміз қанатын кеңге жаюда. Кейінгі жас буын соның бәрін ата-бабадан қалған мұра деп ұғынуы барған сайын күшейіп келеді. Бұл үшін менің де қуанышым шексіз. «Қуана білгенге құт қонады» деген. Лайым, осыдан айырмасын.

Кеңестік кезеңде ораза мен намазды өтеудің өзі сират көпірден өтумен бірдей болғаны да жұртымыздың есінде. Бүгінде еркінбіз, еңселіміз. Қолда бардың қадірін білуге тиіспіз дер едім. Құндылықтарымызды тереңірек оқып-үйренсек, асыл дініміздің қыр-сырына үңілсек, білмегенімізді білетіндерден сұрап, білімімізді толықтырсақ, нұр үстіне нұр.

Менің тағы бір қуанатыным, ұлттық спорт түрлерінің барған сайын өрістеуі. Мәселен, аударыспақ, көкпар секілді ата-баба қанына сіңген ойындар да жаңғыруда. Мұны өз ауданымыздан да көріп жүрміз. Өткен айларда бірқатар ауылда, оның ішінде аудан орталығында ат спортынан өткен сайыстарға сүйсінбеген жұрт қалған жоқ. «Бәрекелді!» дейсің.

Мен де өз туған өлкемді, салт-дәстүрімді шын жүрегіммен сүйемін. Жұртымыздың асыл қасиеттері жүрегіме – қуат, көңіліме мақтаныш ұялатады. Ұлттық тектілік пен тазалығымызды сақтаудағы барлық қадамдарымыз құтая беруіне тілекшімін.

Берікбек САМАТ,

Чапаев ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар