11.04.2019, 17:02
Қараулар: 32
Бруцеллез малды қойып, адамға ауыз салуда

Бруцеллез малды қойып, адамға ауыз салуда

Малдың ерекше жұқпалы, эпизоотиялық кеселдерінің алдын алу жөнінде түйінді мәселелер аз емес. Әсіресе бруцеллездің адамдарға жұғу оқиғалары соңғы жылдары көбейіп кеткені жұртымызды алаңдатуы тиіс-ақ. Өкінішке қарай, осы жылдың алғашқы азғана айында-ақ аталған кеселмен ауданда үш адам (Қабыл, Бударин, Алмалы ауылдарында) есепке алынып үлгерсе, сол ауруға күмәнді деген бір тұрғын кездесіп отыр.

Аталған дерт, әрине, мал шаруашылығында баяғыдан бар. Ал анау 90-шы жылдардан бері, яғни нарықтық қатынастар есік қаққаннан ветеринарлық шаралардың әлсірегені, тұрмыс-тірліктегі күрмеулер түлік ауруларынан сақтықты ұмыттыруы ақыры келіп бруцеллезді жұқтырған адам санын күрт көбейтіп жіберді. Сол «қарқын» әлі сақталуда. ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Азамат Алхамбетов пен тілші әңгімесінде эпизоотиялық қауіпсіздікке қатысты қамтылған бірсыпыра жай-күйді оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Ветеринария саласынан берілген нұсқамаларды мал иелерінің орындамай жататыны, мамандарға орынсыз
қарсыласатыны туралы жиі естіледі. Сонда олардың уәжі қандай, неге сүйенеді?

– Түлігінен кеселдің табылғанына сенбейді, «әуелде қан алынғанда ештеңесі жоқ еді ғой. Қоңы деген керемет, осындай мал ауыра ма?» дейді. Қырсық осыдан басталады. Біраз тұрғын баршаға ортақ санитарлық қағидалар бар екенін ұғынғысы келмейді. Мал мамандарының кеңесін жүрдім-бардым тыңдайды. Ауыл-ауылдағы кездесулерде жыл сайын бруцеллездің адамға жұғуы азаймай келе жатқаны, тіпті 2015 жылы 43 тұрғынның ауырғаны, бұл көрсеткіш 2017 жылы – 41, 2018 жылы 20 болғанын айтудан кенде емеспіз. Бірақ ырғалып-жырғалу басым.

Биыл бруцеллезге шалдыққан малын 15 күн ішінде санитарлық союға тапсыру жөнінде нұсқаманы орындамағандықтан аудан бойынша алғашқы айыппұл салынып үлгерді – Чапаев тұрғыны 20 АЕК көлемінде (50 мың теңгеден астам) айыппұл арқалады.

Осы жерде еске сала кетейін, иелігіңіздегі жануар бруцеллез ауруына оң әсер көрсеткен жағдайда оны қалған сау жануарлардан оқшаулауды ұйымдастырып және күнтізбелік 15 күн ішінде тиісті аумақта орналасқан санитарлық малды союды жүзеге асыратын өндіріс объектілеріне (ет комбинаты, сою пункті) санитарлық сою үшін тапсыруға тиістісіз. Яғни өзіңіздің, жанұяңыз мүшелерінің
денсаулығымен қатар болашақта басқа жануарлар ауырмасын десеңіз, сол малдан тезірек құтылуға, ветеринария өкілінен өзіңізге берілген нұсқаманы орындауға асығыңыз. Сондай-ақ кеселді түлікті өз қажеттілігіңізге сойып алуға болмайтынын есте  сақтаған жөн. Айтқандайын, мұндай жағдай өткен жылдарда кездесті.
– Жоғарыда «…алғашқы айыппұл» дедіңіз. Сонда қалай, айыппұл алдағы кезде аз болмасын меңзегеніңіз бе?

– Басқа сау жануарға жұқтыру және жайылымды ластау сияқты қауіп тудырғаны өз алдына, маңайындағы адамдар қауіпсіздігіне қатер төндіргені, яғни бруцеллезге ұшыраған малдарын санитарлық союға уақтылы тапсырмағаны үшін 2018 жылы 20 тұрғынға (Тайпақ, Ақсуат, Ақжол, Чапаев, Базаршолан, Базартөбеден) барлығы 529 100 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ ақжолдық шаруа қожалығы басшысының 60125 теңге айыппұл төлеуіне тура келді. Тек былтыр емес, алдыңғы жылдары да айыппұлға іліккендер аз болған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, әлі күнге ветеринарлық ісшараларға салғырт қарайтындар жетіп жатыр. Содан қауіптенемін. Диагностикалық зерттеуге малды беруге, ветеринарлық дәрігерлерге бруцеллезге оң әсер көрсеткен жануарларына «Б» таңбасын басуға және қора-жайларына кіруге рұқсат бермеу секілді қарсылық жиі байқалады. Мысалы, былтыр ақсуаттық бір тұрғын «Малымнан қанды кейін аларсыңдар», – деп қарап тұрған. Мұндай әрекеттер, әрине, заң бұзушылық болып табылады.

– Заң не дейді?

– Ветеринариялық ісшараларды тиісінше өткізбеу жеке тұлғаларға – 25, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне
немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 125, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 250, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне  500 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы, сондай-ақ малдың ауырғаны туралы хабарламау қандай жауапкершілікке соқтыратыны жайында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте (406-бап) тайға таңба басқандай ұғынықты айтылған. Қылмыстық кодекстің 327-бабында ветеринарлық қағидаларды немесе өсiмдiктердiң аурулары мен зиянкестерiне қарсы күресу үшiн белгiленген қағидаларды бұзу, ветеринарлық қағидаларды эпизоотиялардың таралуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан бұзуға – 3000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу
жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, иә болмаса үш жылға дейiнгi мерзiмге бас
бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза белгіленген.
– Әлеуметтің қаперіне тағы нені салар едіңіз?

– Көп нәрсені… Бруцеллез адамда осы аурумен ауыратын малдың сүтін ішуден болады. Ол сондай-ақ терідегі жырындылар мен жаралар арқылы ағзаға тарайды. Бұл жағдай малды күтіп-бағатындарда жиі кездеседі. Сонымен қатар ауру зақымдаған ауамен демалған кезде тыныс жолдары арқылы да денеге түседі. Міне, гәп қайда жатыр деңіз. Қоздырғышы түрлі механизммен берілетін,
клиникасында созылмалы қызбамен, қимыл-қозғалыс аппаратының, жүйке, жүрек-қан тамыр, зәр шығару, т.б. жүйенің
зақымдалуымен жүретін, созылмалы түріне ауысуға бейім инфекциялық дерт қой бұл. 2015 жылғы 29 маусымда АШМ бекіткен (7-1/587 бұйрық) ветеринарлық-санитарлық қағидаларға сай ірі қараның  физиологиялық жағдайына қарамастан аналық бас жылына
екі рет, 4-6 айлық төл жылына бір рет, аталық бұқа – тоқсан сайын, қалған ересек бас жылына бір рет бруцеллезге қарсы зерттеледі.

Қой мен ешкі: аналықтары жылына екі рет (ұрықтандырылар алдында және төлдеу науқанынан кейін); одан әрі өсімін молайту үшін пайдаланылатын 3-4 айлық жастан бастап төлдер және қалған ересек мал басы – жылына бір рет; қошқарлар бруцеллез бен
инфекциялық эпидидимитке жылына екі рет зерттеледі.

Мына деректі келтіре кетсем: ауданда былтыр бруцеллезге қарсы ірі қараның 61970 аналығы зерттеліп, оның 693-і (зақымдануы 1,1%), 5162 аталықтың 19-ы (зақымдануы 0,3%), 23618 бойдақтың 154-і оң нәтиже көрсетті (зақымдануы 0,6%). 15400 төл ИФА тәсілімен зерттеліп, 280-і оң нәтиже берді (зақымдануы 1,8%).

Ал ұсақ түліктің зерттелген 192044 аналығының 178-і (зақымдануы 0,09%), 6596 қошқардың 7-і (зақымдануы 0,1%), 37320 бойдақтың 19-ы оң нәтиже көрсетті (зақымдануы 0,05%).

Биылғы өткен кезеңде зерттелген 26523 бас мүйізді ірі қараның 242-сі оң нәтиже берді (зақымдануы 0,9%).

Мал иелері Заң талаптарына жүгініп, берілген нұсқамаларды мезгілінде орындаса, ветеринарларға өз жұмыстарын жүргізуге
қарсылық білдірмесе, белгіленген тәртіпке сай, өз ақшасына жүргізілетін қораны залалсыздандыруды мезгілінде атқарып отырса, өршіп тұрған бруцелездің даму қарқынын басуға болады. Осыны мықты ескерген абзал.

Әңгімелескен Нұрболат АЙТУҒАН