11.04.2019, 17:15
Қараулар: 14
Қару-жарақты тапсырғанға – сыйақы

Қару-жарақты тапсырғанға – сыйақы

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, түрлі қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 10 сәуірден бастап біздің ауданымызда да халықта заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша акция өткізілуде.

Сыйақы мөлшері полиция бөлімінде құрылған комиссия шешімімен анықталады, оны белгілеу кезінде қару-жарақ заттарының техникалық жайкүйі, жарамдылығы ескеріледі. Төлем қару атуға жарамды болса, ұсынылатын құнының 100 пайызы, ал жарамсыз болған жағдайда 70 немесе 30 пайызы есебінде жүргізіледі. Мысалы, толық жарамды аңшы мылтығы 75 мыңнан астам теңгеге, 70 пайыз жарамды болса 53625 теңгеге бағаланады.

Тұрғындар қару-жарақты аудандық полиция бөліміне немесе өз аймақтарында қызмет атқаратын полицияның инспекторлары арқылы тапсыра алады. Өз еркімен тапсырған қару иелері оны осы кезге дейін заңсыз сақтап келгені үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктерден босатылады.

Өткен жылы бұл дәстүрлі акция барысында Чапаевтан – 3, Тайпақ ауылынан 5 аңшы мылтығы тапсырылған-ды. Айта кетейік, 2014 жыл ең «өнімді» болды, тек Жаңабұлақ ауылының бір тұрғынынан Азамат соғысы кезіндегі 21 снаряд (оның 13-і жарылғыш қуатында болды) қабылданды. 2016 жылы Чапаев тұрғыны осындай 1 снаряд тапсырды.

Аман ӘЛМҰХАНОВ,

әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы, полиция капитаны

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар