11.04.2019, 17:26
Қараулар: 698
Тағдыршешті ұйғарым

Тағдыршешті ұйғарым

Меңсұлу НҰРМҰХАНОВА, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің инспекторы:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде айтқандай, біз тарихи кезеңді бастан өткерудеміз. Жас тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту үшін қолға алынып жатқан ұланғайыр істер аз емес. Сонымен қатар әлемдегі сын-қатерді ескере отырып, Тұңғыш Елбасымыздың сара жолын мығым жалғастырып, ел іргесінің мықтылығын тіпті бекемдеу үшін мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді мен де сөзсіз қолдаймын.

Бұған дейін де Қазақстанда мерзімінен бұрын мұндай сайлаудың болғаны, бұл өзін шүбәсіз ақтағаны да мәлім. Қ.Тоқаевтың алдағы сайлауға байланысты Ұлт көшбасшысымен, Парламент палаталарының скиперлерімен, Премьер-Министрмен жан-жақты ақылдасқанының, Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгінгенінің, Парламенттегі партия жетекшілерімен кездескенінің өзі мәселенің тағдыршештілігін кәміл көрсетеді.

Президенттің кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдауын қазақстандықтар мемлекетшілдік мұраттан туындаған қадам деп қабылдауда. Билік транзитіне байланысты ел арасында екіұдай пікір қалыптаспауы үшін тек Конституция талаптарына жүгініп,  халықтық сайлау жариялау – бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін оң шешім әрі ел билігінің әлемдік қоғамдастық алдындағы міндеттері тұрғысынан да мүлт кетпегенін көрсететін маңызды ұйғарым.

Қашанғыдай, ертеңгі бұл сайлауда қазақстандықтар ерек ұйымшылдық, бір кісідей түсіністік танытарына өз басым сенімдімін.