12.04.2019, 9:40
Қараулар: 39
Қайсар қайраткер

Қайсар қайраткер

1938 жылы 39 жасында сталиндік зұлматтың құрбаны болған, 1956 жылы ақталған Ораз Исаевтың жылдар жүзінде кейбір мерейтойлары аталып өтсін, өтпесін, қалай болғанда да жұртымыз Жайықтан түлеп ұшып, мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген ол туралы әңгімелеуді доғарған емес. Қазіргі Көнеккеткен ауылдық округінің тұрғындары оның осы топырақта кіндік қаны тамғанын мақтан тұтады, ол туралы әр деректі, естелікті көздің қарашығындай сақтап отыр.

Әкесі жас кезінен- ақ ауқатты казак, байлардың жалшысы болып, кейінірек Ілбішіндегі (қазір Чапаев) кірпіш зауытына жұмысқа тұрады. Ол өз тұңғышының орыс тілін жетік біліп, сөйтіп небір кеудесі көріктей байлардың одан көмек сұрауға мәжбүр болуын армандаған екен. Оразы 15-ке қараған шағында үш сыныптық көлемде ғана білім алады. 1913 жылы әкесі кенеттен қайтыс болады да, оған бүкіл әулеттің қам-қарекетін өз мойнына алуға тура келеді. Ауыл старшынының барып кел-шауып келінде жүреді, болыстық басқармада іс жүргізуші болады. Дегенмен көбінесе ауылдағы өз қожалығымен айналысады.

Царизмнің күйреуін, Уақытша үкіметтің құлауын, Алашорда батыс бөлімінің қызметін, ақ казактардың бүлігін ол елеулі оқиғалар деп түсінгенімен, бұларды өзіне сондайлық қатысты деп білмеді. Тек 1919 жылдың басында ғана оның қолына аэропланнан тасталған большевиктік парақша түседі де, ол көп нәрселерді қайтадан ой елегінен өткізе бастайды.

Қызылдар келгеннен кейін Ораз Жанұзақұлы екі ай Ілбішін милициясында хатшы болады. Ақтардың жаңа шабуылы басталған кезде бозбала Қызыл Армияның қатарына өтуге бекінеді, бірақ оны қабылдамайды, өйткені денсаулығы нашар болатын, оның үстіне аяғын сылтып басатын.

Тарихшылар анықтаған мұрағат деректеріне үңіле кетейік.

1919 жылдың 4 қыркүйегінде уездік ревкомның нұсқаушысы болып жүрген оны Кеңестерді ұйымдастыруға және ат-көлік сатып алуға ауылдарға аттандырады. Жолжөнекей Исаев ақ казактардың Ілбішінге шабуыл жасағанын, 25-ші дивизия штабының және
оның командирі В.И.Чапаевтың опат болғанын естиді. Ақтар енді белсенділердің соңына түседі. Әйтеуір, жерлестері сол
ауылдардың бірінде сүзекпен ауырып, әлсіреп жатқан  Оразды жасырып қалады.
Осы жерде айта кетейік, белгілі журналист Есенжол Қыстаубаевтың «Осы жұрт Ораз Исаевты біле ме екен?» атты мақаласында («Орал өңірі» 17.07.2008 ж.) «…Ілбішіндегі қырғаннан аман қалғаны Оразға кейін, 1938 жылы тұтқындалғанда пәле болып жабысқан секілді. Өйткені тергеушілер «ақтардың шабуыл жасайтынын біліп қашып кеттің» деп жауырды жаба тоқып, оны қайткенде де «жау» етіп шығаруға жандарын салған», – деп жазылғаны дұшпан жоқ жерден дұшпан іздеген сталиндік қуғын-сүргіннің лебін сездіретін бір мысал екені анық.

Ауруынан толық айыға қоймаған ол Шалқар болысында Кеңестер ұйымдастыруға қатысып, оның хатшысы, ал содан кейін
болыстық атқару комитетінің төрағасы болады. 1920 жылғы қыркүйекте оны Жымпитыға жібереді, осында коммунистер
қатарына өтеді. Кәсіподақ және комсомол ұйымын құрады.

1921 жылғы сәуірден 1922 жылғы қарашаға дейін Исаев уездік және губерниялық төтенше комиссияда жұмыс істейді. Азамат соғысы қаңыратып кеткен Батыс Қазақстанды енді аштық, жұқпалы аурулар жайлап, бандитизм қатерлі шекке жетеді. Ауылдың,
станицаның кедейлері мен орта шаруаларына арқа сүйемейінше, мұндай жағдайға қарсы тұру мүмкін емес еді. Ораз басшылық
жасаған жасақтар жедел тапсырмаларды орындап, түсінік жұмыстарын жүргізеді.

Осыдан соң үшінші шақырылған Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланады (бұдан кейінгі барлық
шақырылған сайлауларда да сайланған), Оралда және Жымпитыда партиялық жұмыста болады. Жымпиты уездік партия комитеті өзінің жауапты хатшысына берген мінездеме осы кезге қатысты.

Саяси жұмыс жүргізудегі, кадрларды іріктеу мен оларды басқарудағы тәжірибесін, шешімдерді жүзеге асырудағы бастамашылдығын, жігерлілігін, табандылылығын, өзін ұстауы мен қателіктерді мойындауын, қарамағындағы адамдарға жолдастық қатынасын атап өте отырып, жүйелі және терең марксистік әзірлігінің жоқтығына назар аудара келе коммунистер бұл
құжатты мынадай сөздермен қорытыпты: «айрықша артықшылықтары мен кемшіліктері жоқ».

Білім және қабілет қоры осындай О.Жандосов 1924 жылдың жазында өзінің жаңа міндетіне – РКП (б)- ның қазақстандық бақылау
комиссиясы төрағасының орынбасары және сонымен бірге Жұмысшы – Шаруа Инспекциясы халық комиссарының орынбасары
міндетіне кірісу үшін Орынборға жол тартты. Бұл өлкелік партия ұйымы үшін өткір пікірталастар кезеңі және «солшылдар» мен
«оңшылдар» дейтіндердің арасында қасарысқан шайқас жүріп жатқан кез еді.

Исаев әуелде «солшылдар» қатарында болды, бұлар, түйіп айтқанда, Қазақстанның ерекшеліктерін ескере бермеді: партия
Орталық Комитетінде көпшілік тарапынан айыпталған әсіре көзқарастарды жақтауын жалғастыра түсті, топшылдыққа мойын
бұра берді. 1925 жылғы желтоқсанда О.Исаев өлкелік V партия конференциясында өлкелік комитет хатшыларының бірі болып
сайланады.

1929 жылғы сәуірде оның Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіне келуі Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетіне және КСРО Орталық Атқару Комитетіне сайлануына жол ашты. ВКП (б) ХVІ съезінде ол жоғарғы партиялық органның
мүшелігіне кандидат болды, ал 1937 жылы ВКП (6) Орталық Комитетінің мүшелігіне өткізілді. Қазақ өлкелік  комитетінің бюро мүшесі бола отырып, ол бұрынғысынша республика партия ұйымында екінші адам саналды.
Исаев сол кездегі көптеген белсенділер секілді жергілікті басшылардың басым көпшілігімен бірге ұжымдастырудың сталиндік
жолын жақтады және тіпті жедел отырықшылдыққа көшуді ауылдың әл-ауқатын түзеудің бірден-бір жолы деп білді.

Сонымен бірге құжаттар  айғақтап отырғандай, біраз бағытқа күмәнданушылық Исаевты әлдеқайда бұрын толғанта бастаған. 1930
жылдың наурызында ол Халық Комиссарлары Кеңесінде «Қазақстанның өзінің және Одақтың мүдделері», «Үкімет пен өлкелік комитеттің алдына союға әзірленетін малдың саны туралы мәселе қоюды» табандылықпен талап ететінін айтқан. «Әзірге біз барлық нұсқауларды орындап келеміз, бірақ мал басы азайғанына және мал союды жалғастыра берсек, табынның негізгі
қорын әлсірететінімізге көзіміз жете тұра, біз үнсіз-түнсіз қала алмаймыз» деген.

Ақыры, 1932 жылдың тамызында аштықтан опат болу ең шарықтау шегіне жетіп, адал коммунистердің өлкелік комитеттің көпшілік мүшелерінің бағдарын өзгерту әрекеті іске аспаған кезде Исаев Сталиннің өзіне хат жазуға тәуекел етті. Бұл хаттың ерекшелігі мынада: мұнда осындай дәрежедегі Қазақстан басшысы алғаш рет өлкелік комитеттің қателіктерін ешбір бұлталақсыз және өзара сын тұрғысында ашып көрсетті, ауылдың ауыр халін бейнелеп, ВКП (б) Орталық Комитетінің қыркүйекте қабылданған
арнайы қаулысының шеңберінен әлдеқайда шығып жатқан құтқару шараларын ұсынды. Алайда бұдан кейін де Орталық Комитеттің қаулысы орындала бастауы үшін күреске толы төрт ай қажет еді. Және мұндай бетбұрыстың жасалуына РСФСР Халық
Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың Сталиннің тікелей өзіне жазған хаттары да елеулі ықпал етті. Бұл күрестің оңай болмағанын ВКП (б) Орталық Комитетінің Қазақстан туралы жаңа қаулысының Исаев жасаған жобасы қабылданбай қалуымен де түсіндіруге болады.

Орталық Комитет 1933 жылғы 21 қаңтарда Голощекинді Қазақстандағы жұмысынан босатты. Бірінші хатшы Л.И.Мирзоян болды.
Шілдеде ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің алтыншы пленумы Исаевтың «Ауылдағы жұмыс және мал шаруашылығын дамыту туралы» баяндамасын талқылады және Қазақстандағы «өрескел саяси қателіктері мен бұрмалауларға» қатал баға берді. Совнаркомның  төрағасы көшіп кеткендерді отырықшыландыру және оларға шаруашылық жағдай жасау жөніндегі
республикалық комиссияны басқарды. Үлкен қиындықтарды жеңе отырып, республиканың да, орталықтың да, көрші облыстардың да күш-жігері арқасында 1933-35 жылдары жағдай түзетілді.

1938 жылғы мамырда Қазақстанның бірінші хатшысы Мирзоян мен Исаев кенеттен Мәскеуге бейне бір жаңа қызметке шақыртылды. Бұл соңғы нүктенің қойылуы еді. Яғни екеуіне саяси қуғынсүргіннің тұзағы түсті.

Өксікті күндерді бастан кешірген қайсар тұлғаларымыз небір қатыгез уақытта да бәрібір тілін тістеп отыра алмады, сол бір кездердің запырандай ащы шындығын Кремльде отырған әміршінің өзіне де айтты, ақыры ақиқат жолында өздері де мерт болды.

Ораз Исаев аз өмірінің соңғы сағатына дейін халқымыздың рухани мүддесіне қызмет еткен қайраткер. Жалынды публицист қырыққа жетпеген жасының соңғы он төрт жылында қазақша, орысша 29 кітап, 183 мақала жариялаған екен. Халық эпостары ұлттық операмызды туғызса, ел арасындағы күйшілердің астанада басын қосу ұлт аспаптары оркестрін жасақтауға жол ашқаны еліміз шежіресінен мәлім. Исаев бұл жұмыстарға да етене араласты, қаражатты да бұлардан аяған жоқ. Ақыры, жедел жетіліп үлгерген осы салалар Мәскеудегі әдебиет пен өнер онкүндігінің асқарлы абыройына айналды.

Айтулы шешен Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығында салтанатты жиынды өзі ашып, ешбір қағазсыз жиырма минут
тілдің майын тамыза қазақша сөйлегенде, ізінше жиырма минут сол сөзін дәл сондай мәйекті күйінде орысша қайталағанда,
залдағы иін тірескен жұрт таңдайларын қағысқаны да арыс ғұмырбаянының бір жарқыраған беттері емес пе?!

Қазақстан Үкіметін В.А.Радус-Зенькович (1920- 1921 ж.), М.Мырзағалиев (1921-1922 ж.), С.Сейфуллин (1922-1924 ж.), Н.Нұрмақовтан (1924-1929 ж.) кейін бесінші болып отызға толмаған жасынан Ораз Исаев қатарынан тоғыз жыл басқаруы оның ел тарихында қандай орны бар екенін сөзсіз аңғартады.

Бекем БЕКҰЛЫ

(мақалада О.Исаев сыйлас-пікірлес болған замандастарының,тарихшы-ғалымдардың естеліктерінен, еңбектерінен деректер пайдаланылды)