12.04.2019, 11:00
Қараулар: 32
Мемқызметшілер кітапқұмар басшымен кездесті

Мемқызметшілер кітапқұмар басшымен кездесті

ХХІ ғасырда ақпараттық технология қаншама өркендесе де, әрине, адам ғұмырын кітапсыз елестету мүмкін емес. Кітап – адамзаттың көне замандардан келе жатқан жолаушысы, серігі, парасатты ұстазы, адал досы, тарихтың шынайы куәсі екенін айтып жату артық. Қазіргі еліміздің жастары кітап оқу арқылы кемелдене түсіп, өзінің тарихын біліп, тілін құрметтеп, салтдәстүрінің озығын алып, алға қарышты қадам жасаса, қандай ғанибет.

Аудан орталығында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Чапаевтағы мемқызметшілермен «Демалыста кітап оқы!» атты жүздесу өтті. Осында Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің басшысы, жылдар жүзінде аудандық кітапхананың «Көп оқитын басшы» аталымын иеленіп жүрген, қазақ жазушыларының шығармаларын жанына серік еткен Мәлік Мұхтар жиналғандармен емен-жарқын әңгімелесті. Ол жылына 60-
70 кітап оқып, әдебиетті оқырман қауымға таныстырып жүрген белсенді, өнегелі жанның бірі, үлгілі отағасы. Мәлік Қабдыұлы кітап  оқудың құдіретін, көркем әдебиеттен ой түюдің бір ғанибет екенін айтты.

– Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – рухани мәдениетіміздің бір парасы емес пе. Соның бәрі кітап әлемінде бар. Иә, тіршілікті кітапсыз көзге елестету мүмкін емес, – деген ол өз ой-пайымын кеңінен ортаға салды.

Кітапханашы Әнуар Қайыржанов сұрақжауап арқылы жүргізген жүздесуде аудан әкімі аппараты басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл
Ердос Үмітов сөз сөйлеп, әріптестерін кітапты жүйелі оқуға шақырды. Одан әрі әңгіме «Жаңа кітаптар», «Мен оқыған кітаптар» атты кітап көрмелері жанында өрбіп, өткен «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясында қалың оқырман қауымға ұсынылған Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», Әбділдә Тәжібаевтың «Өлеңдер жинағы» туралы айтылды. Мемқызметшілер біраз кітапты оқуға алды.

Әли АСҚАР

Суретті түсірген Нұрхат МАҒЗОМОВ