20.08.2019, 14:58
Қараулар: 671
«Құрайлысайдың Қалдаяқовы»

«Құрайлысайдың Қалдаяқовы»

Өлеңтіде өнермен егіз туған өнерпаз көп. Көбісі өнерін туған ауылына арнаған жандар. Кең құлашты ақиық ақындар Сағынғали Сейітов пен Жұбан Молдағалиев осы өлкенің атын алысқа апарса, өңіріміздің мәдениетін көтеруге атсалысқан бірқатар аяулы өнер иелері ауылдағы ағайынға рухани демеу бола білді. Солардың бірі де бірегейі–әуесқой сазгер, «ҚР білім беру ісінің үздігі», еңбек ардагері құрайлысайлық Жасталап Қуанғалиұлы. Осы бір аяулы жанның есімі аталса, көп адамның көкірегінде ән сайрап қоя береді. «Жақсының аты өлмейді» демекші, сазгердің туғанына 80 жыл толуына орай Құрайлысай ауылдық округі Жұбан ауылында еске алу кеші өтті. Ауданның үлкен-кішісі осы ауылдан табылып, марқұмның рухына тағзым етті.

Жиналғандар алдымен Жұбан Молдағалиевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ескерткіш басында мектеп оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды.

Айтулы күнге орай ауылдық Мәдениет үйінің қабырғасына Ж. Қуанғалиұлының мемориалдық тақтасы орнатылды. Өнер иесін бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталған шағын митингіні еңбек ардагері Тілекқабыл Жауынбаев сұлу сөздерімен сабақтады.

–Талай өнерпаздың бағын ашқан Жасталап Қуанғалиұлы сонау алпысыншы жылдардан өнердегі ілкімді істерімен бірден халыққа танылды. Онсыз ешқандай мәдени шара, басқосулар өтпейтін. Ол осы ауылда ең алғаш рет домбыра үйірмесін ұйымдастырып, тұңғыш домбыра оркестрін ашты. Өлеңтінің даласын әнмен тербетті. Ағамыздың есімі жадымызда мәңгі жаңғырады,-деді ол.

Мәдениет үйіндегі көрме де жан-жақты мәліметтермен толыққан. Меймандар осы көрмеден Ж. Қуанғалиұлы туралы жинақталған мол деректермен танысты. Осында ұйымдастырылған «Қыран дала сазгері» атты еске алу кешіне аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатов, сазгердің төл шәкірті, Орал қалалық жастар мәдениет сарайының директоры Серік Қайырлиев, Жасталап ағаның зайыбы Мәрия ана, бала-келіндері, немере-жиендері, ауыл тұрғындары қатысты.

Ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы жүргізген тағылымды шара марқұмның өмірдеректерінен дайындалған бейнероликпен айшықтала түсті. 1939 жылдың 17 тамызында бұрынғы Тайпақ ауданына қарасты Сайқұдық ауылында дүниеге келген сазгер талай өмір өткелдерінен өткен. Жасынан өнерге әуес болып, 5-6 жасынан ән сала бастаған. Баланың қабілетін байқаған ауылдастары оған қолдау білдіріп жүрді. Тіпті, есенсайлық Кәрім Сәпиев жас өнерпазға ағаштан домбыра ойып берген. Бұл қамқорлық бала қиялына қанат бітіргені сөзсіз. Дала дарыны нотаны өз бетімен үйреніпті. Оған сол кездегі түрлі басылымдарда жарық көрген Ахмет Жұбановтың «Домбыра үйрену мектебі» мақаласы себеп болады. Әрдайым ізденіспен жүрген ол ақыры мақсатына жетіп, мандолин, скрипка, гармон, баян аспаптарын еркін меңгеріп алған.

1961 жылдан бастап ауыл клубы жанындағы жылжымалы киноға мотор жіберушісі, орта мектепте ән-күй пәнінен сабақ береді. 1974-1977 жылдары Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінде клуб қызметкері және домбыра оркестрі жетекшісі мамандығын игерген. 1977-1978 жылдары Мәдениет үйінде көркемөнерпаздар үйірмелерінің жетекшісі қызметін абыроймен атқарады. Сол кездегі аудан өміріндегі соны жаңалық–ардақты сазгердің өз бастамасымен құрылған «Толқиды бидай» вокалды-аспаптық ансамбілі. Сонымен қатар хор, драма, домбыра оркестрі мен би, үгіт бригадасы, тағы да басқа үйірмелерге жетекшілік еткен оның шәкірт тәрбиелеудегі орны ерекше. Мысалы, Ақерке Елеусізова, Сейілхан Зейнетов, Қажапкер Дәуоетов, Батыргерей Құрмекешов, Гүлнар Табылдиева, Лиза Жазықбаева, Нұрсұлу Орынбаева және өз қыздары Бибігүл мен Бибінұр Қуанғалиеваларды сазгердің ізбасарлары ретінде айтуға болады.

Сахна төрінде сазгермен тығыз шығармашылық байланыста болған ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай өнер иесінің шығармашылығына талдау жасады. Баяндамашы сазгердің мінезге бай болғанын, өнерге шын берілгенін, қазақтың маңдай алды күйші, композиторларының туындыларын жүрекпен сезініп, жетік білгенін әңгімеледі. «Жасталап пен Мәрия жарасты шаңырақ көтерді. Жеті ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Инабат, Бибігіүл, Бибінұр әке жолын қуып, ән-күйге жақын болды. Тайпақ ауданында алғашқылардың бірі болып жанұялық ансамблдің өмірге келуі де осы Қуанғалиевтер әулетінің еншісінде. … Өнер өлмейді. Ол әркез халықпен бірге. Ал халық барда Жасталап Қуанғалиев сынды танымал сазгер тұлғасы биіктей береді»,-деп түйіндеді сөзін Тілес Сағынтайұлы.

Еске алу кешінде аяулы жан туралы тұщымды пікір, жақсы естеліктер айтылды. Жаны жайсаң ағаны жоқтаған замандастары, өнердегі сапарластары жүрек түкпіріндегі сезімдерін ақтарды. Кезінде ағамен жұмыстас болған еңбек ардагері Қанат Оразғалиев бала кезінде ағаның мол тәлім-тәрбиесін көргенін, өзіне тәлімгер болғанын жеткізді. Сазгердің бойындағы тектілік, бекзаттық, дегдарлық сынды ерекшеліктері ауылдастарының әлі есінде. Жерлестері «Құрайлысайдың Қалдаяқовы» деп атап кеткен қадірлі өнер иесінің жүріп өткен жолдарын да тілге тиек етті.

Қалдаяқов демекші, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқов бұл кісінің өнерімен етене таныс болыпты. Оған дәлелді сазгердің еске алу кешінде  қойылған көрме сөрелерінен орын тепкен Шәмшінің естеліктерінен таптық. «Әуесқой композиторлардың кәсіптері де сан алуан. Біреулері колхоз, совхозда еңбек етсе, енді біреулері өнеркәсіпті қалаларда тұрады. …Семей облысының Жарма ауданынан Сапарбек Әшімбеков, Батыс Қазақстан облысынан Жасталап Қуанғалиев осы өнерге шын беріліп, ізденіп жүрген жастар»,-деп бағалайды өнерпаздарды. Бұл да Шәмшінің шын бағасын алған әуесқой сазгердің танымалдылығының айғағы.

Сазгердің өміржолы, шығармашылығы «Домбыра-жүрек» атты басылымда толығырақ баяндалған. Мұнда автордың 70-ке жуық әндері, естеліктер бар. Мысалы, Шамғон Қажығалиев атындағы І Республикалық дирижерлер байқауының дипломанты болған Сайын Құбашев, белгілі журналист Базарғали Қуатовтар Ж. Қуанғалиев жайында кеңірек пікір беріпті. Қарап тұрсақ, бұл жандардың бәрі де бүгінде өмірде жоқ адамдар. Тірісінде сыйласып, бір-бірінің қадіріне жете білген қаранардай ағалардың ізет-құрметтері ерекше болғанын аңғарамыз.

Сазгер туындысының өміршеңдігі әрине, әннің сөзіне байланысты. Ж. Қуанғалиев әнге сөз жаздыруда талғамы жоғары адам болған. Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, Мұқағали Мақатаев сынды біртуарлардың сөздеріне бірнеше ән жазған. Сонымен қатар өңірімізге белгілі Зәкәрия Сисенғалиев, Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубайқызы сынды ақындармен шығармашылық байланыста болған адам. Ақынның өміршең жыры, сазгердің әуезді әні үйлесім тауып, керемет туындылар халық жүрегінен орын алғанын оның әндерінің әлі өз бағасын ұстап тұруынан байқаймыз ғой.

Ағамен қызметтес бола білген Науқан Есенәлиев сахна мінберінен екеуінің алғаш музыкалық аспаптарды ойнауды үйренгенін, өмірдегі, өнердегі сыйластықты айтты. Сонымен қатар облыстық халық шығармашылық орталығының директоры Мәулет Жұбатов, шәкірті Орал қалалық жастар мәдениет сарайының басшысы Серік Қайырлиев сазгердің өнерге қосқан өлшеусіз үлесін сөз етіп, белгілі суретші Нұртай Жәрдемов салған Ж. Қуанғалиевтың суретін ауыл Мәдениет үйіне тарту етті.

Осында сөз алған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілек Ғабдушев ардақты сазгерге аудан халқының құрметі әрқашан ерек болғанын айтты.

–Ауылдың, ауданымыздың мәдениетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан сазгер ағаның шығармашылығына қанықпыз. Ел ішінде жүріп, талай тамаша әннің авторы атанған ол қашанда өнерсүйер халықтың есінде. Міне, бүгін ағаның болмысын, сан қырын ашқан тағылымды шара өтуде. Бұл істі ары қарай жалғастыру баршамыздың парызымыз. Енді белгілі бір уақыт аралығында Жасталап Қуанғалиұлы атындағы ән байқауын өткізу жоспарда бар,-деді ол. Сонымен қатар ағаның отбасына, ұрпағына амандық тілеп, оның өмірлік серігі Мәрия апаның иығына ақ жаулық жапты.

–Осынау қаумалаған халқы барда Жасталап ел есінде мәңгі сақталады деп ойлаймын. Шараны ұйымдастыруға қолдау білдірген, атсалысқан баршаға, ауылдастарға аналық алғысымды арнаймын,-деді Мәрия ана ағынан жарылып.

Еске алу кешінде сазгердің ұлдары Инабат, Әсет Қуанғалиевтер, жиені Есей Аяпқалиев, немерелері Інжу, Ақторғын, Жайна, мәдениет саласының үздігі Болат Төресаев, республикалық байқаулардың лауреаты Ақмарал Ахметова, Камал Орынбаев, шәкірттері, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филормонияның әншілері Қуаныш Құспанов, Асланбек Жұмабаев, аудан мәдениет қызметкерлері Асылан Бақтығалиев, Дәулет Шәмеловтар Ж. Қуанғалиевтің түрлі тақырыптардағы әндерін әуелетті. Ақын Сағынтай Бисенғалиев, жас айтыскер Мейірман Шәкенов, сазгердің жиені Мархабат Байырова жүрекжарды жырларын оқыды.

Міне, ауылда жүріп-ақ асқақ шыңдарды бағындыра білген нағыз талант иесі өмірден өтсе де тыңдармандардан лайықты бағасын алып келеді. Өнерімен өрге өрлеген  оны жоқтаушылар, әнін аңсаушылар киелі сахналардан әлі де ағаны іздеп тұрады. Сазгерлігімен, ұрпағымен, ауыл-аймағымен мың жасайтын майталманның мәртебесі соңына қалған өлмес туындылары арқылы жұртшылық жадында жаңғыра бермек.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН