20.08.2019, 15:34
Қараулар: 819
Асыл түлігі құтайған,  алма бағы жайқалған

Асыл түлігі құтайған,  алма бағы жайқалған

«Ісің өнімді болсын десең ретін тап», – деген екен   Абай данамыз. Шаруасын шалқыта білген азаматтың қағидасы қашанда тәртіп пен адал еңбек болмақ. Есімі көпке танымал кәсіпкер, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иесі Ерболат Құрманғалиев қолға алған ісінің ретін тауып, ісін дөңгелете білген жан. Ойға алған шаруасын ұршықша иіре білген ол сонау тоқырау жылдарынан бастап  мал өсірумен айналысуды қолға алды. Бүгінде ол басқарған «Сәбит» шаруа қожалығы –түліктің асыл тұқымды түрлерінің басын көбейтіп отырған толыққанды ауылшаруашылық кешені.

Алғашында қорасында  100-ден аса ірі қарасы болған жігіт ағасы атакәсіпті жандандыруды ойлап, мемлекеттік бағдарлама көмегімен асыл тұқымды мал басын көбейтуге ниет етеді. Ниеті оңғарылды да. Асыл тұқымды ірі қара малын көптеп алып, жылдар жүзінде  шаруашылықтың тасы өрге домалады.

Алғашқы ұмтылыстарының-ақ табыспен ұштасуы шаруаның көңіліне едәуір сенім сепкені рас. Дамылсыз еңбегінің арқасында төскейден өрген түліктердің қатары да көбейіп келеді. Бүгінде құрылғанына 20 жылдан асқан шаруашылықтың 1000-нан астам қазақтың ақбас тұқымды ірі қарасы, көшім тұқымды 1000-ға тарта жылқысы бар. Біраз жылдан бері қойды асылдандыруға да бет бұрған дала еңбеккері етті-жүнді «Ақжайық» тұқымды қойларын өсіруде. Олардың басы 2000-нан асыпты. Көріп отырғандай, тынымсыз еңбек еселі нәтижеге ұласты. Алыс-жақын аймақтан «Сәбиттен» асыл тұқымды төлді арнайы сатып алуға келетін шаруалардың да қатары қалыңдап келеді.

Еті тірі, елгезек Ерболат Құрманғалиев өз шаруашылығының еліміздегі іргелі шаруашылықтардың қатарына ілігуін республикамыздағы  ауыл шаруашылығы саласындағы ілкімді істердің, шаруаның қамын қамдаған мемлекеттік бағдарламалардың арқасы деп біледі. «Есесі қайтпас еңбек жоқ, — дейді шаруа иесі,- Тек ынта-ықылас болу қажет. Кез келген кәсіпті ықтиятты қолға алсаң, нәтижесі болады».

Істі өркендетудің бір сыры – білімнің, қарым-қабілеттің жеткілікті болуы. Шаруашылықты басқарған жылдары Ерболат Құрманғалиев аграрлық сектордың қыр сырын толық меңгерді десек, артық айтқанымыз болмас. Ол сонымен қатар тиісті сала мамандарын жұмысқа тартып, қожалығында оларға барлық жағдай жасалуын мықтап қолға алды. Қазір «Сәбитте» 20 шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Әйткенмен, қыр басына білікті маман тұрақтағысы келмейді.  Ал қожалыққа арнайы білімі бар ветеринар, механизаторлар артық етпесі анық. Бұл тұста Ерболаттың облыс орталығындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен мал басын асылдандыру жөнінде бірлесіп атқарған жұмыстарын ерекше атап кету керек. Ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Балуаш Траисов, профессор Қайырлы Есенғалиев сынды ғалымдармен ұдайы байланыстан қол үзбей, қожалықтағы түлікті қолдан ұрықтандыру, мал сапасын арттыру мақсатында едәуір қам-қарекет іске асырылды. Осындай іскерлік байланыс арқасында қожалық 2004 жылы «Асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіретін шаруашылық», 2006 жылы «Асыл тұқымды көшім жылқысын өсіретін зауыт» мәртебесін иеленді. 2007 жылы мұнда сиырды қолдан ұрықтандыру қосыны және мал сою орны салынды. 2009 жылы «Көшім»жылқысын өсіретін шаруашылық» мәртебесіне ие болды. 2012 жылы құрылған Қазақтың ақбас тұқымы Республикалық палатасына мүше болып кірді. 2015 жылы асыл тұқымды қой шаруашылығы (етті-жүнді) мәртебесін алды, саулықтарды қолдан ұрықтандыру қосынын іске қосты. «Сәбиттің» базасында жыл сайын облыс, республика бойынша ауыл шаруашылығы ғалымдарының басын қосқан  тәжірибе тарату семинарлары ұйымдастырылып жүр. Мақсат — асыл тұқымды етті бағыттағы аталық бұқалар ұрпағының сапасы және бұқашықтарды өзіндік өнімділігін сынау жұмыстарын өткізу. Айта кетерлік жайт, республика көлемінде бірден-бір етті тұқымды бұқашықтарды өз өнімділігі және ата-тегінің сапасы бойынша бағалауды тексеруді ұйымдастыру стансасы облысымыздың аталған тек осы шаруа қожалығында ұйымдастырылған.

Ерболаттың жігіттері  малға қажетті жем шөпті даярлауға жаздың алғашқы айларында-ақ кірісіп кеткен. Шабындық басында арнайы техникалары да жеткілікті, жалпы саны 20-дан асып жығылады. Биылғы ауа райының құрғақшылығына қарамастан, иеліктегі малға түгел жететін азық жинау жоспарланған. Бүгіннің өзінде орақшылар 17 мың центнерден астам шөпті тайлап, дайындады.

Иә, мақсаты асқақ адам кез келген қиындыққа қарамастан діттегеніне қол жеткізеді. Ерболат Құрманғалиев осыдан 2 жыл бұрын үйінің маңын бақпен жайқалтып, осында  400 түпке тарта  алма көшеттерін отырғызған. Бағбандыққа бет бұрған азамат көшеттерді Ресейден арнайы алдырды.

Тамшылап суару технологиясы бойынша өсіріліп жатқан алмалардың ішінде жартылай аласа сорттар басым. Бұл сорттардың ерекшелігі – біздің қысы қытымыр, жазы аптап ыстық ауа райына төзімді, өнімді де көп береді. Жоғарыда айтқанымыздай, даланың суын үнемдеген ол  тамшылатып суару жүйесін орнатқан. «Бұл жүйенің тиімділігі зор. Яғни тек суарып қана қоймаймыз. Бірден тыңайтқыштарды да  бере аламыз. Оның үстіне алманың түбіне суды арықпен ағызғаннан гөрі тамып тұрғаны жақсы, — дейді жаңалыққа жаны құштар азамат. 

Екі жыл бұрын жерге қадалған талдар биыл мол өнімімен  қуантты. Оның барлығы да жақсы күтімнің арқасы. Дегенмен, бұл кәсіптің табысты болуы алдымен ауа райына байланысты. Қыста ағаштар үсіп кетуі мүмкін. Көктемде енді гүлдеген кезде жаңбыр жиі жауса, өнім піспей жерге төгіліп қалады. Биыл әлденеше дүркін соққан күшті желдің салдарынан ағаштардың ұшар басындағы жемістер бабына жетпей түсіп қалды.  Соның бәрі сабақ. Бау-бақшадағы еңбеккерлер уақыт өткен сайын ізденісті ұштап, тәжірибені жетілдіруде.

Кәсіпкердің алдына қойған мақсаты көп. Бізбен әңгіме барысында жоспарларымен де бөлісті. Таяу уақытта электронды бақташы орнатып, бұл жаңа технологияға ірі қарасын сеніп тапсырмақ. Ал еркін жайылатын жылқыларын дронмен түгендемек.

Ел десе, аянып қалмайтын кәсіпкер қайырымдылық шараларына да белсенді араласады. Қолдан келгенше көмек қолын созып, жерлестерінің алғысын арқалауда. Туған ауылы – Алғабастағы «Зерде» саябағын түгелдей абаттандырып, қоршауларын жаңартса, өткен жылы ауылдағы кәсіпкерлермен бірлесіп, заманауи спорт алаңын жастарға тарту етті. Елдің алғысы деп білеміз, атымтай ер – 2018 жылғы аудандық, облыстық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері. Ерболаттың өзі бұл жайында көп сөз қозғағысы келген жоқ. Бұл оның жақсылықты біреу мақтасын деген оймен емес, шын пейілмен жасағандығын, жүрегінің жайсаңдығы мен қолының жомарттығын  байқатса керек.

«Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді»- дейді халық даналығы. Дамылсыз еңбектен қол үзбеген Ерболаттың шаруасы шашаусыз шалқып, берекеленуде. Осындай іскер азамат жетекшілік ететін «Сәбит» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық. Ата кәсіпті нәсібіне айналдырып, тындырымды тірлігімен аты алысқа мәлім азаматтың еңбек жолы талай жасқа үлкен мектеп екені кәміл.

Әлия СЕРІК

«Жайық таңы»