21.08.2019, 16:41
Қараулар: 347
«Латын керуені» Ақжайықта

«Латын керуені» Ақжайықта

Өткен аптада аудан орталығында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Латын керуені» атты көшпелі семинар-тренингі өтті. Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Тілек Ғабдушев төрағалық еткен шараға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының кеңесшісі, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева, сала мамандары, ауыл тұрғындары қатысты.

Латын графикасына кезең-кезеңмен көшу бүгінде жүйелі жалғасуда. Бастаманы халық арасында насихаттау, жаңа қазақ әліпбиінің пайдасын ұғындыру жұмыстары тиісті сала мамандарының көмегімен жүзеге асуда. Мұның зор пайдасын тілші-ғалымдар, санасы ашық, таным-көкжиегі кең жұртшылық айтудай-ақ айтып келеді. Расымен, жаңа бетбұрысқа үрке қарайтын ештеңе жоқ. Қазақ жазуын латын графикасына көшіруді ең алдымен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру тұрғысынан қарастыру керек.

Осы ойды өрбіткен Оразгүл Асанғазы:

–Латын графикасына көшу, ұлттық болмысымызды қайта тірільіп, түпкі тамырымыздан қол үзбеуміздің бірден-бір жолы. 2025 жылды күтпей-ақ осыған әрқайсымыз мейлінше үлес қосып, жанашырлық танытуымыз қажет. Бұл мемлекеттік маңызы бар үлкен іс әрі әр қазақ баласы үшін маңызды. Бәрі де ертеңгі ұрпақ пен келер келешектің қамы. Ең бастысы жаңа әліпбиді үйренуге деген ниет болса, меңгеру оңай,-деп, латын әліабиіне көшудің артықшылықтарын саралап берді. Сонымен қатар ол Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының осы бағыттағы ізденісін, атқарған ауқымды іс-шараларын атады.

Тұңғыш  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады. Түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады»,-деген болатын. Демек, санамызда сіресіп қатып жатқан бір қалып түсініктерден сілкініп, жаңа әліпбимен болашаққа қарышты қадам жасауымыз керек. «Латын керуені» өкілдерінің айтпағы да осыған саяды.

Айгүл Мыңбаева шара барасында облыс көлемінде жаңа әліпбиге көшу барысында атқарылып жатқан іс-шараларды әңгімеледі. Мұның бәрі де түптеп келгенде әр тұрғынның батыл бастаманы терең түсініп, ел болашағына үлес қосуына жасалып жатқан қадамдар. Тілек Ғабдушев 32 таңбадан тұратын жаңа қазақ әліпбиіне көшудің маңыздылығын сөз етті. Халық жазу-сызудағы жаңалыққа тез үйренуі үшін көпшілік шараларды ұтымды ұйымдастыру керегі жөнінде айтты. Ақын Мәлік Берді Әлі сөз алып, қазақ әліпбиін реформалау тәуелсіздігіміз бастауынан бері көтерілген идея екенін жеткізді. Осы арқылы кирилнегізді әліпби боынша қалыптасқан емле ережелерінде жіберілген олқылықтардың орны толатынын баса айтты. Басқа да қатысушылар сауалдар қойып, жауап алды.

Рахмет ҚАЛИ

Суреттерді түсірген Азамат ҚАНАПИЯ