22.08.2019, 11:59
Қараулар: 565
Жарайсың, Жайық жұрты, Жұбан елі!

Жарайсың, Жайық жұрты, Жұбан елі!

Қымбатты ақжайықтық әлеумет!  Адам баласының тіршілігінде өзінің жан дүниесіне рухани нәр жинауы меніңше, көрген, жүрген жерлермен, елдермен етене танысу, ондағы адамдармен, ел-жұртпен емен-жарқын әңгімелесіп білісу, түсінісу сәттерінен тұратын болса керек. Тірліктің осындай бір парасын біз сонау Алматыдан сіздің еліңізге, Ақжайық өңіріне алғаш аяқ басқаннан-ақ сезіндік десем, сірә, әсіре айтқандығым болмас. Ақ Жайықты жағалай қоныстанған Жұбан елінің теріскей қақпасындай берекелі Бударин ауылына маңдай тірер сәттен-ақ, шыны керек, тамаша әсерге бөлендік. Оқырманыма түсінікті болу үшін бірден айта кетейін. Біз деп отырғаным: әр қазақ мақтан тұтатын Әл-Фараби атындағы университеттің профессоры, осында шет ел тілінен ұзақ жыл дәріс беріп, тәрбиелеген сан мың студенттері бүгінде тәуелсіз Отанымыздың әр түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүрген, есімі ғылыми ортада аса танымал ұстаз Роза Сахариқызы Қайырбаева; адал еңбек, маңдай термен үлгілі ұрпақ өсіріп, өзі де өмірде айта қаларлық биіктерге қол жеткізген, білім-білігімен, қазақ қызына тән алғырлығымен шет елдік іскер топтардың назарын аударып жүрген Нәзира Нұртайқызы Қуанышева; елге танымал үлкен парасат иесі, зияткер тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың жары, жаны да, өзі де сұлу Ханшайым Шаханова және мен – бар ғұмырын қазақ радиосы деп аталатын қара шаңырақтың тыныс-тірлігімен өткізген диктор, журналист Сауық Мәсіғұтқызы Жақанова. «Әр салада еңбек етіп, ел өмірінің қилы кезеңдерін әрқайсы өзінше бастан өткерген, тіпті әр жастағы осы жандардың  басын қосқан не?!»  деген сауал да оқырман көңілінде туындары хақ. Иә, бізді жақын еткен әрқайсымыздың атақ-даңқымыз, болмаса мәртебеміз емес, ел көруге, жер көруге, кең байтақ Қазақстанымыздың бай шежіресімен, бабалардан қалған мәдени мұраларымен танысуға деген ортақ мақсат, өзара үлкен сыйластық көңіл, әр күніміз әкелетін қуаныш пен қиындықты бірге бөлісу, адал достық десем болады.

Бұл жолғы сапарымызда Батыс Қазақстанды, біз үшін беймәлім Ақжайықты таңдауымыз да тегін емес еді. Қасиетті Жұбан елінде туып өскен, бүгінгі таңда Алматыда тұрса да, кіндік кескен туған топыраққа жиі келіп тұруды әдетке айналдырған дархан мінезді достарымыз Айдынғали-Гүлшат Қоспаевтардың елге бірге барып қайту туралы ұсынысынан бас тарту мүлдем мүмкін болмады. Сөйтіп, бұл жолы алтауымыз Ақ Жайықты бетке алып бірге аттандық.

Жалпы бұл менің Ақжайықта екінші рет болуым. Алғаш өткен жылы күзде келгенде М.Әуезов атындағы орта  мектепте ұстандармен, оқушылармен ұстаз, журналист Мәлік Тұрсынұлы ініміз бір керемет кездесу кешін ұйымдастырған болатын. Ал биыл ауыл әкімі Шоқан Рахымұлы бізді будариндіктермен емен-жарқын жүздестірді. Ауыл үлкендері, оқушылар бірінен соң бірі өңір тарихын әңгімеледі, мектеп мұражайымен таныстырды. Елдімекеннің сонау Азамат соғысынан бергі тарихына қанықтық. Мектепке М.Шахановтың сиясы кеуіп үлгермеген  бірнеше жаңа кітаптарын сыйладық. Қазақ радиосы менің бар өмірім болғасын ба, ауыл ортасындағы бағанда қазақ музыкасын төгіп тұрған 90 жылдық тарихы бар ұлтымыздың үнжариясы да жүрегіме оттай басылды.

Кітап демекші, жергілікті журналист, ұстаз, бірнеше басылымдардың авторы ретінде осындағы елге жақсы таныс Бақтығали Қоспаевтың бізге сыйлаған «Ақжайық ауданы» атты екітомдығы мен «Ақжайықтық Алаш арыстары» еңбектерін бас алмай бірер күнде оқып шыққанымызды айтып кеткенім жөн болар. Өңірдің өткені мен бүгінін, нар тұлғаларының өмірбаянын жеңіл де, ғылыми тілмен шебер баяндап беретін бұл басылымдар, сөз жоқ, ауданыңызға деген біздің қызығушылығымызды үстей түсті. Мен де, жолдастарым да қолтаңба жазылған осынау құнды еңбектерді бір-бірден алдық. Авторға ризашылыєымыз зор.

Сондай-ақ, аудан орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайында болдық, ауыл іргесіндегі орманды алаңқайда өткен ұлттық спорт ойындарының облыстық сайысын тамашаладық, ақынның 100 жылдығына орай бүкіл аудан жұрты болып салып жатқан Жұбан орталығының құрылысын, т.б. нысандарды көріп көңіліміз көкке жетті. Ауданыңызда, басқасын айтпағанда, ақындық өнер, ат спорты, өлкетану және туризм ерекше насихатталады екен. Елдің, жердің даңқы, халқымыздың бірлігі мен жарқын болашағы осындай істермен айшықтала түседі емес пе?!

Қорыта айтқанда, қонақжай ауданыңыздың басшылығына, азаматтарына, барша ақжайықтықтарға деген ризашылық көңіл қолыма қалам алғызды. Елімізден көп нәрсені көріп, біліп, көңілге түйіп аттанып барамыз. Айтарымыз – жарайсың, Жайық жұрты!

Сауық ЖАҚАНОВА,

Қазақ радиосының ардагер дикторы, ҚР-ның еңбек сіңірген артисі, доценті

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар