22.08.2019, 12:11
Қараулар: 686
Хан Жәңгір Бөкейұлының Жаңабұлаққа сапары

Хан Жәңгір Бөкейұлының Жаңабұлаққа сапары

1801 жылы Кіші жүз қазақтарының өз атақонысы Жайықтың оң жақ бетіне ұмтылуы нәтижесінде Бөкей Ордасы хандығы құрылды.

Оның алғашқы ханы Бөкей Нұралыұлы жаңадан құрылған хандықтың қалыптасуына өзіндік үлесін қосты.Оның тұсында Ішкі Орда  қазақтарының әлеуметтік жағдайы жақсарып, мерейі тасыды. Тусырап жатқан шұрайлы далада мал көбейіп, сауда өсіп, дәулет артты. 1802 жылы хандықтағы халық саны 6300 шаңырақты құраса, 1814 жылы 8500 шаңыраққа ұлғайды. Ал төрт түлік саны 3 миллионнан асып жығылды.

1815 жылы Бөкей хан шемен ауруының асқынуына байланысты дүние салды. Артында қалған ұрпағының кәмелет жасқа толмауына байланысты елді 1815-1824 жылдар аралығында Бөкей ханның інісі Шығай Нұралыұлы басқарды.Шығай Нұралыұлы билігі тұсында Бөкей Ордасының мал шаруашылығы қарқынды дамып, сандық көрсеткіш бойынша бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Табиғи жұт кесірінен көптеген малдарынан айырылып отырса да, Бөкейліктер төрт түлігін аз уақыт ішінде көбейтіп алған. 1822 жылы Бөкей Ордасындағы төрт түлік малдың саны 4 690 834 басты құрады.

1821-1823 жылдары аралығында Бөкей ханның үлкен ұлы Жәңгір кәмелеттік жасқа толуына байланысты хандық тақ үшін күрес жүргізе бастады. Осы жолда ол Ордадағы бірқатар белді сұлтандардың және отарлаушы Ресей империясының қолдауына ие болды. Ақыр соңында1823 жылы 22 маусымда Ресей патшасы І Александр Жәңгір Бөкейұлы хан етіп тағайындау жөнінде арнайы грамотаға қол қойды.

Жәңгір Бөкейұлы атақты Кіші Жүз ханы Әбілқайыр ханның шөбересі, Нұралы ханның немересі болып келеді. 1823 жылға дейін Астрахань губернаторы Андреевскийдің үйінде тәрбиеленіп, еуропалық өмірмен етене танысты.

Жалпы Жәңгір хан тарихтағы қарама-қайшылыққа толы тұлға. Ғалымдардың біреулері оны халықты ауясыз қанаған қаныпезер, ел тонаушысы, батыр М.Өтемісұлының бітіспес ата жауы ретінде қарастырса, кейбіреулері Ішкі Ордада көптеген саяси-қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өзгерістердің жүруіне ұйытқы болған жан ретінде бағалайды.

Жәңгір хан ұлттық тарихымызда заманауи реформаларды жүзеге асырған билеуші ретінде өзіндік орнын алды. Оның ерекше қажырлылығының арқасында 1826 жылдан бастап Нарын құмының жиегіндегі Жасқұстан Хан Ордасының іргесі қаланды. 1832 жылы жәрмеңке ашылып, 1838 жылы алғашқы дәріхана, мұрағаттар өз жұмысын бастады.

Жәңгір Бөкейұлы мәдени-рухани дамуға да ерекше көңіл бөлді. 1835 жылы ханның бастамасымен Хан Ордасында мұсылман мешіті ашылды. Бұл өз кезегінде Ресей империясының көшпелі халықтарды шоқындыру саясатына қайшы келді. Осы кезеңде Бөкей Ордасында 127 молда ислам дінін насихаттау бағытында жұмыс жасады.

1841 жылы Жәңгір хан тарихта алғаш болып қазақ балаларына арналған мектеп ашты. Орыс, араб, парсы, неміс, татар тілдерін жетік меңгерген хан ғылым-білімнің маңызын жан-дүниесімен түсіне білді. Осы Жәңгір мектебінен дүйім жұртқа танымал Мұхаммед-Салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамедов, К.Шығаев секілді қайраткерлер түлеп шықты. Ел басқарумен қатар ғылыми ізденіске ден қойған Жәңгір Бөкейұлы араб, парсы, түркі тілдеріндегі деректемелік құжаттарды жинап, Қазан университетінің ғылыми қорына тапсырды. Сол қолжазбалардың ішіндегі ең елеулі алты құжаттың ілім-білімдік құндылығы ескеріліп, Қазан университетінің 1844 жылы өткен бір ғылыми кеңесінің отырысы Жәңгір Бөкейұлына профессор атағын беру туралы шешім қабылдайды. Қазақтың ханына осындай жоғары ғылыми атақты беру жөніндегі аттестаттың атақты математик, университет ректоры Николай Иванович Лобачевскийдің қолымен тапсырылуы халқымызды Қазан төңкерісіне дейін түгелдей дерлік сауатсыз санаудың құр сандырақ екендігін байқатады.

Жәңгір хан Бөкей Ордасына келген ғалым-зерттеушілерді жеке өзі қабылдап, жақсы қарым-қатынас орнатты. В.И.Даль, Г.С. Карелин сынды орыс ғалымдары өздерінің естеліктерінде ханның ерекше қонақжайлылығына, ғылымға деген қызығушылығына назар аударады. Жәңгір хан әсересе Григорий Силович Карелинмен тұрақты түрде хат жазысып тұрды.

Карелин Григорий Силович (1801-1872) – танымал орыс ғалымы, саяхатшы. 1801 жылы Петербург губерниясындағы дворян отбасында дүниеге келді. Жастайынан жетім қалып, танымал Бірінші кадет корпусына оқуға түсті. 1817 жылы оны бітірген соң Ресей империясы армиясының Орынбор гарнизонына жіберілді. Бұл аймақта Қазан университетінің профессоры Э.А.Эверсманмен танысып, ботаника, зоология, минералогия ғылымдарымен айналыса бастады. 1826-1827 жылдары Э.А.Эверсманмен Бөкей Ордасына келіп, Жәңгір ханмен танысты. 1827-1829 жылдары Бөкей Ордасының алғашқы топографиялық картасын жасады. Осы еңбегі үшін оған  1829 жылы гауһар жүзік сыйға тартылды. 1829 жылы Ресей империясының Сыртқы істер министрлігі Азия департаментіне қызметке алынды және Бөкей Ордасына қызметке жіберілді. Осы кезеңде Жәңгір хан мен Г.С.Карелиннің арасында достық қатынас орнады. 1832 жылы Ресей империясының Каспий жағалауында порт салу жөніндегі тапсырмасына сәйкес жаңа тапсырмаларды жүзеге асыру үшін Атырау өлкесіне аттанды. Нәтижесінде 1834 жылы Александровск порты бой көтерді. 1840-1845 жылдары Шығыс Қазақстан өңіріне саяхат жасап, Семей, Ертіс, Алтай, Тарбағатай өлкелерін зерттеді. Бір қызығы Петербург өңірінің тумасы Г.С.Карелин 1849-1872 жылдары, яғни өмірінің соңына дейін Атырау өлкесінде еңбек етті. Саналы ғұмырында ғалым өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеп, 1127 түрден тұратын, 38 мың ботаникалық коллекция жасақтады.

1829-1836 жылдары Жәңгір хан Г.С.Карелинмен тұрақты түрде хат алмасып тұрды. Хаттардың басым бөлігін хан Нарын құмындағы Хан Ордасында жазып жүрді. Алайда ізденіс барысында Жәңгір ханның 1832 жылы 17 қазанда Кожехаровск форпостынан жазған хатын таптық. Хатта: «Аса құрметті Григорий Силович! Қазір мен өзімнің әйелімнен хат алып отырмын. Ол әскери бөлім басшысы Назаровтың мен сапарға кеткеннен кейінгі жасаған түрлі бассыздықтары жөнінде хабарлауда. Бұл мәселе алдындағы маған тиесілі ақшаның жоғалуымен байланысты болса керек. Аталған іске өзге тараптардың қатысы болуына байланысты бұл істі тергеуді Сізге тапсыру үшін қолдан келгеніңізді аянып қалмауыңызды сұраймын. Мен Покотилов мырзаның кеңесі бойынша күдікті казактарды оған арнайы қарауылмен жіберемін. Ол осы күдіктілерді әскери соттың қарауына бергісі келеді.

Бұл хатты ешкімге көрсетпеуіңізді өтінемін. Себебі қайтадан жол жүруге асығуым себепті атүсті жазылды. Қалай болғанда Сізге сенімім мол. Құрметпен Жәңгір хан», — деп жазылыпты.

Бұл арада әңгіме 1832 жылы қыркүйек айында Бөкей Ордасында жасалған ұрлық жөнінде болып отыр. Осы уақытта Жәңгір ханның күймесінен 2000 сом ақша мен қымбат әшекей бұйымдар салынған қобдиша ұрланды. Күдікке Хан Ордасындағы әскери бөлімде қызмет атқарған 3 Орал казагы ілініп, соттың қарауына берілді. Ал әскери бөлімнің бастығы есаул Еким Назаров Жәңгір ханның өтініші бойынша басқа басшымен алмастырылды.

Жоғарыда келтірілген мұрағат құжатына сәйкес Жәңгір ханның Жаңабұлақ жеріне ат басын тірегендігін, қолына қалам алып, хат жазғандығын көреміз. Хан Ордасынан Орал қаласына қарай іссапар жолында шұғыл шаруаның шығуы осындай қадамға итермелеген.

Тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатовтың «Жаңабұлақ тарихы» монографиясынан