23.08.2019, 10:40
Қараулар: 653
«Жастар керуені» Ақжайықта

«Жастар керуені» Ақжайықта

Облысымызда жыл сайын жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған түрлі жобалар жарық көреді. Солардың бірі биыл бастау алған — «Жастар керуені жобасы». Аталмыш жоба облыста әртүрлі сала бойынша үздік танылып жүрген жастардың басын біріктіріп, аудандардағы замандастарымен кездестіру арқылы ауыл өрендерінің бастамаларына серпін беру мақсатындағы өз жұмысын бастап кетті.

Апта сәрсенбісінде «Жастар керуені» Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылына жұмыс сапарымен келді. Жас көшбасшыларды аудан жастары Жұбан Молдағалиев ескерткіші алдынан ақпен қарсылап алып, ақын жырларынан тарту жасады. Өз кезегінде «Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалының мененджері Жандос Сұңғатов пен Азия чемпионатының спорттық бағдарлау сайысының жүлдегері Мұстафа Махамбет ақиық ақын ескерткішіне гүл шоғын қойып, жас ұрпақ атынан құрмет білдірді.

Үлкен миссиямен келген облыс жастарын аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев қабылдап, ақжайықтықтар атынан алғысын білдірді. Ол, ауданның тыныс-тіршілігіне шағын шолу жасап, жиналған жастардың көкейіндегі мәселелерін тыңдады.

Жобаның түстен кейінгі бөлігі еркін пікір алмасу үлгісінде жалғасын тапты. Бұл басқасуда жас көшбасшылар түрлі сала мамандарымен кездесіп, өз істерінің майталмандарымен ой бөлісті. «Business Power» жобасының авторы Айнаш Бижанова жиылған жастарға қиындықтардан қашпай, өз ісін жолға қою жөнінде кеңес берсе, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов тарихтың ақтаңдақ тұстарын толтырудағы өзінің шағын үлесі туралы айтып өтті. Сонымен қатар жастарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған ауылдың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына атсалысуға шақырды. Ауыл жастары арасында дебат ойындарының дұрыс жолға қойылуы мен отбасы тұтастығын сақтау бағытындағы психологиялық кеңес те осы келелі кеңесте талқыланды. Аудан жастары да түрлі бағдарламаларда кездесетін келеңсіздіктерді ортаға салып, аталмыш жобаның шалғай ауылдарға баруы керектігін алға тартты. Осы басқосудан соң жиналған жастар секциялық топтарға бөлініп, бизнес және психологиялық тренингтерге тартылды. Күнұзақ ғимарат ішінде өткен отырыстардан соң жастар кешкі салқынмен «Street Work Out» және фристайлдан ұйымдастырылған шеберлік сағаттарына қатысып, көше спорты майталмандарының өнерлерін тамашалады.

Бір күнге созылған жоба кешкісін керемет концертке ұласты. Мерекелік концертте аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Армат Хайруллин келген қонақтарға қош келдің айтып, жоба жетекшісі Жандос Әміржанұлына алғысхат табыстады. Жастар жылына орай, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Рухани қазына – 2019» фестивалінде үздік өнер көрсеткен ауданымыздың бір топ жас кітапханашылары аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевтің атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Рауан САТЫБАЛДИЕВ