29.08.2019, 14:32
Қараулар: 451
Кермек су, кепкен арық…

Кермек су, кепкен арық…

Ауданымыздың орталығы Чапаев ауылындағы күйіп тұрған мәселе – ауыз судың сапасы мен техникалық судың тапшылығы. Күн тәртібінен әлі де дейін түспей келе жатқан бұл жайтты өзімізше тарқатып көрдік.

Ауыз су неге сапасыз?

Биылғы жылдың 7 маусымында газетіміздің  22-санында Борис Минешұлының ауыз су сапасының нашарлығын сынға алған «Почему питьевая вода мутная?» атты мақаласы жарық көріп,  шүмектен аққан лайсаң су туралы біраз мәселенің тіні тарқатылған болатын. Алайда, ауыл тұрғындары тарапынан наразылық әлі де сейілмей, әлеуметтік желі қолданушылары арасында да дүрбелең толастамай тұр. Ауыл тұрғыны Ардақ Телағысова: «Аулама жыл сайын бау-бақша, гүл егемін. Көкөністерді  арық жүйесі арқылы суарып келдім. Өкінішке орай, үш аптадай болды, арық суы тоқтап, уақтылы суарылмағандықтан бақша өнімдері қурап қалды. Ауыз суға келетін болсақ, ол тек қана мен емес, көптеген ауыл тұрғындарының көтеріп жүрген мәселесі. Сапасыздығын былай қойғанда уақтылы берілмейді, ауық-ауық айырып тастайтынын қайтерсің?! Амалсыздан ауыз суды дәріхана, дүкендерден алып жүрміз. Ол болмаған күнде кермек дәмі болса да, құбыр суын тұндырып пайдалануға мәжбүрміз», — дейді.

Осы орайда, ауыз суға жауапты жалғыз мекеме «Жайықтехсервис» МКК-нің басшысы Әлжан Досмақовтың пікірін тыңдадық.

– Қарағанды облысы Теміртау қаласынан келген мердігер компания 2004 жылы аудан орталығын ауыз сумен қамту үшін Чапайдағы су стансасының 1 және 2 бекетінде қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, ауыл көшелеріне су құбырларын өткізді. Ол кезде халық саны 8 мың болатын. Жоғарыда айтқан 2 бекетте бес ұңғымадан біреуі бес жүз, екіншісі мың текше метрлік су қоймаларына су айдалады. Осы резервуарларда су бір-екі күн тұндырылып, содан соң су мұнарасы арқылы тұтынушыларға жеткізіледі. Басында хлорлау арқылы су тазалайтын құрылғы бар, бірақ оның істен шыққанына біраз уақыт болды. Сол кезден бастап, халық тікелей резервуарларға жиналған суды ішіп келді. Бастапқы жылдары тұтынушы саны аз болғандықтан ауыз суға деген сұраныс та көп болмады. Ол кездерде тұрғын үйлер ауыз су жүйесіне қосылмай, тек қана көшелердегі колонкалар арқылы тұтынушыларға су жеткізілетін. Кейіннен су құбырлары тұрғындардың үйлеріне жүргізіліп, көше-көше бойында траншеялар қазылғаны көптің есінде. Алайда, мердігерлердің немқұрайлылығынан жұмыс аяқсыз қалып, қазылған жердегі құбырлар аузы ашық күйінде көктемге дейін бітелмей жатты. Сол көктемде ашық құбырларға еріген қар суымен кірген лайсаңнан біз әлі күнге дейін құтыла алмай отырмыз. Оған да су құбырларының технологияға сай жүргізілмеуі кінәлі. Айналмалы жүйемен бір-біріне қосылмай, бір көше шетінен тұйықталуы салдарынан құбыр ішіндегі лас шеткі үйлердің шүмегі арқылы шығуға мәжбүр. Тұнып тұрған кезде байқалмағанымен, су айдаушы құрылғы қосылған кезде құбырлардан лай судың шығуы осының себебінен. Гагарин көшесі мен  Қарасай, көпшілік аузында «Элеватор» атанып кеткен шағын аудандарда осындай жағдай көп кездеседі. Өткен жылы 320 метрге созылатын құбыр арқылы екі көшені бір біріне қостық. Бұндай көшелер әлі көп,  жұмыс алда да жалғасатын болады, — дейді мекеме басшысы.

Көп қабатты, соның ішінде аудан орталығындағы бес қабатты үйдегі судың тапшылығы туралы сала маманының пікірі төмендегідей:

– Көп қабатты үйлердің толыққанды сумен қамтылмауы, о баста құрылыс жұмыстарының дұрыс ойластырылмағандығынан. Су қысымы жоғарғы қабаттарға емін-еркін жету үшін ауыл ішіне қосымша мұнара тұрғызу керек. Себебі алыста тұрған мұнарадағы қысымның суды келесі қабаттарға көтеруге қауқары жетпейді. Суды жоғарыға тарту үшін бес қабатты үйге вакумды су сорғыш құрылғы орнатқанбыз, қазіргі таңда істен шықты,-дейді Әлжан Нұржанұлы. Тіпті көппәтерлі баспанаға тартылған құбырдың диаметріне дейін стандартты талаптарға сай келмейді екен. «Сонымен қатар тұтынушыларға жеткен судың сапасыз болуы ауылдағы арық жүйесі арқылы жеткізілетін техникалық судың тоқтап қалуына тікелей байланысты. Себебі жаз айларында бау-бақшаларын ауыл тұрғындары арықтан суарып келді. Оның ағыны толастағалы бергі халық көкөністерін де ауыз сумен суарып отыр. Соның салдарынан резервуарға құйылған су тұнбаған күйі тікелей құбыр арқылы аулаларға жетеді. Қабыршақтыдан арнайы контейнер алдырып, тазалайтын фильтр қою да жоспарымызда болған. Алайда, бұл құрылғылардың құны 27-29 млн. теңге көлемінде. Біз өз кезегімізде қолдан келген қам-қарекеттерді жасаудамыз. Мысалы, 12 млн. теңгеге жаңа ұңғымалар соқтырдық»,- дейді маман.

Осы орайда: «жаппай пайдаланған сәтте халықтың тұтынуына жетпейтін ауыз суға жыл сайын аулаларды қосуға не себеп болды?», деген ой келеді. Әрине, халықтың ауыз сумен толық қамтылуы – игі жұмыс. Алайда, қолың көтермейтін шоқпарды қарыңа іліп, күллі халықты сыздықтаған сары суға телміртпей, толық жаңартудан өткенше күтсе, қалай болар еді? Себебі ауыз су жүйесін аталмыш мекеме арқылы жыл сайын ақылы түрде өз тұрағына кіргізетін ауыл тұрғындары көбейіп келе жатқаны рас. Онсыз да жетпейтін суды көпке таратқанда не ұттық? Дегенмен әр үйдің шүмегінен тұнық судың ағатын күні де алыста емес көрінеді. Бұл жөнінде сауалымызға жауап іздеп барған аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Жалел Жолдығалиев баяндады. Жас басшының айтуынша, бұл шаруаның шешімі бірер жылдың еншісінде екен.

– Осыған дейін неге таза су жүйесі реконструкция көрмеді деген мәселеге келетін болсақ, ауданымызда 52 елді мекен бар. Солардың алғашқысы болып, 2004 жылдан бастап, Чапаев, Тайпақ т.б. ауылдар «Таза су» бағдарламасы арқылы ауыз суға қол жеткізді. Ол кездегі құрылыс жағдайы сапасы жағынан қазіргі «Ақбұлақ» бағдарламасымен салыстыруға келмейді, қазіргі таңда су жүйесіне бірнеше сатымен тазартатын құрылғы бірден орнатылатын болса, бастапқы жылдары ондай заманауи технологиялар орнату қарастырылмаған.  Кейін кезең-кезеңімен ауылдарды ауыз суға қосу арқылы бүгінгі таңда аудан халқының 95 пайызы ауыз суға қол жеткізді.

Чапаев ауылында таза су мәселесінің көтерілгеніне 4-5 жылдай уақыт болды. Қазіргі таңда техникалық сараптама дайын тұр. Ендігі жылы жобалық сметалық құжаты әзірленген соң, су жүйесін қайта жаңғыртуға жұмсалатын қаражаттың нақты сомасы белгілі болады. 2021 жылы жөндеу жұмыстары басталуы тиіс, — дейді бөлім басшысы. Су жүйесін қайта жаңғыртудың құны анықталған күнде де үлкен қаражаттың қажет болатыны бесенеден белгілі. Жобалық сметалық құжаттарды дайындаудың өзіне облыс бюджетінен 27 млн. теңге керек болса, жұмыстың толық аяқталуына бірнеше млрд. теңгенің қажет болатыны сөзсіз. Ондай көлемді қаражатты аудан бюджеті көтере алмайтыны да көпшілікке мәлім. Осы жайттарды ескере отырып, он мың адамның жанайқайын облыс әкімдігі қараусыз қалдырмайды деген үміттеміз.

Арық қалай суалды?

Аудан халқының 25 пайызын Чапаев ауылының тұрғындары құрайтынын ескерсек, жалпы жұртшылықтың ширек бөлігі таза суға зәру екен. Жоғарыда аты аталған қос басшы да ауыз судың тапшылығы арық жүйесінің істен шығуының салдары деп отыр. Ал Чапаев ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерболат Мұхтарұлы арықтың жайы туралы әңгімені былай өрбітті.

– Ауылымызға техникалық судың жетпей отырғаны рас. Ауыл арық жүйесі арқылы техникалық сумен қамтылады. Ауданымыздағы Карачинский каналынан арық жүйесі қоректенеді. Биылғы жылы бүкіл су қоймаларындағы, тіпті Жайық өзеніндегі су қоры күрт төмендеп кетті. Бұл табиғи катаклизм, қолдан жасалған жағдай емес. Осы ретте айтарымыз, тұрғындардың тарапынан арық жүйесін тазарту, оны сақтау тұрғысында мүдделілік аз.  Осыған орай, аулаларының алдынан өтіп жатқан арықты қалпына келтіру тазарту үшін біз тұрғындарды  сенбіліктерге шақырудан бір талмадық. Жоғарыдағы сөзімнің дәлелі — ауыл адамдарының көпшілігі бұл бастамаға қолдау танытпады. Тек Меңдалиев көшесі мен Майданов көшесіндегі тұрғындар жыл сайын белсенділік танытып, су арнасын тазартып алады. Сенбілік көбіне ауыл азаматтарының атсалысуымен емес, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің күшімен жасалады. Өз қолымыздан келгенше облыстан арнайы техника алып, қоғамдық жұмысшылармен Карачинский каналының арнасын да тазарттық. Осындай жұмыстардың арқасында өткен жылы су ауылымызға келіп тұрды. Алайда биыл су қорының деңгейі төмен. Сондықтан арық суын әр аулаға жеткізудің мүмкіндігі болмай тұр. Бір ғана ауылдық округ бюджеті бұл жұмыстарды қайта қалпына келтіруге қауқарсыз. Арық суы үшін ауыл тұрғындарынан ақы алынбайды. Бір уақыттарда арнайы кооператив құрып, тұрғындардан ақы жинап, сол қаражатты су жүйесін абаттандыруға жұмсауды ойластырғанбыз. Алайда ынта білдірген адам болмады, бұр жоспар жүзеге аспады. Ниет, ауызбіршілік болмаса, әкімдіктің қолынан келер қайран аз.

Тұрғындар тарапынан техникалық су құбыр арқылы жетсе деген ұсыныс та түсіп жатыр. Егер бау-бақшаға су құбырмен тартылса, көшеде жайқалған жасыл желек тамыры ылғалсыз қалатынын да ескеру керек. Арық жүйесінің суалуы уақытша құбылыс, Кеңес дәуірінен бері қайта өңдеу көрмеген канал жүйесін қалпына келтіруге қомақты қаражат бөлінсе, бәрі өз орнына келеді, — дейді Ерболат Мұхтарұлы. Қажетті қаражат сомасының сметалық құжаттары да дайын екен. Арық жүйесін жаңғыртуға 18 млн. теңге көлемінде қаражат қажет.  Сөз арасында округ басшысының орынбасары арық жүйесінің жағдайына кей тұрғындардың салғырт қарайтынын да айтып кетті. Тіпті көң-қоқыстарын арыққа төгіп, суына көлік жуатын жандардың бар екенін де жасырмады. Қазылғанына жиырма жылға жуық уақыт болған арықтың жәйі осындай.

Тоқырау заманына тап келіп, техникалық су тоқтап, ауылдағы жасыл желек отынға айналған кездерді де бастан кешірдік. Арық суының тоқтауы бақшасы өнім бермей қалған ауыл тұрғындарының тауын қайтарып, кетпені керексіз болып қалуы мүмкін екенін естен шығармағанымыз абзал. Келер жылы көшелерде арық суы ернеуіне тола арқырап жатады деген сеніммен әңгімемізді тоқтаттық.

Кермек те болса, ішуге жарамды

Тұрғындарға жеткен ауыз судың сапасын білу үшін аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаевтың пікірін тыңдадық.

– Біздің мекеме тоқсан сайын су құрамына мониторинг жүргізіп отырады. Микробиологиялық, санитарлық-химиялық, радиологиялық көрсеткіштерге жасалған сараптамалар бойынша жер асты суының сапасы ішуге жарамды. Біздің тексеруімізден бөлек су өндіруші мекеме өндірістік бақылау жасап отыруға міндетті, көктемде құбыр суының лайлылығы күшейген кездерде «Жайықтехсервис» мекемесіне тазалауыш құрылғылар қою жөнінде хат жолдадық. Аталмыш мекеме қаражат сұрастырып жатқандығын хабарлады. Өз тарапымыздан ауыл халқына ауыз суды тұтынар алдында тұндырып алуға кеңес береміз, — дейді Ерлан Кенжеғалиұлы.

Әрине біржақты пікірге жүгініп, біреуді айыптаудан аулақпыз. Дей тұрғанмен, халық қаласа, хан тағын беретінін ескеру керек. Облыстық деңгейде үлкен қаражат талап ететін жобаны қорғап, халық сұранысын жүзеге асыруда, ел мүддесін қорғауда тиісті мекеме басшылары тарапынан зор азаматтық ұстаным, мардымды жұмыс керек-ақ.

P.S. Осы мақала дайындалып жатқанда аспанды бұлт торлап, жаңбыр төгіп өтті. Бау-бақшасы шөліркеген ағайынның көптен бергі тілегін көктен бір құдірет құп алғандай.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ