29.08.2019, 14:53
Қараулар: 401
Тәрбие тұғыры берік, білім бәсекеге сай болсын

Тәрбие тұғыры берік, білім бәсекеге сай болсын

Аудан орталығында дәстүрге сай «Білім және ғылым» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің аудандық тамыз конференциясы өтті. Одан бұрын аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов аудан орталығына, ауылдық округтерге білім, мәдениет, денсаулық сақтау салалары бойынша жұмысқа орналасып жатқан жас мамандарды қабылдады. Аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова, орталық аурухана директоры Дархан Хайрушев, білім бөлімінің басшысы Дәурен Нұрғожа қатысқан шарада жас кадрлармен емен-жарқын әңгіме өрбіді.

–Бүгінде жас мамандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау бар. Соның ішінде ауылда жұмыс жасайтын қыз-жігіттерге назар айрықша. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Дипломмен–ауылға!» бағдарламасы осы тұрғыдан мамандарымызға зор көмек болып отыр. Тұрғын үй несиесі мен бірреттік көтерме қаржы иеленген олардың ауылдық жерлерде тұрақтауы кадр тапшылығы мәселесін оңтайлы шешіп отыр. Бүгін сіздер де ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін үкілеп, елге қызмет етуге келдіңіздер. Қадамдарыңыз оң болып, келешектеріңіз кемелденсін! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, іске сәт!-деді Қ.Ш. Айтмұхамбетов.

Аудан басшысының айтуынша, биыл ауданымызға білім саласы бойынша 9 маман, мәдениет саласына – 4 маман, денсаулық сақтау саласына – 18 маман келген. Ауданымыздың тірлік-тынысын түлетуді мақсат еткен жастардың жыл санап көбейгені қуантпай қоймайды, әсте.

Мамандар арасында тек ауданымыздың ғана түлектері емес, еліміздің түкпір-түкпірінен қызметке келгендер бар. Мысалы, аудандық орталық аурухананың дәрігер акушер-гинекологы Айдана Смадияр мен сәулелік диагностика маманы Ажар Әбжан – Түркістан облысының тумалары. Сонымен қатар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина универсиетінің түлегі Данагүл Нұрымова Тайпақтағы ауруханаға жалпы тәжірибе дәрігері мамандығымен орналасты. Бұл аудан бойынша саладағы кадр тапшылығының азайып келе жатқанының көрінісі ғана емес, аурухана өкілдерінің маман іздеуде жан-жақпен мығым байланыстың орнағанының айғағы.

Осында М.Әуезов атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Ажар Оразбай сөз сөйлеп, жас күшке сенім артқан баршаға замандастарының атынан алғыс айтты. Жұмыс барысында мемлекеттің зор сенімін арқалаған өздерінің  оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне жауапкершілікпен қарайтынын жеткізді.

Аудандық мәдени-демалыс орталығында өткен тамыз конферециясы білім беру ұйымдары ұсынған көрмені тамашалаумен басталды. Мұнда аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, орталықтандырылған кітапхана ұжымы, аудан орталығындағы балабақшалар, балалар шығармашылығы орталығы жетістіктерін ортаға салды. Мысалы, «Бөбек» балабақшасының заманауи технологияларды пайдаланып жасақтаған көрмесі көпшілік көңілінен шықты. Олар сонымен қатар «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына арнап макет жасаған.

Облыстық білім басқармасының адамгершілік рухани даму және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Луара Батырғалиева, ауылдық округ әкімдері, білім саласының қызметкерлері, бөлім, мекеме басшылары, ата-аналар комитетінің төрағалары қатысқан жиын арнайы дайындалған бейнеролик тамашалаумен басталды. Осында аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов хабарлама жасады.

–Ауданымызда жаңа заман талабына сай білім беру үрдісі жаңғырып, үздіксіз жетілдірілуде. Бұл жөнінен жарқын мысалдар жетерлік. Бастысы, мемлекетіміздің межелі мақсаттарына білім саласы арқылы сүбелі үлес қосуымыз керек. Ұстаздар осы бағытта талмай еңбектеніп, жас ұрпаққа сапалы білім бере алуы қажет. Бәсекеге қабілетті болу–мектеп қабырғасындағы білім мен тәрбиеден басталады. Осы бағытта баршамыз бірлесе қызмет етеміз. Қымбатты ата-аналар, ұстаздар, еліміздің ертеңін қалыптастыратын жауапты еңбектеріңізге табыс, шығармашылық шабыт тілеймін!-деді ол.

Білім бөлімінің бюджеті өткен жылы 3,6 млрд. теңге болса, биыл 4,6 млрд. теңгені құрап отыр. Саладағы жақсылықтарға тоқталсақ, құрылыс құны 1 млрд. 308 млн. теңгені құрайтын 300 орындық Абай атындағы мектеп гимназияның жаңа ғимараты мен 100 орындық интернаты бой көтеруде. «Алтим» құрылыс компаниясы мердігерлік ететін заманауи білім нысаны 2020 жылдың ІІ жартысында пайдалануға берілмек. Сонымен қатар Чапаевтағы №1 орта мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, «Ақбота» балабақшасы жаңа келбетімен балғындарды қарсы алды. 8 млн. 101 мың теңгеге аудан мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай игіліктер ауданымызда жылма-жыл жүзеге асып келеді. Айталық, былтыр екі қабатты, 198 орындық Харькин орта мектебі жаңадан салынса, биыл сол білім ұясына су жаңа «УАЗ» автокөлігі табысталды.

Оқушылардың білім сапасын, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылып, аудан мектептері көптілді білім беру платформасы «Bilim Media» инновациялық компаниясының ресурстарына қосылды. Сонымен қатар шағын жинақты мектептердегі оқушылардың сапалы білім алуы мен олардың заманауи сауаттылығын арттыру, инженерлік-техникалық ойлау дағдыларын қалыптастыру бойынша бірқатар қадамдар бар. Ұл-қыздардың ғылыми жобалармен жұмыс жасауға, сандық технологияны тез әрі жетік меңгеруге ықпал жасау мақсатында «Nur Otan» партиясы Ақжайық филиалының бастамасымен М. Әуезов атындағы орта мектепте ІТ сынып ашылды. Өткен оқу жылы электронды күнделік жүйесіне 8 мектеп қосылса, биыл 25 мектеп қосылды. Биылдан бастап, аудандағы барлық мектептер интернет желісіне 100 пайыз қосылып, 1-сыныпқа қабылдау және мектептен мектепке ауысу автоматтандыру жүйесіне енгізілді. Сонымен қатар 18 мектепке жергілікті бюджет есебінен WI-FI құрылғылары алынып, ғаламторға еркін шығуға мүмкіндік жасалды.

2018-2019 оқу жылы 6431 оқушымен басталып, 6418 оқушы оқу жылын аяқтады. Оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы 61,9 пайызды құрады. Үздіктер саны-1597, оқу екпінділері-2378, үлгерімділер саны-2447. Осы жылы мектеп бітірген 418 түлектің 29-ы «Алтын белгі» иегері атанды. 300 түлек ҰБТ-ға қатысып, орташа көрсеткіш 77,2 балды  құрады. Өткен оқу жылында 76,94 пайыз болған еді. 170 жоғары оқу орнының студенттері атанды.

Аудан басшысы сонымен қатар мұғалімдер біліктілігі мен жетістіктері, оқушылардың ыстық тамақпен, жазғы демалыспен қамтылуы, қосымша білім беру бойынша жетістіктерді саралады. Аталған салада баршаны асқан жауапкершілікпен тыңғылықты іс атқаруға шақырды.

Қ.Ш. Айтмұхамбетовтың қолынан №1 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Валентина Боричевская, Қ. Байсықов атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айкүн Досқалиева, аудандық балалар саз мектебі қобыз сыныбының  мұғалімі Арайлым Нетқалиева, Абай атындағы мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Биман Өтебаев, Базартөбе орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Әнуар Хамитұлы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын алды. Абай атындағы мектеп-гимназияның алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Серік Әбдірахманов, балалар шығармашылығы орталығының қосымша білім беру педагогы Сәкен Әбілхайыров, «Балбұлақ» бөбекжайының меңгерушісі Нұрмира Иманғалиева, аудандық балалар және жасөспірімдер туризм орталығының педагогы Самал Ерәлиева, М. Әуезов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Шұға Жиесова, Ғ. Махамбетов атындағы орта мектеп директоры Қанапия Таспай, Бітік мектеп-бөбекжай кешені директорының тәрбие ісі жөініндегі орынбасары Диляра Оразбаева Министрліктің алғысхатымен, бірқатар мақтаулылар аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Осында Луара Батырғалиева құттықтау сөз сөйлеп, Ғ. Махамбетов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұргүл Ғалымоваға, Қ. Байсықов атындағы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Диана Дүйсалиеваға, Абай атындағы мектеп-гимназияның әлеуметтік педагогы Жаңылсын Құбаеваға, Харькин орта мектебінің физика пәні мұғалімі Сәуле Сапароваға, М. Әуезов атындағы орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Сақыпжамал Тоғызбаеваға, Жаңабұлақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайнагүл Өтешқалиеваға облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын табыстады.

Дәурен Нұрғожа бірқатар мамандарды аудандық білім бөлімінің алғысхатымен марапаттаса, аудандық білім қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Үмбетәлиев зейнет жасына жеткен ардагер ұстаздарға естелік сыйлық табыстады.

Шара барысында Бударин ауылдық округінің әкімі Шоқан Мұсағалиев, Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің директоры Айша Қайсақова, ата-аналар атынан көпбалалы ана Лариса Сатыбалдиева сөз сөйлеп, білім мен тәрбие хақында ой-толғамдарымен бөлісті. Сонымен қатар жас ақын, жаңа оқу жылынан Ж. Молдағалиев атындағы орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметіне орналасқан жас маман Асылайым Абатова жүрекжарды тілегін арнады.

Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай елімізде ұйымдастырылған ақын өлеңдерін  оқу эстафетасына белсенді қатысқан Есенсай орта мектебінің директоры Мирдан Сапа, М. Әуезов атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Ажар Оразбай, осы мектептің 1 сынып оқушысы Айдана Темірболатова, №1 орта мектептің 7 сынып оқушысы Әділет Кенжебайұлы, «Бөбек» балабақшасының тәрбиеленушісі Асылхан Олжасұлы автордың өлеңдерін оқыды. Осы күн құрметіне орай ауданның мәдениет қызметкерлері, білім ұйымдарындағы өнерлі ұл-қыздар әннен шашу шашып, би биледі.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Суреттерді түсірген автор