4.09.2019, 15:12
Қараулар: 484
Жайықтың арғы беті, бергі беті…

Жайықтың арғы беті, бергі беті…

Өткен аптада  аудан орталығы — Чапаев ауылының тұсынан Жайық өзеніне қалқымалы көпір орнатылды.  Барлық ақжайықтықтар мен көршілес аудандар үшін салтанатты күннің қуанышын облыс әкімі Ғали Есқалиев келіп, бөлісті.

«Жақсы жол – елге жора» демекші, тоғыз жолдың торабындағы Чапаев ауылының тұсынан салған бұл қалқымалы көпір ауданның дамуына, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасының жақсаруына оң ықпал етері сөзсіз, – деді облыс басшысы салтанаттағы сөзінде. Оған қоса, бұл нысан шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін бермек. Себебі бұл көпірмен тек Ақжайық ауданы ғана емес, сондай-ақ көршілес аудан тұрғындары да қатынайтын болады. Ел мен елді жалғастырған көпір игіліктеріңізге жарасын, — деп тілегін жеткізген Ғали Нәжімедденұлы өткелді орнатқан мердігерге көптің атынан ақжарма алғысын білдірді.

Көпірдің ашылуына орайластырылған шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жігербай Қажғалиев сөз сөйлеп, елдің ақжарма қуанышын жеткізді: Қай кезеңде де көпірдің маңызы ерекше. Сонау 80-ші жылдары Жайық өзенінің тап осы тұсында қалқымалы көпір болған еді. Ол да ұзақ тұрған жоқ, алып кеткен соң, Бұқар бет пен Самар бетте орналасқан ағайындардың өзара байланысы  қиындады. Енді, міне, аймақ басшысының   қолдауымен  жаңадан көпір салынып, ел игілігіне берілді.

Көптен халықтың тілегі болған бұл көпірді Орал кеме жасау және кеме жөндеу компаниясы құрастырып, орнатты. Айта кеткен жөн, бұл компания аталмыш нысанды бастан-аяқ өздері жобалады, әрбір бөлшек, біліктерін де жасаған өздері. Сондықтан Жайыққа орнатылған көпірді отандық өнім деп айтуға толық негіз бар.

Аталмыш көпірді құрастыру үшін облыстық бюджеттен 175 млн теңге бөлінді. Биылғы наурызда басталған жұмыстарды қараша айында аяқтау жоспарланған болатын, мердігердің ыждағаттылығы – нысан уақытынан бұрын орнатылып, дүйім елдің қуанышын еселеді. Ұзындығы 128 метрлік темір көпір бір мезетте 60 тонналық салмақты көтере алатындай етіп жасақталған. Заманауи көпірдің екі жағынан жаяу адамға арналған жолақ бар, түнде жарықтандыратын электр шамдары да орнатылған.

Қалқымалы көпір үш бөліктен тұрадв. Орта бөлігі өзен бойымен жүзген кемелерді өткізген кезде жағаға тартылған темір біліктердің көмегімен ашылады. Көктемгі сең мезгілінде көпірдің жұмысы 10 шақты күнге тоқтатылады. Қалған уақытта бұл нысан арқылы темір тұлпарлар күндіз-түні үзіліссіз қатынайтын болады.

Жайықтың қос қапталын тең жайлаған Ақжайық жұртшылығы талайдан бері шешімін таппай келе  жатқан күрмеудің түйіні тарқағанына бек қуанышты. Олай болуы орынды. Ақжайық пен көршілес Теректі ауданынан он мыңға жуық тұрғынның жол азабын тартып жүргендігі белгілі.

Жайықтың сол жағалауында ауданның 19 елдімекенінде 10 мыңға жуық тұрғын бар. Бұл —  аудан халқының 25 пайызы. Сонымен қатар көршілес Теректі ауданының Қызылжар, Шағатай ауылының тұрғындары да Ақжайыққа жиі келіп тұрады. Сол себепті, жазда аудан орталығына паром арқылы, қыста мұздың үстімен қатынаған халық үшін көпір мәселесі өте өзекті болатын. Қыста мұз ойылып, көліктер суға батса, жазда паромның үстінен жылжып кетіп, талай техника тұңғиыққа кетті. Көктем және күзде сең жүргенде халықтың аудан орталығына қатынауы мүлдем  қиындайтын. Чапаев ауылына таяқ тастам жердегі Көнеккеткен мен Қурайлысайдан жету үшін осы кезеңде Орал айналып, 250 шақырым жол жүреді. Енді жол қатынасы бес, тіпті он есеге қысқарды.

Облыс әкімі Ғ.Есқалиев  лента қиып, жаңа нысанды іске қосқаннан кейін, көпірмен құрметті қонақтар, Жайықтың сол жағалауындағы  ауыл тұрғындарының көліктері өтті. Жиналған жұрт Көнеккеткен ауылынан түлеген қоғам қайраткері Ораз Исаевтың 120 жыл толуына орай жорыққа аттанған ауданның балғын велосипедшілерін айрықша салтанатпен аттандырды.

Әлия ШАРАПИЕВА,

«Жайық таңы»

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

 

Қараша ХАМИДУЛЛИН, еңбек ардагері (Көнеккеткен ауылы): «Жас ұлғайды, дімкәстана қалсақ, аудандағы ауруханаға жету бір қиямет. Қос бетте де туғандарымыз бар, ағайын болған соң, олардың шақырған қонақтығына асығып, тағы жол жүреміз. Осындай кездерде сонау Оралды айналып жүруімізге тура келеді. Бір жағынан қыруар уақыт алса, екінші жағынан жанармайға кететін шығынымыз да әжептәуір Енді , міне, ауылдан шыққанымызға жарты сағат та болған жоқ. Зырлатып Чапайға да жетіп келдік. Сондықтан халыққа үлкен жағдай жасап, қаншама күрмеуі қиын мәселенің шешімін тауып отырған облыс, аудан басшылығына алғыс білдіреміз.