5.09.2019, 9:54
Қараулар: 449
Арғымақтар аламанда сыналды

Арғымақтар аламанда сыналды

Ауданымыздың орталығы – Чапаев ауылының атшабарында «Жайық жүйрігі» ат бәйгесінен облыстық чемпионат өтті. Шара барысында сөз алған аудан әкімі Қалияр Айтмұханбетов жиналған жұршылықты Ата Заң мерекесімен құттықтап, сайысқа демеу болған облыстық спорт басқармасы мен атбегілер қауымына алғысын айтты. Сөз арасында аудан басшысы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы басты бағыт ат өнері туралы болса, Ақжайық жұрты облыс бойынша осы ұлттық спорттан көш бастап келе жатқанын тілге тиек етті. Наурыз мерекесінде ұйымдастырылған көкпар немесе тамыз айының басында ұлттық спорт түрлерінен өткен фестиваль сынды облыстық деңгейдегі шаралар ауданымызда жиі ұйымдастырылатыны осыған дәлел. Сонымен қатар Чапаев және Шабдаржап ауылында ашылған ат спорты клубтарының дәстүрлі өнерді дамытуда жүйелі жұмыс жасап жатқаны жұртшылыққа мәлім. Ат құлағында ойнап, желмен жарысқан жүйрік баптаған халықтың ұлы ретінде аудан басшысы сайысқа түскен шабандоздарға сәттілік тіледі.  Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева осындай ізгі бастамалардың арқасында өңірімізге танылған жүйріктердің базасы құрылып, ат бәйгесі жаңа қарқынмен дамып келе жатқанын айтып өтті.

Аламанды асыға күткен аудан халқының адал ниетін қолдағандай, қоңырсалқын ауа райы да ат бәйгесі үшін қолайлы болды. Тай, құнан жарысы және топ бәйге мен аламанға түскен тұлпарлардың осалы болмады.

Отыздан астам тай сөреден ұмтылғанымен, алғашқы айналыстан-ақ алымдылары алдына шықты. Алты шақырымдық жарыс нәтижесі бойынша чапаевтық  Мейіржан Сәтбаевтың  «Шағырай» атты тайы топ жарып, бас бәйгеге тігілген тайдың иесі атанды. Құнан бәйгеде тасқалалық Эльдар Тасқынғалиевтің «Байторы» атты сәйгүлігі мәре сызығын бірінші боп кесіп өтіп, атсүйер қауымның қошеметіне бөленді. Сөйтіп, бас бәйгеге тігілген құнан тасқалалық атбегі Азамат Жұмашевтің жетегінде кетті. Көпшілік асыға күткен топ бәйгеде талай додада топ жарған дүлдүлдер бақ сынады. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, шыңғырлаулық Рахат Қойшығали мінген «Ханым» өзгелерден оқ бойы озық келіп, 1 млн. теңгені қанжығасына байлады. Он бес шақырымға созылған бұл бәйгеде Тайпақ ауылынан шабандоз Дулат Еділов мініп, топқа түскен «Тоқтамас» атты тұлпар екінші, шыңғырлаулық Талғат Бисембиевтің «Қызғалдағы» үшінші болып мәре сызығын кесіп өтті.

Жиылған жұрттың делебесін қоздырған аламанға кезек жеткенде, көпшіліктің көкейінде «Жайық жүйрігі» кім атанады» деген сауал тұрғаны сөзсіз. Аузымен құс тістеген ағылшын, араб тектілерден бастап, талай аламанда алдына ат шығармаған қазақы сәйгүліктер осы сайыста сыналмаққа сөреге жиналды. Жиырма төрт шақырымға созылған аламанды толық аяқтау кез-келген жануардың маңдайына жазылмаған бақ болса, алғаш болып мәре сызығын кесу – шын жүйрікке ғана тән қасиет. Қылаңы мен бараны қатар ұмтылып, құйрық тістесіп, үзеңгі қағыса шапқан дүлдүлдердің дүбірі көрермен құлағында әлі біраз уақыт сақталары сөзсіз. Ат жалына жабысқан темір тақым шабандоздарға қарап, қаны қазақ қиқуламай тұра алмады. Маңдайы жарқырап бәйтеректік шабандоз Мүслім мінген «Аймаңдай» атты тұлпар өзгелерден қара үзіп, мәреге бірінші жетіп, «Жайық жүйрігі» атанды. Теректілік шабандоз Серік Әділбек мінген «Сұлтан» екінші, тайпақтық Құбайдолла Биғазиевтің «Үміт» атты тұлпары үшінші орынды иеленді. Айта кету керек, аламан бәйгенің бас жүлдесі 1,5 млн. теңге болса, бұл жарыста алты орынға дейін жүлде тағайындалды. «Жайық жүйрігіне» тігілген жалпы жүлде қоры – 3,5 млн. теңге ақшалай және 6 бас жылқы түлігі.

Рауан ТАҢАТЖАНҰЛЫ

Суретті түсірген Нұрәлі ӘЛІМ