22.09.2019, 22:08
Қараулар: 453
Жылнамашы

Жылнамашы

Бақтығали Дінішұлы бұрынғы Чапаев ауданының Мерген ауылында 1953 жылы 19 мамырда дүниеге келіпті. Мектеп бітірген соң Орал педагогикалық институтының химия-биология факультетінің студенті  атанды. Институт қабырғасынан түлегеннен кейін жас маман талай жұмыста ысылып, мол тәжірибе жинады. Мерген орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып жұмыс жасады. 1986 жылдан Чапаев аудандық партия ко­митетінде нұсқаушы, саяси-ағарту кабинетінің меңгерушісі, «Еңбек-Труд» газетінің редакторы, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, Ақжайық аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы – еңбек биржасының, аудандық мемлекеттік мұрағаттың директоры сияқты лауазымдарда халықтың көз алдында қалтқысыз еңбек етті. Қазір зейнет демалысында. Бірақ қол қусырып қарап жатқан жоқ. Ең алдымен, бойына біткен  мол қасиеттердің бірі – кейінгі ұрпақты ізгілік, адамгершілік жолына бағыттау, жетелеу. Ал ол үшін өзіңнің білімің терең болмаса, оны өмірдің өрінде орайын келтіріп пайдалана білмесең, жастарға сөзіңнің өтуі екіталай. Сондықтан Бәкеңнің қолынан ертеңді-кеш кітап, газет түспейді. Шұқынып, оқиды, әр түрлі тақырыптарға қарай ізденеді, әлденелерді ақ қағазға жазып қояды. Қысқа қайырғанда, ақсақал жасына қарамастан, білімін ылғи толықтырып отырудан еш жалықпайды. Әріп танығаннан бері мерзімдік баспасөздерді үзбей қа­райды. Сондай-ақ кезіндегі одақтық баспалар мен қазіргі «Арыс», «Ағатай», «Атамұра», «Аруана», «Полиграфсервис» сияқты баспалардың бүгінгі сыншысы әрі тілекшісі. Сыншысы дейтін себебіміз – кітаптың безендірілуі, сыртқы мұқабасының сапасы мен тартымдылығы, мазмұнына  сәйкес­тігі Бәкеңнің назарынан тыс қалмайды. Ал екінші, жанашыр тілекші болуы – кітап қалың оқыр­манның талғамынан шығып, қолдан түспесе екен дейді. Осындай мақсат пен мұратты арқалаған жан өзі де кітап шығарумен айналысып  келеді.

Тап әріге бармай-ақ, 2002 жылдан бермен  қарай әңгімелесек те, ауданның тарихы мен адамдарын жылнамаға түсірген азаматтың айшықты бейнесі ажарлана түседі.  Сол 2002 жылдан бастап негізгі қызметіне қоса Елбасы Н. Назарбаевтың «Мәдени мұра», «Туған жер», «Сакралды Қазақстан»  т. б. бағдарламалары аясында шығармашылық жұмыстармен айналысып келеді. Яғни, бір сөзбен айтқанда, әр түрлі тақырыптарға кітап құрастырады. Ең бірінші, ауданның білім беру саласынан алып, тарихи-деректемелік «Аудан мектептері» атты кітапты дүниеге әкелді. Ол тұтастай 70 жылды қамтыды. Осы кітап аудан баспаханасынан шықса да, сауатты, кітапқа қойылатын талаптардың қай-қайсысына да жауап беретін, жұртшылықтың  жылы қабылдауымен есімізде қалды. Осыдан кейін-ақ Бақтығали Дінішұлы кітап құрастыру, деректер жинақтау, оның дәлдігін мұқияттау т. б. ізденістерден тұратын тынымсыз жұмысқа үлкен ынтамен кірісті.

2006 жылы ол Ақжайық ауданының энциклопедиясы үлгісіндегі тұңғыш «Тарихи-танымдық анықтамалығының» және осы басылымның түзетіліп, толықтырылған екінші шығарылымының авторы атанды. Бұдан әрі аудандық және облыстық мемлекеттік архив материалдары, сондай-ақ автордың жетекшілігімен аудан аумағында арнайы ұйымдастырылған өлкетану мақсатындағы экспедициялар негізінде 2008 жы­лы «Тайпақ ауданы» атауымен Тайпақ өңірінің жылнамасына қатысты тұңғыш басылым облыстық «Дастан» баспасынан жарық көрді. Кітапта Жұбан елінің 1997 жылға дейінгі тарихи, әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Жайық бойы жұртшылығының басынан өткен ауыр жылдары, қилы кезеңдер мен Кеңестік дәуірде ел үшін аянбай еңбек еткен азаматтар, қасиетті Тайпақ топырағының бай мәдени мұралары туралы құнды деректер берілген. Ол басылымды да оқырман жылы қабылдады.

2010 жылы бүкіл әлем Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өткені белгілі. Осыған орай сол кездегі аудан әкімі, бүгінде марқұм Абай Иманғалиевтың тапсырмасы бойынша «Майдангерлер» және «Боздақтар» атты тарихи-ғұмырдеректік кітаптар Орал қаласындағы «Полиграфсервис» баспасынан оқырмандарына жол тартты. Автордың бұл еңбектерінде 1941-1945 жылдары Қызыл әскер қатарында Отан қорғауға қатысқан, кейін елге оралып, өңірді өркендетуге ерен еңбегімен үлес қосқан, сондай-ақ  майдан даласында ерлікпен қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен ақжайықтықтар туралы тың деректер бір жүйеге келтіріліп, алғаш оқырманға ұсынылды. Ұлы Жеңіске үлес қосқан бірде-бір Жеңіс сарбазы, боздақтар есімі ұмыт қалмауы үшін Бақтығали Қоспаев демалыс дегенді мүлдем ұмытып, уақыттың көбін аудандық мемлекеттік архив пен әскери комиссариатта өткізді. Нәтижесінде бұрын беймәлім болып келген, тіпті ұмытылған жерлес жауынгерлердің есімдері тасқа басылып, ғұмырдеректері, ерлік жолы ұрпақтарына оралды. Әкесінің, атасының, бауырының жауынгерлік жолын, жерленген жерін осы кітаптардан алғаш көріп-білген аудан жұртшылығының, жекелеген отбасылардың аудан басшылығына, кітап авторына деген сол жылдардағы ризашылық көңілін бүгін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Тәуелсіздік шежіресі», 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Ақжайықтық Алаш арыстары»,  жастар тәрбиесіне арналған «Ақжайық өрендері» атты кітаптары біздің ауданның келбетін жұртшылыққа кең таныстырудың кемел тұсы болды. Сондай-ақ мұғалімдердің өтініші бойынша өмірге келген «Алғабас орта мектебі» атты еңбек әр тарауында бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған мектеп басшылары мен ұстаздардың, шәкірттердің өмірінен үлкен дерек берді. Ол деректер мектепте, қолда сақталған суреттермен әдемі көркемделді. Сөйтіп, аудан тарихын хаттауда үлкен еңбек жолы қалыптасып, ол барша халықтың мақтанышына айналды.

2014-2016 жылдары «Ақжайық ауданы» деген екі томдық кітап та өмірге келді. Мұнда да бұрынғы екі ауданның (Тайпақ, Чапаев) өткені мен бүгіні барынша ашылып, халықтың тұрмысы мен мәдениеті жан-жақты сарапталды. Ауданның барын бар деп, жарқырата көрсетіп, жоғын жаба тоқып, жасырмады. Соның өзінен-ақ қалың оқырманды нанымды деректермен өзіне тарта білсе, екіншіден, шындықтың тұғырын биіктете түсті. «Ақжайық ауданы» екі томдығы, шын мәнінде, тұңғыш өлкетану оқулығы десе болады. Өйткені онда туған өлкеміздің тарихы, географиясы, геологиясы, флорасы мен фаунасы, экологиясы бір-бірінен ажырағысыз біртұтас дүние боп, шежірелік желіде өрбіген. Тұңғыш рет ауданымыздағы ежелгі дүние ескерткіштері – оба, қорғандардың географиясы нақтыланып, құлпытастардағы арабша жазулар қазақ әліпбиіне көшіріліп берілді, бәрінің заманауи сипаттамасы, фотосуреттері, классификациясы қатталды. Мұнда облыстағы танымал азаматтардың да өлшеусіз еңбектері тайға таңба басқандай сипатталды.

«Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» (2015 ж.) немесе «Ақжайықтағы Алаш арыстары» (2017  ж.) атты кітаптар ауданда өткен бірнеше ғылыми-танымдық конференцияның баяндамаларынан құрастырылды. Барлық кітаптың тұсаукесері зиялы қауымның қатысуымен ұйымдастырылды. Бүгінгі таңда Бақтығали Дінішұлы Елбасының «Қазақстанның киелі жерлері», «Сакралды Қазақстан» бағдарламалары бойынша «Ауданның киелі жерлерінің географиясы» тақырыбында жұмыстануда. Осы бағытта аудан аумағына бірнеше экспедицияға шығып  келді.

Ол – Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылып жатқан ауданішілік шараларды ұйымдастырушылардың бірі. Айбынды ақынның айбарын анықтауда атқарылар жұмысқа бір кісідей атсалысып жүр. Үстел теннисінен аудандық «Ардагерлер» командасының мүшесі. Осы команда құрамында бірнеше мәрте аудандық, облыстық, бір рет республикалық сайыстарға қатысты. Сөзіміздің басында Бәкең бос уақытында кітап оқығанды ұнатады дедік. Абай өлеңдерін, қара сөздерін қайта-қайта оқып, терең ойға батады, кейде бір көңілі жабырқау тартқанда Мұқағали поэзиясына оралу, домбыра шерту – бұлжымас әдеті. Басым бөлігі әдеби һәм ғылыми кітаптар болып келетін отбасылық шағын кітапханасы бар.

Ол жұбайы, ардагер-ұстаз Меңсұлу Бисенғалиевамен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білім алды. Қыздары Маржан мен Айнат ата-ана жолын қуып, жоғары санатты ұстаздар атанды. Елге сыйлы, абырой биігінде. Немере-жиендері өсіп келеді. Өзі Ы. Алтынсарин атындағы медаль мен «Білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы атағы тағы бар. ҚР Президентінің Алғысхаттарымен марапатталды, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қазақ КСР Халық Ағарту министрлігінің, Қазақ КСР Баспа ісі, полиграфия және кітап саудасы комитетінің, ҚР Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару жөніндегі комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Қорыта айтқанда, соңғы он жылда Бақтығали Дінішұлы өлкетану тақырыбына 14 кітап шығарыпты. Аудан үшін үлкен ескерткіш десе, жарасады емес пе!

 

Тілес  ЖАЗЫҚБАЙ,

Қазақстан  Журналистер одағының  мүшесі