22.09.2019, 22:19
Қараулар: 398
Корей халқының Жаңабұлаққа қоныстануы

Корей халқының Жаңабұлаққа қоныстануы

ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында Қазақстанға түрлі ұлт өкілдері қоныс аудара бастады. Кеңес үкіметінің тоталитарлық жүйені мықтап ұстанғандығы сондай жаппай қуғын-сүргін ұйымдастырып, тұтастай халықтарды депортациялау үйреншікті саяси әдіс-тәсілге айналды. Осылайша Қазақстан ұлттаралық қатынастарды сынаудың лабораториясына айналды.

1937 жылы күштеп қоныс аудару үрдісі Қиыр Шығыстағы корей халқына келіп жетті. Корейлердің Қазақстанға қоныс аударуы КСРО Халық комиссарлар кеңесі мен БКП (б) Орталық комитетінің 1937 жылдың 21 тамызындағы бірлескен №1428-326сс «Корей халқын Қиыр Шығыстағы шекаралық аудандардан көшіру туралы» және КСРО Халық комиссарлары кеңесінің 1937 жылдың 28 қыркүйегіндегі №1647-377сс «Корей халқын Қиыр Шығыс аумағынан көшіру туралы» қаулылар негізінде жүзеге асырылды. Алғашқы қаулы бойынша корейлерді Өзбек және қазақ КСР-леріне көшіру мәселесі көрсетілсе, екінші қаулыда корейлерді Қиыр Шығыстан толықтай көшіру, соның ішінде 12 000 корей шаруашылығын Қазақстанның Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан өңірлеріне орналастыру жөнінде шешім қабылданды.

1937 жылдың қыркүйегінің аяғына қарай қоныс аударушылардың алғашқы легі қазақ даласына аяқ басты. Осы жылдың қазан айында Қазақ КСР Халық комиссрлары Кеңесі «Корей қоныс аударушыларын орналастыру және шаруашылық қамту туралы» қаулы қабылдады және осы құжат бойынша Батыс Қазақстан облысына 1800 отбасыны көшіру жөнінде ұйғарылды. Батыс Қазақстан облысына бағыт алған эшелон 1937 жылдың 25 қазанына дейін шығып қараша айында келіп жетті[98, 18-19 с.]. Жоғарғы билік тарапынан Ақжайық өңіріне көшіп келуші корейліктердің саны бірнеше мәрте нақтыланып, ақыр аяғында өлкеге 707 отбасы, 2899 адам көшіп келді. Ендігі кезекте облысқа келген корей халқын аудандарға бөлу мәселесі күн тәртібіне шықты. Нәтижесінде корейліктер Лбішін, Теректі, Бөрлі, Приурал, Тайпақ аудандарына және Орал қаласына орналастырылды. Соның ішінде Лбішін ауданына ең көп бөлігі, яғни 234 отбасы немесе 1 076 адам қоныстандырылды. Ауданның ауылдардан тұратындығын ескерсек, ендігі кезекте корейліктер түрлі елді-мекендерге бөлінді. Соның ішінде Лбішін ауданындағы қоныс аударушылар Лбішін, Кожехаров, Коловертной, Бударин, Мерген, Горячкин ауылдық кеңестерінің қарамағына жіберілді. 1938 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша корей халқы ең көп шоғырланған ауылдарға Бударин (346 адам), Коловертное (292 адам), Кожехаров (192 адам), Лбішін (135 адам) және тағы басқалары кірді.

Көріп отырғанымыздай Жаңабұлақ ауылы Батыс Қазақстан облысы бойынша ең көп корей жанұясын қабылдаған 3 елді-мекеннің қатарына кірген. 1937 жылы 3 қазанда «Родник Новый» колхозы жанындағы партия жиналысының жалпы отырысы өтіп, оған 80 адам қатысты. Жиналыстың күн тәртібінде №4 сұрақ ретінде осы корей халқының көшіп келуі мәселесі қаралды. Колхоз төрағасы П.Черторогов аудан басшылығынан түскен тапсырманы қысқаша баяндап, бұл қиын жағдайда корей халқына көмек берудің қаншалықты маңызды екендігін түсіндірді. Жиналыс қорытындысы бойынша «50 корей жанұясы «Родник Новый» колхозына қабылдансын және тұрғын үймен қамтамасыз етілсін» деген қаулы қабылданды[86, 103 п.].

Кожехаров ауылына алғашқы корей көші 1937 жылдың қараша айында келе бастады. Уақыт өте келе қоныстанушылар саны жаңадан көшіп келген адамдармен толыға түсті. 1938 жылдың басында жүргізілген санаққа сәйкес Кожехаров ауылына барлығы 162 адамнан тұратын 41 корейлік отбасы көшіп келді. Депортацияға ұшыраған осы корейліктердің ішіндегі ең жасы үлкені 87 жасар Клем Си (1851 жылғы) деген кейуана болса, ең кішкентайлары құндақта жатқан Ким Виктор (1937 ж.), Ю Оксун (1937 ж.), Лигай Зинаида (1937 ж.), Хан Сава (1937 ж.), Хон Виктор (1938 ж.) атты 5 сәби болды[99, 140-194 пп.].Орташа есеппен алғанда көшіп келген әрбір корейлік жанұяның 4 мүшесі бар еді. Осы орайда Жаңабұлақ өңіріне жалғызбасты адамдардың көшіп келгендігін ескерген жөн[100,63-64 пп.].

Қиыр Шығыстан келген корейліктердің жас ерекшеліктері де әр түрлі болды. Егер 10 жасқа дейінгі балалардың саны 40-қа жетсе, 11-20 жас аралығында 36 адам, 21-40 жас аралығында 36 адам, 40-50 жас аралығында 10 адам, 50-ден жоғары жастағылар 40 адамды құрады. Байқап отырғанымыздай қоныстанушылардың арасында орта жастағы адамдар басымдыққа ие болған.

Әлеуметтік-экономикалық жағдай.Ақжайық өлкесіне көшіп келген корей халқын көптеген қиындықтар күтіп тұрды. Біріншіден, корейліктерге жергілікті ауа-райына, табиғи жағдайларына бейімделуге тура келді. Қазақстан мен Қиыр Шығыстың географиялық орналасуының өзі әр түрлі болғандықтан климаттық жағдайлары да ерекше болатын. 1937 жылы қараша айында келе бастаған корейлер қыстың ызғары мен аязына тап болды. Екіншіден, жаңа жерге келген қоныстанушылардың баспанасы болмады. Қыс мезгілінде көшіп келген корейлер жертөлелерде, жазғы асүйлерде, қоймаларда және өзге де шаруашылық ғимараттарда тұрақтауға мәжбүр болды. Үшіншіден, Қиыр Шығыстан үдере көшкен корейліктерге өздерімен бірге тек құжаттарын, көрпе-төсегін, киім-кешегін алуға рұқсат етті. Ал үй-жайы, мал-мүлкі туған жерлерінде иесіз қала берді. Жайық өңірінің қатал қысы жылы үй-жайы, киімдері жоқ корейліктерге өте ауыр тиді.

Осындай қиын-қыстау заманда корей халқына тегі, тілі, діні бөлек қазақ халқы қол ұшын созды. Алыстан әбден титықтап келген қонақтарды ат арбаларымен келіп өз отбасыларына әкетіп жатты. Корей халқының әлі күнге айтып жүретіні де осы ұлтаралық татулық пен бауырмалдық болатын.

Кожехаров ауылының тұрғындарына да бұл кезең оңайға соққан жоқ. Өйткені ауылдағы азаматтар қуғын-сүргінге ұшырап, атылып, түрмеге қамалып кетіп жатырған кезең еді. Осыған қарамастан екі халық тату-тәтті өмір сүріп кетті.

1938 жылдың 14 ақпанында Лбішін аудандық атқару комитеті «Аса мұқтаж корей қоныстанушыларына азық-түлік ссудасын бекіту туралы» қаулы қабылдады. Оған сәйкес 14 330 кг көлеміндегі бидайды төмендегі ауылдық кеңестерде тұратын корейлерге бөлді:

1) Кожехаров ауылдық кеңесі – 89 адам – 26 ц 70 кг;

2) Мерген ауылдық кеңесі – 61 адам – 18 ц 30 кг;

3) Коловертное ауылдық кеңесі – 125 адам – 37 ц 50 кг;

4) Бударин ауылдық кеңесі – 195 адам – 48 ц 75 кг;

5) Чапаев ауылдық кеңесі – 28 адам – 8ц 40 кг;

6) Шалқар ауылдық кеңесі – 3 ц 55 кг[101,10 п.].

Бұл өз кезегінде аштықтан қиналып отырған корей отбасылары үшін едәуір көмек болды.

Көшіп келген корейлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, осы мақсатта жаңа үйлерді салу мәселесі републикалық деңгейде көтеріліп жатты. Алайда бұл мәселе ұзақ уақыт бойы өз шешімін таба алмады. Корейлердің 1937 жылы қараша айында көшіп келуіне байланысты тұрғын үй құрылысын 1938 жылы көктемде бастау жоспарланды. Алайда 1938 жылы 28 тамызда Лбішін аудандық атқару комитетінің Президиумы «Корей халқына арналған тұрғын үй құрылысының жүру барысы туралы» сұрақты талқылай келе ауданда үй құрылысының өте нашар деңгейде жүргізіліп жатырғандығын атап өтті. «Родник Новый» колхозында 62 үй салынуы тиіс болса, іс жүзінде тек 8 үйдің салынғандығы анықталды. Ал «Трудовик» колхозы жоспарланған 31 үйдің біреуін де салмаған болып шықты [102,12 п.]. Бұл үйлердің уақытында салынбауы тиісті қаражаттың мерзімінде бөлінбеуімен, құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілмеуімен байланысты болатын.

1938 жылы ақпан айында Лбішін ауданындағы корейлер Қазақстан Компартиясының Орталық комитетіне хат жазып, өлкеде күріш өсіру жөнінде бастама көтерді. Бұл бастама жоғары билік тарапынан қолдау тауып, облыстық атқару комитетіне күріш тұқымын бөлу жөнінде ерекше тапсырма берілді. 1938 жылы 27 сәуірдегі Лбішін аудандық атқару комитетінің отырысында «Корей тұрғындары орналасқан колхоздарға күріш тұқымынын бөлу туралы» мәселе қаралып, отырыстың №20 хаттамасында: «Аудандық дайындық бөлімі (РайЗО) корейлер орналасқан колхоздарға күріш тұқымын төмендегі көлемде, атап айтқанда «Ленин жолы» — 50 ц, «Родник Новый» — 20 ц, «Трудовик» — 37 ц етіп бекітсін», — деп көрсетілді[101,70 п.].

Корейлердің күріш өсіру шаруашылығына белсене кірісуі материалдық-техникалық базаны күшейтуді талап етті. Тіпті 1938 жылы 8 сәуірдегі Батыс Қазақстан облысы атқару комитетінің отырысында «Корей шаруашылығына арналған автомашиналарды колхоздарға бөлу туралы» сұрақ көтеріліп, облысқа берілген 5 жүк машинасын қажеттілікке сай бөліп беру мәселесі қаралды. Нәтижесінде 2 жүк көлігі Лбішін ауданына, 2–Теректі ауданына, 1 — Приурал ауданына бөлінді. Соның ішінде Лбішін ауданының ішінде жүк машиналары төмендегі колхоздарға берілді:

 

1) Коловерное ауылдық кеңесіне қарасты «Трудовик» колхозы. 65 корей шаруашылығын қабылдаған және 150 га алқапқа күріш егуді жоспарлап отыр;

2) Кожехаров ауылдық кеңесіне қарасты «Родник Новый» колхозы. 35 корей шаруашылығын қабылдаған және 68 га алқапқа күріш егуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар «Родник Новый» колхозында орналасқан корейлер үшін 5 соқа (брички), 2 – біржылқылық соқа, 2 – өгіз соқасы, барлығы 9 соқа бөлінді [102,57 п.].

Байқап отырғанымыздай, Кожехаров ауылына көшіп келген корейлердің саны уақыт өте келе азайды. Өйткені депортацияның кенеттен қолға алынуы, қоныс аударушыларды орналастыру мәселесінің атүсті қаралуы, материалдық-техникалық базаның дайындалмауы салдарынан Қазақ және Өзбек Кеңестік Социалистік Республикалары шын мәнісінде бұл үлкен корей мәселесін шешуде қауқарсыз болды. Соның салдарынан корейлердің облыс ішінде және одан тыс аймақтарға көшу үрдісі басталып кетті.

«Родник Новый» колхозына келген корейлер күріш егумен, бау-бақша өсірумен айналысты. 1938 жылы орташа есеппен әр гектардан 7-8 центнер көлемінде өнім алды. Бүгінде Жаңабұлақ ауылының шетінде әлі күнге дейін корей халқы еккен егістіктің орындары сақтаулы тұр. Олар салып кеткен суландыру жүйесі, суармалы арықтар өткен күннен сыр шертеді. Корейлер күріш өсіруде мол пайдаға кенелмегенімен іс жүзінде бұршақтұқымдас өсімдіктерді Ақжайық өлкесінде өсіруге болатындығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Корейлерге білім беру мәселесі.

Корейлердің Қазақстанға қоныс аударуы елдегі жаппай сауатсыздықты жою мәселесімен тұспа-тұс келді. Өйткені корейлер көшіп келместен бұрын, яғни 1937 жылдың 20 сәуірінде Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесі мен БКП (б) Өлкелік комитеті «Республикадағы сауатсыздық пен шаласауаттылықты жою жұмыстарының жағдайы туралы» қаулы қабылдаған болатын. Оған сәйкес ересектер арасындағы сауатсыздықты 1937 жылдың соңына дейін толықтай жою туралы міндет қойылды.

Корейлер Қазақстанға көшіп келген сәттен бастап қоныс аударушыларға білім беру мәселесі күн тәртібіне шықты. Қазақ КСР-і Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетіне «корейлердің арасындағы мектеп жасындағы балаларды анықтау, оларға корей және орыс тілдерінде білім беру, қажетті педагогикалық кадрлармен, оқу құралдарымен қамтамасыз етуді» тапсырды. Әсіресе корейлерді өз ана тілінде оқыту, көшіп келген корей ұстаздарының тізімін анықтау, корей тіліндегі оқулықтарды табу, оларға бөлінетін қаржы көлемін есептеу үлкен қиындықтарды туғызды.

Бұл мәселелер 1937 жылы 26 қазанда өткен Лбішін аудандық атқару комитеті отырысы күн тәртібінің №6 мәселесі  ретінде қаралды. «Корей балаларына арналған жаңа сыныптарды ашу туралы» ақпаратпен аудандық білім беру бөлімі меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Наурузова таныстырды. Жиналыс қорытындысы бойынша төмендегідей қаулы қабылданды:

1) Шұғыл түрде Мерген орыс мектебі, Горячкин, Кожехаров бастауыш мектептері, Коловертное бастауыш орта мектебінің 1-4 сыныптары жанынан бастауыш корей сыныптарын, Бударинде корей орта мектебін ашу ұйымдастырылсын;

2) Корей ұстаздарын бөлу жөнінде аудандық білім беру бөлімі ұсынған жоспар бекітілсін;

3) Корей сыныптарын қаржымен қамтамасыз ету (мұғалімдердің жалақысын қоса алғанда) үшінжасөспірімдер мектебіне бөлінетін жалақыдан үнемделген 5 400 сом, жоғары типті мектептерге бөлінген қаржыдан үнемделген 600 сом қаржы, барлығы 6 000 сом пайдаланылсын;

4) жоғары сыныптарда оқитын корей балаларын оқумен толық қамтамасыз ету мақсатында Бударин ауылында 35 адамға және Коловертноеда 15 адамға арналған интернат ашу ұйымдастырылсын;

5) Интернаттарды қажетті қаржымен қамтамасыз ету үшін облыстық атқару комитетінен қаржы сұратылсын [72,363 п.].

Көріп отырғанымыздай корей балаларына білім беру ісі шұғыл түрде ұйымдастырылды. Кожехаров ауылындағы бастауыш мектепте 1937 жылы барлығы 157 бала оқыса, оның 32-сі корей балалары болды. Лбішін ауданы бойынша корей балалары үшін сабақтар негізінен 1937 жылдың желтоқсан айында басталды. Оқушылар бала санының көптігіне, парталардың, оқу құралдарының жетіспеуіне байланысты 2-3 ауысыммен оқуға мәжбүр болды[103,121 п.].

Уақыт өте келе мектептердегі сынып жетіспеушілігі мәселесі анық сезілді. 1938 жылдың 14-17 мамырында Батыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің Президиумы «Қоныстануға байланысты мектеп желісін кеңейту туралы» қаулы қабылдады. Коловертное ауылында 160 орындық бастауыш мектеп салу, Кожехаров мектебіне 40 орындық 1 бөлме, Бударин мектебіне 80 орындық 2 бөлме жалғап салу жоспарланды[104,78 п.]. Тез қарқынмен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде осы жылы Коловертное ауылында 160 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Білім беру ісін ұйымдастыруда корей ұстаздары ерекше еңбек сіңірді. Орал өңіріне қоныс аударылған 85 ұстаздың 21-і Лбішін ауданында жұмыс жасауға міндетті болды. Олардың ішінде 12 мұғалім Бударинге, 2 мұғалім Коловертноеға, 2 мұғалім Антоновқа, 1 мұғалім Кожехаровқа және қалғандары өзге ауылдарға қызметке жіберілді. Кожехаров ауылына Хан Анна есімді мұғалім бөлінді. Оның білімі туралы мәліметте «бір жылдық педагогикалық курстан өткен» (годичные педкурсы) деп жазылған[105,56 п.]. Аталмыш ұстаз қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, корей тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруда жанкештілікпен қызмет етті.

Корей халқы Жаңабұлақ өңіріне көшіп келгеннен кейін де көші-қон үрдісін жалғастырды. 1940 жылы Кожехаров ауылында 41 отбасынан тек 25 отбасы ғана қалды. Атап айтқанда, Шегай Василий (3 адам), Ким Сен Чук (6 адам), Ким Ильбе (4 адам), Юн Менок (5 адам), Пак Тин Хек (7 адам), Ю Ванги (6 адам), Хан Де Ю (6 адам), Хан Петр (4 адам), Сим Тен Сек (2 адам), Ли Хак По (4 адам), Ким Ил Лем (1 адам), Хон Пон Сек (8 адам), Хегай Кандор (2 адам), Цой Черонь (6 адам), Цой Ин Су (2 адам), Хан Федор (7 адам), Хан Константин (5 адам), Ким Ольга (2 адам), Хан Ен Чан (4 адам), Ли Хон Се (6 адам), Лигай Василий (4 адам), Нам Вонгир (1 адам), Тен Чагык Де-ик (4 адам), Пак Фир Кун (3 адам), Ли Владимирдің (7 адам)        отбасылары, барлығы 109 адам өмір сүріп жатты.

Кожехаров ауылындағы корей халқы санының азаюы, біріншіден, тұрғын үй мәселесінің шешілмеуімен байланысты болды. 1939 жылы тек 11 отбасының ғана жеке баспанасы болды. Батыс Қазақстан облыстық және Лбішін аудандық атқару комитеттерінде корейлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бірнеше рет қаралғанымен іс жүзінде толықтай шешімін таппады. Екіншіден, корей халқы дәстүрлі күріш шаруашылығын Жаңабұлақ өңірінде дамыта алмады. Ауа райының, топырағының қолайсыздығы қажетті өнім алуға мүмкіндік бермеді. Сондықтан ауылға тұрақтаған корейлердің басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарына, аз ғана бөлігі Түркменстанға, Өзбекстанның Ташкент, Самарқан қалаларына көшіп кетті[106, 44 п.]. Бұл жерлерде күріш шаруашылығы жақсы дамыған болатын.Үшіншіден, күштеп қоныс аударылған корейліктер жаппай «Родник Новый»колхозының қатарына қабалданғанымен іс жүзінде оларды тұрақты жұмыспен қамтуда қиындықтар туындады. Сондықтан корейлердің тағы бір бөлігі көршілес Гурьев облысына, сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының Зеленов, Тасқала аудандарына көшіп кетті.

Дегенмен өз еріктерінен тыс туған өлкесі Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылған корейлер қазақ жерінде мәңгілік мекен тапты. Әсіресе Жаңабұлақ ауылына қоныстандырылған корейлер қазақ халқының ыстық мейірімі мен ерекше ілтипатына бөленді. Екі халық арасында қандай да бір алауыздық пен ұлтаралық қақтығыстар ешқашан туындаған емес. Керісінше екі халық арасындағы достық беки түскен болатын. Бұл туралы 13 жасында Жаңабұлақ өңіріне қоныс аударған корейлік Тян Нина былайша еске алады: «Біз Кожехаров ауылына қоныс аударғанда қазақ халқы ерекше қонақжайлылықпен қарсы алды. Қолындағы бір тілім нанын бөліп беріп, үйлерін паналатты. 1938-1940 жылдары Орал қаласына жаяу жолға шығып 1 апта дегенде әзер жететінбіз. Жолшыбай елді-мекендерге тоқтағанда қазақ жанұялары тамағын беріп, үйлеріне қондыратын еді. Осындай қонақжайлылықтың арқасында діттеген жерімізге аман-есен жетіп жүрдік».

Қиын-қыстау кезеңде бірқатар корейліктер Жаңабұлақ жерінде дүниеден өтсе [107, 59 п.],өзге жанұялар балалы-шағалы болып жатты[108, 21 п.].Қазақ-корей халықтары арасындағы бауырмалдылық қарым-қатынас Ұлы Отан соғысы жылдарында және одан кейінгі кезеңдерде жалғасын тапты. Жаңабұлақ ауылындағы соңғы корей жанұялары 1949 жылы көшіп кетті.

Тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатовтың «Жаңабұлақ тарихы» монографиясынан