22.09.2019, 22:35
Қараулар: 149
ЖАСТАРДЫ БИЗНЕСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖОБА

ЖАСТАРДЫ БИЗНЕСКЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЖОБА

Елімізде жастардың тың идеяларын қолдау мақсатында ауқымды жобалар атқарылуда. Соның бірі жастарға, әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды қолдауға бағытталған «Zhas Project» жобасы жайында газетіміздің өткен сандарында бірнеше мәрте жарияланған болатын.

Жастардың идеясы мықты, жоспары сақадай-сай болғанмен, қаржы қолбайлау болса, кәсіпкерлік әлеміне еркін ену мүмкін емес. Ал «Zhas Project» жобасы бастамашыл жастарға қаржылай қолдау жасап, жеңімпаздарға 1000000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаражат берді. Бүгін ауданымыз бойынша жеңімпаз атанған жобалардың бірқатарының жұмысы туралы баяндамақпыз.

Қатауияның ұлдары

Тимур мен Есет – қурайлысайлық ағайынды жігіттер. Ауданымыздың өнерсүйер қауымына Тимурдың есімі етене таныс. Бала кезінен сурет, қолөнерге ептілігі бар ол мектеп бітірген соң ұлтық қолданбалы өнер – зергерлік мамандығына оқып алады. Жоғары оқу орнын тәмамдап, аудандық балалар шығармашылығы орталығынан жас зергерлер үйірмесін ашты. Тимур тәрбиелеген талабы зор шәкірттер республикалық, халықаралық байқауларда топ жарғаны көпке мәлім. Айталық, Аслан Өтеген халықаралық дельфий ойындарында жүлдегер атанды.

Әрине, ұстаз болу, ұрпақ тәрбиесіне араласу – ізгі іс. Әйткенмен, Тимур өзін шығармашылық тұрғыда тоқталыста тұрғандай сезінді. Зергерлік саласында өз ісін бастап, сұранысқа ие кәсіпті бастауды жөн көрді. Осылайша «Zhas project» жобасына өзінің бизнес-идеясын ұсынды. Бақ тауып қонады емес пе, зайыбы Айымгүл, досы Данил үшеуі бірігіп, «Зейнеп» деп атаған зергерлік бұйымдарды жөндеу шеберханасы іріктеуден өтіп, 1 млн теңгенің грант иегері атанды. Бүгінде металды тегістейтін, тазалайтын, өңдейтін құралдарды сатып алып, ауыл үлкендерінің зергерлік бұйымдарын жөндеп, тегін қызметін ұсынуда.

Ал Есет болса, аталмыш жоба аясында жылжымалы 3d кинотеатр ашты. Ол ата-әже, аға-апалардан «Беу, баяғыда ауылдағы клубқа кино көруге баратын едік» деген сағынышқа толы естеліктерін жиі еститін еді. Ал қазір ауылда мәдениет үйі болғанымен, кино көрсетуге жағдай жасалмаған. Осыны ескерген жас елді мекендегі бүлдіршіндер мен ересектерге заманауи 3D форматында киноларды көрсетуді мақсат етіп, жоба қаражатына сапалы проектор, лайықты көзілдіріктер сатып алады. «Мен ес білгелі біздің ауылда кинотеатр болған жоқ. Сондықтан облыс орталығына жол түсе қалса, ата-ана балаларын ертіп, үлкен экраннан кино көруге барады», — дейді Есет. Ал қазір ауылдың балдырғандары Есет ағасының қашан кино көрсеткенін асыға күтіп жүреді. Айта кету керек, Есет құрған топ өздерінің кинотеатрында «Қошқар мен теке», «Мұзбалақ», «Қажымұқан», «Қазығұрт», «Отырарды қорғау» сынды мультфильмдерді бүлдіршіндерге көрсетіп, отандық өнерге ортақтастыруда.

Ағайынды жігіттер өз жобаларында нарықтық сұранысты да назарға алғанын айтады. Әлеуметтік жобаны кәсіпкерлік негізде жалғастыруды жоспарлауда.

Абысын тату болса…

Аталмыш жоба бойынша бизнес жоспарларын  ұсынып, грант ұтып алғандардың қатарында базаршоландық абысынды-келінді Жансұлу Бекбаева мен Назерке Кереева де бар. Қаржының тең жартысын  иеленген олар «Рахмет» дөңгелек жөндеу орталығын ашқан болатын. Берілген қаржыға шиномонтаж станогін, компрессор, домкрат, т.б құрал-саймандар сатып алып, қызу іске кіріскен олар 6 айда жиырма отбасын қамтуды жоспарласа, бар болғаны 3 айдың ішінде 16 отбасына қызмет көрсетіп үлгерді. Көмекші ауыл азаматы Қорғанов Ардақ  негізгі көтерме жұмыстың басы-қасынан табылып келеді.

«Рахмет» дөңгелек жөндеу орталығы – негізінен отбасылық бастама. Шаңырақ  иелері Орынбасар мен Света жанұяның алтын діңгегі. Екеуі де зейнет жасында. Аналары —  бар саналы ғұмырын медицинаға арнаса, аталары Орынбасар кеңшарда үздік механизатор атанған. Отағасының тәжірибесі ұлдары Дархан, Дастан, Дәуренге үлгі болып, темірден түйін түйген әкелі-балалы отбасы шаруаны дөңгелетіп отыр. Абзал ана Светаның ақыл- кеңесін медет тұтқан келіндері Нұрзада, Жансұлу, Назерке бір шаңырақ астындағы тату-тәтті жандар. Әдетте ер азаматтар айналысатын қызметке араласқан Жансұлу мен Назеркені барлық үйелмені қолдап отыр.

Тайпақтағы фитнес-орталық

Әрине, әрбір адам тәнінің саулығын қамдап, ғұмырының ұзақ болуын қалайды. Ол үшін дұрыс тамақтанып, спортты жанына серік ету керектігін де біледі. Әйткенмен, салауатты өмір салтын ұстануды күнделікті дағдыға айналдырғандар некен саяқ. «Zhas Project» жобасы аясында грант ұтып алған тайпақтық Тоқжан Момышева ауылдастарының салауатты өмір салтын ұстануына үлес қосу арқылы туған мекенінің әлеуметтік тынысына үлес қоссам деген жоспарын іске асырғанына қуанышты.

«Бұрындары шетелдегі кинолардан бір қолында бутерброд, екіншісінде кола ұстап, жеп-ішіп тұрған толық адамдарды көретінбіз. Қазір осындай көріністі біздің ауылдан да көруге болады. Ал артық салмақтан тек қана дұрыс тамақтану және спорттың көмегімен арылуға болады», — дейді Тоқжан.

Ел саулығын еселеуге қызмет ететін орталық ашу үшін жас келіншек көп ізденді, қажет құралдардың ең тиімдісін таңдап алуға тырысты. Бірінші түскен қаражатқа жүгіру жолын, эллиптикалық тренажер, бұлшық еттерді қатайтатын спорт жабдықтары, велотренажер, батут, гимнастикалық доптар, шеңберлер, гір тастарын, денсаулық дискін, өзге де құрылғыларщды сатып алды. Жергілікті әкімдіктің келісімімен ауылда бос тұрған ғимаратты жалдап, өз жерлестеріне тегін қызметтерін ұсынуда. Тоқжанмен бірге осында оның замандас құрбылары Айымгүл Еділбаева және Бақтыгүл Ғабдуалиева жұмыс істейді.

Орталықтың қызметі тұрғындар, әсіресе, артық салмақтан арыла алмай жүрген отаналары, тіпті зейнеткер әжелер арасында да сұранысқа ие. Адамдардың көптігі сонша, қыздар орталыққа арнайы жұмыс кестесі бойынша қабылдауда. Тоқжанның тобы тек қана финтес-орталықтың қызметін үйлестіріп қана қоймай, ауылдың мәдени-спорттық тірлігіне де өз үлестерін қосып жүр. Айталық, олар жүлде тағайындап, оқушылар арасында дойбы, теннистен жарыстар ұйымдастырды.

Тоқжан – ізденімпаз жан. Тек фитнес-орталық ашып, спортпен айналысқысы келетіндерді қабылдаумен шектелмейді. Болашақта саламатты өмір салтын ұстанудың қағидаларын меңгеріп, әр жастағы әйелдердің артық салмақтан арылуының жолдарын зерттеп, жеке фитнес-тренер болуды армандайды. Сол кезде осы орталықта зумба биі, аэробика, йогамен айналысуға толық жағдай жасар едім, — дейді ол.

Арманы жоқ адам қанаты жоқ құспен тең, алғыр Тоқжанның армандаған межесіне қол жеткізіп, ірі қалалардағыдай фитнес-орталықта денсаулығын нығайта аларына Тайпақтың тұрғындары кәміл сенеді.

Құрғақ саумал өндірмек

Дәмдік, әрі шипалық қасиеті ерекше бие сүті мен одан жасалатын өнімдерді адамдар ежелден біледі. Ойлап қараңызшы, бар-жоғы 500 мл бие сүті ағзаның С дәруменіне бір күндік қажеттілігін қамтамасыз етеді екен. Сондықтан тайпақтық Нұрбол Оразғалиев «Zhas Project» жобасына саумал өндіру ісімен қатысады.

— Сауылғаннан кейін саумал өзінің емдік қасиетін тек екі сағат қана сақтайды, яғни тек осы уақытта бие сүті түрлі дертке шипа бола алады. Қала менен аудан орталығында болмаса, ауылдарда саумал сауумен айналысатын шаруашылықтар жоқтың қасы. Дімкәс адамның шетқары жерге күнделікті барып, саумалмен сауығуға мүмкіндігі болмайтыны әуел бастан анық. Менің жобам бойынша ауылдағы кембағал жандар тегін саумал ішіп, денсаулығын нығайта алады, — дейді кейіпкер.

Алғашқы қаражатқа құлынды бие сатып алған ол достары Қайыржан және Русланмен бірігіп үлкен жұмыс атқарды. Үш айдың ішінде ауылдағы көпбалалы, аз қамтылған отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар санатындағы 25 адам «Жайлау» жобасы өнімдерінің дәмін татып көрді.

Саумал өндіру айтуға оңай болғанымен, жеңіл шаруа емес. Халқымызда «бие сауым уақыт» деген уақыт мөлшері бар. Биелер таңертеңнен бастап әр екі сағатта бір сауылады. Әдетте биеден 400 миллиграмнан  бір литрге дейін саумал алынады. Биенің күтімі, тиісті уақыттан асырмай сауып алып, оны тез арада адамдарға жеткізу бар, әйтеуір шаруа шаш етектен. Осының бәрін үйлестіріп, халықтың алғысына бөленіп жүрген Нұрболдың діттеген мақсаты зор. Ол жоба аяқталған соң шетелден саумалды ұнтаққа айналдыратын арнайы аппарат сатып алып, құрғақ саумал өндірмекші. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, жас кәсіпкер осы ойын жүзеге асырса, ана сүтін алмастыра алатын дәруменге мол құрғақ саумалдың, бастысы, қазақстандық жаңа өнімнің тұтынушылардың арасында сұранысқа ие болары анық.

Әлия ШАРАПИЕВА,

«Жайық таңы»