22.09.2019, 22:39
Қараулар: 395
Сәби күлкі смартфонға жұтылмасын

Сәби күлкі смартфонға жұтылмасын

Терезеден «темір перде» сырғып түсіп, Кеңес Одағы ыдырап, ТМД боп жатқан тұста, көпшілік көрмеген тұрмыстық техникалар алдымен көгілдір экранда содан соң дүкен сөрелерінде қаптап кетті. Панасоник, Голд Стар деген сауда маркалары сол кездің «зиялылырының» ғана төрінің көркі еді. Қарапайым телефонның өзі тапшы болған кезде ұялы телефон ұстаған адам жаһандағы жетістік атаулыны жетегіне алғандай елестейтін. Бүгінде жағдай басқа. Жиырма жыл бұрынғың жәдігерге айналып жатқан технологиялар үдерісінде, кезіндегі сән эталонына баланған «сотовый» қарапайым байланыс құралына айналып шыға келді. Әлемдік брендке айналған гаджеттер кез-келген баланың қолында жүр.  Бүгінгі мақаламыз да санамызды жаулап алған смартфонның балалардың тұлғалық қалыптасуына тигізетін кері әсері төңірегінде болмақ.

Балаға гаджет сыйлау бәсеке ме?

Секундына сан мыңдаған ақпарат алмасып жатқан біздің дәуірде адам өмірін гаджетсіз елестету мүмкін емес. Қажеттілік тарапынан қарасаң керек мағлұматты әп-сәтте алуға таптырмас құрылғы. Алайда ақпараттың барлығы бірдей адам санасына пайдалы емес екенін ескерсек, балаларымыздың смартфон, планшет ұстау тәртібін қадағалайтын уақыт әлдеқашан жеткенін түсінеміз. Біз болсақ, бүлдіршіндердің туған күніне гаджет сыйлауды сәнге айналдырып барамыз. Смартфон қолдану заман талабы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Осы құдіретті құрылғы арқылы балаңыздың қай жерде жүргенін де қадағалап отыруға болады. Алайда баламыздың мектептен тыс уақыты телефонға телмірумен өтіп жатқаны көп жағдайда бізді тіпті алаңдатпайды да. Алаңдатқан күннің өзінде, «әйтеуір үйден алыс кетпесе болды» деп, бөлмесіне вайфай орнатып, жеткіншектерді жіпсіз байлап қойдық. Бүгінгі таңда әлемді алаңдатып тұрған бұл мәселе төңірегінде біздің мамандар не дейді? Осы орайда М.Әуезов атындағы ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлбадан Шамеловамен тілдестік.

Ұялы байланыс құрылғылары жалпыға бірдей қолжетімді болғалы, мектеп қабырғасында үлкен проблемаға айналды. Өз тарапымыздан ата-аналар мен сынып жетекшілер арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың ұялы телефонды тек байланыс құралы ретінде пайдалануы төңірегінде кеңес беріп келеміз. Жасыратыны жоқ, қазіргі қолданыстағы смартфондардың балаға тигізетін пайдасынан зияны көп. Көз, құлақ арқылы кіріп, сананы улағанын былай қойғанда, бүлдіршіндеріміздің барлық бос уақытын ұрлау арқылы, денсаулықтарына да орны толмас зардап әкелуде. Осы мәселе мектеп жарғысына енгізіліп, ата-ана, мектеп және оқушы арасында үш жақты келісімге де қол қойылды, балаларға сабақ уақытында ұялы телефон ұстауға тыйым саламыз. Тек жоғары сынып оқушылары ғана ұстаздарының бақылауымен кей сабақтарда қажеттілік үшін пайдаланады. Мектеп ұжымы қанша дабыл қаққанымен,  балаларының қалта телефонын қадағалауда кей ата-аналар тарапынан салғырттық бар. Буыны бекіп, өмірге деген көзқарасы әлі қалыптасып болмаған балаларға смартфонды сыйға тарту болашағына балта шабумен пара-пар. Тіпті төменгі сынып оқушыларына байланыс құралы ретінде ғаламтор желісіне кіре алмайтын қарапайым телефон алып беру керектігін айтып, жоғарғы сынып оқушыларының ұялы байланысына ата-аналық бақылау сынды бағдарламалар орнату арқылы, бейсауат сайттарға кіруін қадағалау төңірегінде де үлкендерге түсіндіріп келеміз, — дейді ұстаз.

Тілі шұбар, көзі нұрсыз болашақ

Балаларымыздың виртуалды әлемге бойлап бара жатқандығы сонша, кей кезде біз түсінбейтін терминдерді бестегі бүлдіршіндер былдырлап айтып жүреді. Осы турасында маман пікірі мынадай: «Бізге жүктелген жауапкершіліктің салмағы жеңіл емес, алайда баланың бос уақытының көбі өз ауласында өтетіндіктен ата-ананың жіті қадағалауын қажет етеді. Жанұяда ешкім жат тілде сөйлемесе де, бүлдіршіннің тілі орыс тілінде шығып жататын жайттар аз емес. Яғни, қабырғаға ілінген смарт телевизордан бастап, қолдағы қалта телефоннан қарап отырған мульфильмдердің дені өзге тілде. Үйдегі бүлдіршінмен ата-әже әңгімелеспеген соң, балалар бағдарламалар арқылы еркінен тыс орысша үйренуге мәжбүр. Баламыздың алғашқы сөзін ана тілінде емес, өзге тілде айтуы ұлт болашағы үшін үлкен қасірет. Бұл мәселеге болмашы нәрсе ретінде қарауға болмайды, — деп қынжылады Гүлбадан Оразайқызы.

Жасыратыны жоқ, күнұзақ телефонға телмірген балалардың жанарының нұры суалып, қоршаған ортаға еш қызығушылықсыз көз тастайтынын байқаймыз. Бір-бірімен алыса ойнап, дене бітімі жетілетін уақытта күні-түні экранға емінген баланың болашағы да бұлыңғырлау елестейді. Бала тәрбиесіне тек материалдық көзқараспен қарап, рухани тұрғыдан тізгінді босатып алсақ, ел ертеңін ойлағандығымыз кәне?!

Психолог пікірі

Әңгіме ауаны бала болашағы төңірегінде өрбігесін, психологтың кеңесіне де жүгіндік. Аудандық аурухана психологы Толқын Мурсалимова: «Қазіргі техника дәуірінде адамның күнделікті өмірі ұялы телефонмен өтетіні рас. Заман талабына сай ұялы телефонды еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қолданып жүр. Бүгінде біз телефонның бала денсаулығына, психикасына  және ортасына қаншалықты кері әсері бар екенін біле тұра, көз жұма қарайтынымыз өкінішті-ақ. Әсіресе оқушылардың  ұялы телефонға, әлеуметтік желілерге  қызығушылығы ерекше. Жалпы, зерттеу нәтижелері бойынша желіде көп отыратын  баланың санасы уланып, психикалық ауытқу көрсеткіші  байқалады және оның сабақ оқуға құлқы болмай уақытын босқа өткізеді. Ал телефоннан бөлінетін сәуленің есте сақтау және көру қабілетіне зиян келтіріліп, бас ауруы мен ұйқысыздыққа шалдықтыратынын біріміз білсек, біріміз білмеуіміз де мүмкін. Бұл байланыс тәсілінің  пайдалы жақтарыда аз емес жылдам ақпарат алмасып, құжаттарды тез арада жер бетінің кез келген нүктесіне жеткізе аласыз. Сондықтан оған ақпарат құралы ретінде қарап, саяз ойдың жетегінде  кетпей, желілік байланыс құралын дұрыс мақсатта пайдалана білгеніміз жөн», дейді.

Фаббинг жайлы не білеміз?

2012 жылдан бері австралия ғалымдары телефонға тәуелділікті фаббинг деп атаған жаңа ғасырдың «жаңа ауруы» пайда болды. Ал бұл ауруға шалдыққан адамды фаббер дейді. Яғни, балаңыз сізбен тілдесу барысында қайта-қайта үңіліп, қолындағы гаджеттен ажырай алмаса, тіпті тамақ ішіп отырғанда не болмаса отбасылық демалыс кездерінде жылт еткен хабарлама үшін әлсін-әлсін телефонына жармасса, аталмыш аурумен бетпе-бет келдім дей берсеңіз болады. Жас талғамайтын бұл дерттің тек балаға емес, үлкендерге де қатысты екенін ұмытпаған абзал. Бұл туралы сайт беттері мен ғаламтор желісінде қанша ақпарат тарағанмен, әлемдік ғалымдар жасаған статистика бойынша Қазақстан көш бастаған елдер қатарынан табылмады. Алайда кез-келген дамушы елге заманауи технологиялардың кешеуілдеп келетініндей, олардан тарайтын «дерт» те бізге енді жеткен секілді. Балалар ойын алаңының тұсынан өткен кезде бір-біріне басын түйістіріп, шеңбер құрып отыратын жеткіншектер «жаңа кеселдің» жетегіне түскендей көрінеді. Тіпті сәлем беруге мұршалары келмей, мұрынды бір тартып қойып, көзін алса, қолдағы смартфон ғайып болардай күйде жайбарақат отыра беретіндерін қайтерсіз.

Алла ауруды жаратқанда шипасын бірге жіберетініндей, бұл дерттің де бірден-бір емі – баланы телефон құрсауынан босату. Бүлдіршіндерімізді  ғаламторға шырмалтпай, бос уақыттарында ата-ана ретінде әке ұлмен, шеше қызбен әңгіме-дүкен құрып, отбасылық жылылықты уыстан шығармауы керек. Ешкімге жасырын емес, қазіргі той-томалақтан бастап, қарапайым отбасылық дастархан басындағы басты назар қолдағы телефонда. Айналамызда болып жатқан қызықтың бәрін көзімізбен емес, смартфон камерасы арқылы, экраннан тамашалаймыз. Бұл әрине жұрттың бәрі жазылмас дертке шалдықты деуге келмес, дегенмен алған әсерді әңгімесіз тікелей бейне немесе фото айғақпен жеткізу арқылы тілдік қордан айырылу секілді көрінеді. Яғни, қолымызға гаджет тигелі бетпе-бет жүздесіп, шүйіркелесу де сәннен қалғандай. Не қызық көрсек те, жалпы ортаға ғаламтор арқылы бөлісе саламыз. Аға буын әлеуметтік желіге әуейі болып, телефонға телмірсе, балаға бірдеңе айту да ыңғайсыз. Бүйте берсек, алған әсерімізді ой елегінен өткізіп, артығын алып, жетпейтінін қосып тұрып, сұхбат құратын кезді де сағынатын күн алыс емес-ау деген қорқынышты ой санамызда қылаң береді. Сондықтан өскелең ұрпақ салауатты өмір сүрсін десек, смартфонды қажеттілікке ғана пайдаланып, бос уақытымызды балаларымыз бен отбасымызға бөлейік. Әйтпесе, аңдыған алмай тынбайтыны секілді, әдемі экран артында ұлт пен ұрпақ болмысын бір күнде жоюға бағытталған жоспар жатпасына кім кепіл?

Рауан Сатыбалдиев

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар