22.09.2019, 22:50
Қараулар: 414
Жолың болсын, жас сарбаз!

Жолың болсын, жас сарбаз!

Бүгін аудан орталығындағы саябағында қыркүйек айында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанатын бір топ өренді әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салу шарасы өтті. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің ұйымдастыруымен өткен жиынға аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев, ата-аналар, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, мектеп оқушылары қатысты. Алдымен әскерге шақырушылар мен оқушылар сапқа тұрғызылып, Әнұран ойналды.

–Құрметті жиналған қауым, ата-аналар, әскер қатарына шақырушылар, бүгін баршамыз үшін маңызды күн. Ел үмітін арқалаған өрендеріміз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатыр. Жерлестерге ақ жол тілеймін! Бүгінде қорғаныс саласы айтарлықтай дамыды. Ел сенім арқан ер жігіттерді бабадан қалған байтақ даламызды қас қақпастан қорғауға шақырамын,-деді Т. А. Ғабдушев.

Осында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Дархан Қалимеденов, ауған соғысының ардагері Жанболат Құлмағамбетов, басқа да Қарулы Күштер ардагерлері ізбасарларына ақ тілегін арнады. Ата-бабадан қалған ұланғайыр атырапты қорғауды, еліміздің тыныштығын күзетуді аманаттап тапсырды.

Шара барысында әскерге аттанушыларға естелік сыйлықтар табысталып, мәдениет қызметкерлері өнер көрсетті.

Дархан Қалимеденовтың айтуынша, 2019 жылы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Аудан бойынша аталмыш бөлімде жалпы әскерге шақырушылардың саны 1453 адам. Биыл күзге  БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тапсырмасына сәйкес ҚР ҚК, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға ауданнан 76 адам сұралған. Жоспар бойынша аудандық медициналық комиссияға 352 жас шақыртылған. Соның 242-сі шақыру комиссиясына келген. Қалғаны құзырлы органдардың көмегімен іздестірілуде. Осы 242-нің 42-сі әскер қатарына жарамдылар. Оқуын жалғастыруға байланысты 96, отбасы жағдайына байланысты 13, ауылдық жерде ұстаздық еткені үшін 2, денсаулығына байланысты медициналық тексеріске жіберілген 37 адам аудандық шақыру комиссиясының шешімі бойынша шақырудан уақытша босатылды. Әзірге облыстық медициналық комиссиядан өткен 40 жігіт әскерге жарамды. Олар кезең кезеңмен жыл соңына дейін әскерге аттанады.

Айта кетейік, Ақжайық аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша облыста көш бастап тұр.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар